Ұлытау облысы, Жаңаарқа аудандық мәдени-сауық орталығында Ақмарал Әлтаева атындағы I республикалық «Арқа аруы – 2026» сұлулық байқауы өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай өткен байқаудың мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ қыздарының өнері мен білімін, мәдениеті мен сұлулығын насихаттау, деп жазады Egemen.kz.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген арулар қатысып, өздерінің шығармашылық қабілетін, сахна мәдениетін және ұлттық өнерге деген қызығушылығын көрсетті.
Шараға Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев, Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев, аудандық мәслихат төрағасы Юржан Бекқожин, Мәжіліс депутаттары Аманжол Әлтай мен Қазыбек Әлішев қатысты.
Сонымен қатар байқаудың құрметті қонақтары мен қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат Айтбаев пен Света Айтбаева, тележүргізуші Динара Сәтжан, ақын Қалқаман Сарин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сержан Мұсайын, кәсіпкер Меруерт Ыбышева болды.
Байқауға Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосынов, Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешева, айтыскер ақындар Жұлдыз Қожабекова мен Өміржан Көпбосынов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов, кәсіпкерлер Мейрам Айдаболов пен Алмаз Жақаев, Амандос Мұқанов, «Айгүл» зергерлік салонының иесі Айгүл Мұқанова, Қалқаш Ержанов және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Осы тағылымы мол шарада қазақ кино өнерінде аты аңызға айналған, «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек рөлін ойнап, халықтың ыстық сүйіспеншілігіне бөленген Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешованы Жаңаарқа жұртшылығы айрықша құрметпен қарсы алды. Ұлттық дәстүрді ұстанған Арқа жұртшылығы ардақты өнер иесіне ақ боз ат мінгізіп, сый-құрмет көрсетті. Бұл көрініс көпшіліктің көңілінен шығып, байқаудың мазмұнын тереңдете түскен әсерлі сәттің бірі болды.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Астана қаласының аруы Толғанай Наурызбай жеңіп алып, жүлде қорындағы 1 500 000 теңгенің сертификаты табыс етілді. І орынды Қызылорда облысының аруы Бағдат Бақыт (1 000 000 теңге), ІІ орынды Атырау облысының аруы Индира Мұқтар (500 000 теңге), ал ІІІ орынды Ақмола облысының аруы Айғаным Шақмұрай (350 000 теңге) иеленді. Сонымен қатар «Көрермен көзайымы» аталымы жүлдесі мен барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлығы тарту етілді.
Байқаудың жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдіріп, жеңімпаздар мен қатысушыларды марапаттау қорын қалыптастыруға үлес қосқан азаматтарға ұйымдастырушылар ерекше алғыс білдірді.
Ұлттық құндылықты ұлықтап, қазақ қызының парасаты мен көркем болмысын дәріптеген тағылымды жобаның авторы әрі продюсері – Ләззат Нұрланқызы.
Ұлт дамуына үлес қосатын, ақылына көркі сай қазақ қыздарының қоғамдағы орнын насихаттауға арналған осындай республикалық деңгейдегі байқаудың берер тағылымы мол.
Ұлытау облысы