Осыдан он бір жыл бұрын Төрегелді аға Шарманов газетімізге «Құндылықтар құлдырауы» деген мақала жазып, ғылымның құнсыздануы мен ысырапшылдықты, арзан атаққұмарлық пен даңғаза тойқұмарлығымызды, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүретін тоғышар ұрпақты өткір сынға алған еді. Мақаланы оқып отырып, қоғамдағы адал еңбек пен адамгершілік құндылықтың әлсіреуі академик ақсақалдың да жанына батқан екен-ау деп ойлағанбыз. Ал қазір осы құлдырау шарықтау шегіне жетіп, жарамсақтықтың жарысына ұласып кеткендей көрінеді...
Қазақ адам бойындағы қадірсіз мінезді сипаттағанда «жарамсақтанып» деп жатады. Жалпы, мағынасы да, түп төркіні де жақсы сөз емес. «Жағынған хан болмас, жалпақтаған жар болмас» деген халқымыз жарамсақтықты ешқашан жақсы қасиет деп те бағаламаған. Керісінше, адамның ар-ожданын аласартатын, мінезді бұзатын, шындықты тұмшалайтын жағымсыз қылық ретінде таныған. Дәстүрлі қазақ қоғамында тура сөз, мәрттік, намыс, кісілік жоғары бағаланғандықтан, жағымпаздық пен жалтақтыққа сын көзімен қараған. Бірақ бұл мінез қазір біздің қоғамның дертіне айналып барады.
....Бірде дәріс кезінде Тауман аға Амандосов әлденеге таусыла сөйлеп келе жатты да, алдында көздері жәутеңдеп отырған біздерге – 1-курс студенттеріне қарап тосылып қалды. Сосын: «Оқтай түзу теректен де қисық бұтақтар өрбімей ме? Қоғам болған соң, аласы да, құласы да болады ғой» деп, ең алдымен бізді емес, өзін-өзі жұбатқандай болып еді. Тауман ағай секілді біз де осындай сүйкімсіз, сұрқия көріністерге көз жұма қарап, «өтер, кетер, өшер, өзгерер» деп өз-өзімізді «жұбатқандай» боламыз. Алайда кейінгі уақытта жарамсақтар мен жағымпаздардың жарысы ашық жүргізіле бастады, ең өкініштісі мұндай жарыстарға «бәс» те тігіледі. Яғни жарамсақтық жасаудың өз «құны» бар. Бұл жарыста кімнің шабандозы топ жарып, бағы жанады, ал кімнің аты сүрініп, орта жолда қалады – оған, өкінішке қарай, ар-ождан, ұят, намыс төреші емес, бәс тіккендердің беделі судья.
Рас, тобырлық психология бұрын да болған, бола да бермек. Бұл – ақиқат. Алайда жоғарғы жаққа жағымпаздану мен билігі барға ыңғайлана кетуді әлеуметтік желілерде жарнамалап, сәнге айналдырып жібергеніміз соншалық, мұны қалыпты құбылыстай қабылдайтын болдық. Жанға бататыны да, жүйке жұқартатыны да осы. Неге дейсіз бе? Себебі бүгінгі қоғам «Әділдік кімнің жағында?» деп емес, «Билік кімнің қолында?» деп, жоғарғы жаққа жалтақтап, жағымпазданумен өмір сүруді әдетке айналдырып алды. Ал өзгелер мұны қалыпты құбылыс ретінде қабылдайтындай күйге түстік.
Әлемдік саясатта да, бастан өткерген өз тарихымызда да жарамсақтықтың ең қорқынышты формасын көрсететін оқиғалар аз емес. Әкесін айдауға жіберіп, ағасын ату жазасына кескен Сталинді «күннен жарық тұлғаға» балап, «данышпан көсем» санағанымыз да белгілі. Аштық пен қуғын-сүргін кезеңінде шын құрметтен емес, аман қалу үшін мадақ айтып жарысты жұрт. Бұл – ащы да болса ақиқат.
Адам ақиқатты емес, билік не айтса соны шындық деп қабылдай бастаған кезде қоғам таза психологиялық бағындыруға мойынұсынады. Егер жүйе «2 × 2 = 5» дегізсе, және оны барша жұрт мақұлдаса, бұл жай ғана абсурд емес. Бұл қоғамның құлдырап бара жатқан ауыр атмосферасын көрсетеді. Ал бұл – әлеуметтанушылардың айтып отырғаны.
Жоғарғы жаққа қарап ойын да, бойын да тез түзей қойып, пікірін өзгерте салатын, ұстанымынан оп-оңай тайқып кететіндерге қарап отырып, әлемдік саясаткерлердің «Билікке ең қауіпті адам – жау емес, бәрін мақұлдайтын адам» екенін іштей болса да мойындайсың. Абай айтпақшы, «Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкіріп…» жүргендер қазір әлеуметтік желіде де жетіп артылады.
Естеріңізде ме? Бейімбет Майлиннің «Шаншар молдасы», «Күлпашы» мен «Мырқымбайындағы» кейіпкерлер болысқа, ауылнайға, өкімет өкіліне жағынушы еді ғой. Жан-жағыңа бажайлап қарасаң, жазушының сол «пысық», «икемделгіш», «жағынғыштары» бүгін де тірі сияқты. Тек олардың ұрпағы әлеуметтік желіге көшкен. Айырмашылығы – олар бүгінде шапан кимейді, сторис салады, пост жазады.
Қазақ бұрын жарамсақ адамды «пысық» деп кекететін. Өйткені ел ішінде жағымпаздық ұят саналатын. Қазір керісінше, кім көп мақтаса, кім көп қошемет айтса, сол «мәдениетті», «позитивті», «дұрыс адам» болып көрінеді. Кім білсін, Майлиннің кейіпкерлері біздің заманға тап болса, бәлкім, блогер болар ма еді?..