• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым 27 Мамыр, 2026

Нейтрондық зерттеулердің әлеуеті артады

Алматыда «Лауэ-Ланжевен институтының зерттеу реакторы және нейтрондық қондырғылар: Қазақстан Республикасының ғылыми және өнеркәсіптік секторларындағы зерттеулер үшін халықаралық мүмкіндіктері» тақырыбында семинар өтті. Семинарды Атом энергиясы жөніндегі агенттік, Ұлттық ғылым академиясы, Ядролық физика институты және Лауэ–Ланжевен институты (ILL) ұйымдастырды, деп жазады Egemen.kz.

Семинарды өткізудегі мақсат еліміздің ILL қызметіне қатысу келешегін және халықаралық зерттеу бағдарламасына қосылуына қатысты жоспар құрумен байланысты.

Нейтрондық зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, заманауи ғылыми инфрақұрылымды іргелі және қолданбалы міндеттерді шешуге тиімді пайдалану, сондай-ақ Ядролық физика институты мен Лауэ–Ланжевен институты арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту келешегі Қазақстан мен Франция делегациялары арасындағы Гренобль қаласында (Франция) биыл жыл басында өткен кездесуде талқыланған болатын.

Семинарда Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Тимур Жантикин ILL-мен ынтымақтастық еліміздің өнеркәсіп саласы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтсе, ҰҒА вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев мамандарды бірлесіп даярлаудың маңызына тоқталды.

Лауэ–Ланжевен институтының бас директоры Кен Андерсен нейтрондық зерттеулердегі мүмкіндіктер туралы баяндама жасады.

Лауэ–Ланжевен институты – ILL нейтрондық ғылым мен техника саласында көшбасшы саналады. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар келіп, зерттеулер жасайды. Зерттеулердің шамамен 20 пайызы өнеркәсіп саласында қолдануға бағытталған. Қазіргі кезде ILL-де  әлемдегі ең қуатты нейтрон ағындарының бірін қамтамасыз ететін 40-қа жуық бірегей ғылыми қондырғы жұмыс істейді. Институт жыл сайын 40-тан астам елден шамамен мыңнан астам ғалымды қабылдап, халықаралық эксперименттер жасайды. Ендігі кезекте осы институтпен ықпалдастықтың жалғасуы тың ғалымдары үшін зерттеулер жасауға мүмкіндік береді.

«Лауэ–Ланжевен институтымен Ядролық физика институтының ықпалдастығы 2016 жылы басталған болатын. Ендігі кезекте Атом энергиясы жөніндегі агенттікпен меморандум жасалғаннан кейін еліміз осы орталыққа 16-шы мемлекет болып қатысқалы отыр. Мұндай ғылыми бағдарламаларға қатысу ғылым, медицина, энергетика және экологиялық қауіпсіздік салаларындағы озық технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Отандық ғылыми қауымдастық үшін бұл ынтымақтастық іргелі физика, баяу нейтрондар физикасы, материалтану, инженерлік зерттеулер, өнеркәсіптік диагностика, кадрлар даярлау және заманауи зерттеу инфрақұрылымын дамыту саласында жаңа мүмкіндіктер ашады. Орталықта ядролық физика, жаңа материалдар, медицина, энергетика және жоғары технологиялар саласындағы болашақты айқындайтын зерттеулер жүргізіледі. Еліміздің ғалымдары бұған дейін де халықаралық ғылыми топтар құрамында және еуропалық әріптестерімен бірлесе отырып, іргелі физика және баяу нейтрондар физикасы бойынша зерттеу жұмыстарына белсенді атсалысты. Бұл тәжірибе отандық зерттеушілердің нейтрондық ғылым саласындағы жоғары әлеуетін дәлелдеп, мықты ғылыми база мен кәсіби байланыстардың қалыптасуына негіз болды», деді Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев.

Қазіргі таңда еліміз ғылымын дамытудың басым бағыттарының бірі – жекелеген халықаралық эксперименттерге қатысумен шектелмей, жүйелі әрі дербес ғылыми бағыт қалыптастыру болып саналады. Яғни, еуропалық серіктестермен бірлесіп те, отандық ғалымдардың күшімен де толыққанды эксперименттерді әзірлеп, іске асыру мүмкіндігі зор. Мұндай қадам еліміз үшін халықаралық жобаларға қатысуға, сонымен қатар ғылыми міндеттерді өз бетінше айқындауға, эксперименттік өтінімдер беруге, деректерді талдауға және алынған нәтижелерді әлемдік деңгейде ұсынуға, кадрлар даярлауға  мүмкіндік береді.

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар