• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:12

Адам игілігі – мемлекет ілгерілеуінің басты өлшемі

Мемлекеттің қуаты тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның шынайы көрінісі халық тұрмысынан, отбасы берекесінен, баланың білімі мен қарттың қамсыз тіршілігінен байқалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы да осы қағидатқа негізделген.

Медицинадағы мүмкіндік кеңейді

Кейінгі жылдары әлеуметтік саясаттың ауқымы кеңейіп, азаматтарды қолдаудың жаңа тетік­тері іске қосылды. Бүгінде 2,5 млн-нан астам адам зейнетақы алады, 630 мың­нан аса көпбалалы отбасы мем­лекеттік жәрдем­ақымен қамтылған, мүгедектігі бар 544 мыңнан астам азаматқа қолдау көрсетіледі.

Халықтың денсаулығын қор­ғау әлеу­мет­тік саясаттың негізгі ба­ғыт­тарының қатарында қалып отыр. Осы мақсатта Үкімет тегін ме­ди­циналық көмектің кепіл­ден­­­ді­ріл­­ген көлемін сақтап, міндетті әлеу­меттік ме­дициналық сақтан­­дыру жүйесін жетіл­­діру жұмы­сын жал­ғастырып келеді. Мем­­ле­кет бас­шысының тапсырмасына сәйкес ел­­дің қай өңірінде тұрса да әр азамат сапа­­лы ме­ди­циналық көмекке қол жеткізуге тиіс. Қазір отандастарымыз мемле­кет қаржысы есебінен медици­налық қызметтің кең ауқымын пайда­лана алады.

Олардың қатарын­да дәрігерлер кеңесі, профилак­тикалық тексерулер, күрделі операциялар мен жоғары технологиялық ем түрлері бар. Кардиохирургия, нейрохирургия, ағза трансплантациясы, онкологиялық ауруларды емдеу, сирек кездесетін дерттерге шалдыққан науқас­тарға көмек көрсету секілді қымбат қыз­меттер де бюджет есе­бінен қаржылан­дыры­лады. Мұн­дай ем-дом түрлерінің құны кей жағдайда ондаған млн теңгеге жетеді.

Соңғы өзгерістердің бірі – онко­логиялық скринингтердің тегін медициналық көмектің кепілден­дірілген көлеміне енгізілуі. Соның нәтижесінде шамамен 300 мың адам қосымша диагностикалық тексеруден өту мүмкіндігіне ие болды. Денсаулық сақтау саласында қолға алынған шаралар нақты нәтиже бере бастады. Елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, 75,97 жасты құрады.

Мемлекет есебінен көрсетілетін жоғары технологиялы медициналық көмек көлемі де жыл сайын артып келеді. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен мін­детті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жүйесі азаматтарға күрделі опе­рациялар мен заманауи ем тәсіл­дерін қолжетімді етеді. Соның арқа­сында қымбат ем-дом тек табысы жоғары азаматтардың ғана емес, барлық тұрғынның игілігіне ай­налды. Әсіресе ауыр дертке шал­дыққан балаларды емдеуге басым­дық беріліп келеді. Дәрігерлер жыл сайын туа біткен аурулары мен түрлі патологиялары бар шамамен 1,5 мың сәбиге операция жасайды. Оның 40 пайызға жуығы аз инва­зивті эндовидеохирургиялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылады. Мұндай әдіс ағзаға түсетін салмақты азайтып, баланың тезірек сауығуына жол ашады.

Үкіметтің дерегіне сүйенсек, балалар кардиохирургиясы саласында да оң өзгерістер байқалады. Елі­мізде жыл сайын жүрек-қан та­мыр­лары жүйесінің туа біткен ақауы бар балаларға екі мыңға жуық ашық операция жасалады. Кейін­гі жылдары операциядан кейін­гі нәрестелердің өміршеңдік дең­гейі 88 пайыздан 93 пайызға дейін өсті. Бұған қоса денсаулық сақтау жүйесіне 19 инновациялық меди­циналық технология енгізілді. Соның нәтижесінде балаларды шетелге емделуге жіберу қажеттілігі екі есеге азайып, жоғары технологиялы көмек ел ішінде көрсетіле бастады.

Денсаулық сақтау саласындағы маңызды міндеттердің бірі – азаматтарды қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Бұл бағытта да қол­дау көлемі айтарлықтай ұлғайды. Егер 2018 жылы мемлекет есебінен тегін дәрі-дәрмек алған азаматтар саны 1,9 млн адамды құраса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,4 млн-ға жетті.

Амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтуға бөлінетін қаржы көлемі де бірнеше есе өсті. Атап айтқанда, 7 жыл ішінде бұл мақсатқа қарастырылған қаражат 87,2 млрд теңгеден 337,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Ана мен бала денсаулығы – басты назарда

Әлеуметтік саясаттағы басым бағыттар­дың бірі – ана мен баланы қорғау. Жүкті әйелді қолдау тек босану кезеңімен шектелмейді. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі жүктілікті жоспарлаудан бастап сәби дүниеге келгеннен кейінгі бақылауға дейінгі барлық кезеңді қамтитын кешенді модельге көшіп келеді.

Қабылданған шаралардың нәти­жесі де байқалады. Тәуелсіздік жылдарында елімізде ана өлімінің көрсеткіші 6 есеге төмендеді. Кейінгі 5 жылдың өзінде бұл көрсеткіш тағы 35 пайызға азайды. Мамандар мұны әйелдер денсаулығын бақы­лау жүйесінің күшеюімен, ерте диаг­ностиканың дамуы және меди­циналық көмектің қолжетімді болуы арқылы түсіндіреді. Қазір жүкті әйелдердің 90 пайыздан астамы жүктіліктің алғашқы 12 аптасында дәрігер есебіне алынады. Бұл түрлі қауіп-қатерді ерте анықтауға, қажетті ем-шараны дер кезінде жүргізуге мүмкіндік береді.

Ана денсаулығын қорғауға ба­ғыт­талған жаңа жобалар да іске қосы­лып жатыр. 2025 жылғы тамыз­дан бастап «Аналар саулығы» бағдар­ламасы жүзеге асырыла бастады. Оның аясында әйелдер алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде 15 түрлі тексеруден тегін өте алады. Сонымен қатар «Бір күн­дік клиника» жобасы дамып келеді. Бұл жүйе жүкті әйелдерге бірнеше күн не апта күтпей-ақ, қажетті зерттеулер мен мамандар кеңесін бір күн ішінде алуға жағдай жасайды.

Ел медицинасы үшін жаңа ба­ғыт­­тардың бірі – фетальды ме­ди­ци­на. 2024 жылдан бері елімізде ұрықтағы патологияларды жатыр ішінде анықтап, емдеуге мүмкіндік беретін заманауи технологиялар енгізіле бастады. Босандыруға көмек көрсету жүйесі де кеңейіп келеді. Қазір республика аумағында 273 қалалық және 152 ауылдық әйелдер консультациясы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, облыстық пери­наталдық орталықтар жанынан 24 консультациялық бөлімше ашылған. Жаңа медициналық нысандардың іске қосылуы болашақ аналардың сапалы көмекке қол жеткізу мүмкіндігін арттыра түсті.

Ана денсаулығын қорғау жұмысы бала денсаулығын сақтаумен қатар жүреді. Сон­дықтан кейінгі жылдары балалар медици­насына бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай ұлғайды. Егер бірнеше жыл бұрын балаларға көрсетілетін медициналық қызмет­терге 264 млрд теңге бөлінсе, бүгінде бұл көрсеткіш 585 млрд теңгеге жетті. Қазір денсаулық сақтау саласына жұмсалатын жалпы шығынның шамамен төрттен бірі балалар денсаулығына бағытталады.

Бұл қолдау нақты нәтижеге жол ашып отыр. Тәуелсіздік жылдары нәресте өлімі 7,5 есеге төмендеді. Елімізде балаларға медициналық көмек көрсетудің көпдеңгейлі жүйесі қалыптасты. Оның құрамына емханалар, көпбейінді балалар ауруханалары, перинаталдық орталықтар мен мамандандырылған медициналық ұйымдар кіреді. Жыл сайын туа біткен даму кемістігі анықталған шамамен 1,5 мың жаңа туған нәрестеге шұғыл медициналық көмек көрсе­тіледі. Сондай-ақ екі мыңға жуық балаға ашық жүрекке операция жасалады. Мұндай күрделі оталар бұрын санаулы орталықтарда ғана жүргізілсе, бүгінде жоғары технологиялы медицинаның дамуы олардың қолжетімділігін арттырды.

Балалардың толыққанды өмірге бейімделуі де назардан тыс қалған жоқ. Осы мақсатта медициналық оңалту жүйесі кеңейтіліп келеді. Қазір елімізде балаларға арналған 81 оңалту орталығы жұмыс істейді. Мұнда жүздеген мың бала түрлі емдік және қалпына келтіру қызметін алады. Сонымен қатар жаңа оңал­ту орталықтарын ашу, даму ерекше­ліктерін ерте анықтау, дер кезінде көмек көрсетуге бағытталған ерте араласу қызметтерін дамыту жұмы­сы жалғасып жатыр.

Әлеуметтік көмек – айтарлықтай қолдау

Мүгедектігі бар азаматтарға көр­се­тілетін мемлекеттік қызметтер­дің қол­жетім­ділігі де айтарлықтай артты. Әсіресе құжат рәсімдеу мен са­раптамадан өту тәртібін жеңілде­туге басымдық берілді. 2022 жылдан бас­тап елімізде мүгедектікті та­ғайын­даудың сырттай проактивті фор­­маты енгізілді. Азаматтар меди­ци­налық-әлеуметтік сараптама бө­лім­шелеріне бармай-ақ қажетті рә­сім­дерді қашықтан өте алады. Қа­зір куәландыру рәсімдерінің 45 пайыз­дан астамы онлайн форматта жүргізіледі.

Биылдан бастап мүгедектік бойынша төленетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі 10 пайызға ұлғайтылды. Нәтижесінде, І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға төленетін қолдау көлемі 200 мың теңгеге дейін жетті. ІІ топ үшін бұл көрсеткіш 154 мың теңгеге, ІІІ топ үшін 117 мың теңгеге дейін өсті.

Әлеуметтік саясаттың тағы бір маңыз­ды бағыты – табысы төмен от­басыларды қолдау. Осы мақсат­та елімізде атаулы әлеуметтік көмек жүйесі жұмыс істейді. Бұл қолдау от­басының құрамы мен табыс деңгейін ескере отырып тағайындалады. Яғни көмек нақты мұқтаж азаматтарға бағытталады.

Сонымен қатар мемлекет еңбекке қабілетті азаматтардың жұмыспен қамты­луына ерекше мән береді. Әлеуметтік қолдау кәсіптік оқыту, жаңа мамандық игеру, жұмысқа орналасу мүмкіндігі және кәсіпкерлік бастамаларды дамыту шара­ларымен қатар жүреді. Егер отбасында еңбекке жарамды адам болмаса немесе объек­тивті себептерге байланысты жұмыс істеуге мүмкіндігі шектеулі болса, мемле­кет­тік қолдау қосымша талаптарсыз көрсетіледі.

Биылғы 1 мамырдағы жағдайға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек 34,5 мың отбасына тағайындалды. Қолдау алған азаматтардың жалпы саны 186 мың адамға жетті. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 10,6 млрд теңге бағытталды. Мемлекет тек жәр­демақы төлеумен шектелмейді. Жұ­мыспен қамту бағдарламалары, кәсіп­тік оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру секілді шара­лар да қатар жүзеге асырылып келеді.

Әлеуметтік саясат тек жәрдем­ақы төлеумен шектелмейді. Кей жағдайда адамға қаржылай көмек­тен бұрын күтім, кеңес, оңалту немесе құқықтық қолдау қажет болады. Сондықтан кейінгі жылдары елімізде өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналған ар­найы әлеуметтік қызметтер жүйесі кеңейтіліп келеді. Бұл қол­дау мүгедектігі бар балалар мен ересек­терге, өздігінен күтім жасай алмайтын қарттарға, тұрақты бас­па­насы жоқ азаматтарға, тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықтан зар­­дап шеккен жандарға, адам сау­да­сы­ның құрбандарына, сондай-ақ пробациялық бақылаудағы азаматтарға көрсетіледі.

Арнайы әлеуметтік қызметтер аясында азаматтарға кешенді көмек беріледі. Оның құрамына әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психо­логиялық, педагогикалық, еңбекке бейімдеу, мәдени, экономикалық және құқықтық қолдау кіреді. Яғни мақсат – қиындыққа тап бол­ған адамды уақытша қолдап қана қоймай, оның қоғамдағы қа­лып­ты өмірге қайта оралуына жағ­дай жасау. Қазір республика аума­ғын­да мұндай қызметтерді көр­сететін 649 лицензияланған ұйым жұмыс істейді. Биылғы 1 маусым­дағы жағдайға сәйкес, арнайы әлеуметтік қызметпен 103 мың­нан астам адам қамтылған. Олар­дың ішінде 60 мыңнан астам азамат қажетті көмекті өз үйінде алады. 18 мыңнан астам адам стацио­нарлық мекемелерде қызмет көрсе­тумен қамтылған. Сонымен қатар жартылай стационарлық ұйымдар мен уақытша орналастыру орталықтарында да мыңдаған азаматқа қолдау көрсетіліп келеді.

2025 жылдан бастап арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау жүйесі енгізілді. Енді мұндай мекемелерде білікті мамандардың болуы, қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуі, санитарлық талап­тардың сақталуы, өрт қауіп­сіздігі жүйесінің болуы және қозға­лысы шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастырылуы міндеттелді.

Сапалы білімге жол ашылды

Білім саласында жүргізіліп жат­қан реформалардың негізгі мақса­тының бірі – қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақ­тығын азайту. Осы бағытта кейінгі жылдары мектеп инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылдан бері елімізде 1,2 мыңнан астам жаңа мектеп салынды. Бұл көрсеткіш ұзақ жылдар бойы білім жүйесіндегі күрделі мәселелердің бірі болып келген үш ауысымды мектептердің санын 4 есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта да бұл жұмыс жалғасын таппақ. Биылдың өзінде тағы 53 мың оқушы орнына арналған 96 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жаңа мектептер салумен қатар қолданыстағы білім ошақтарын жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Алдағы үш жыл ішінде 1300 мектепке күрделі жаңарту жүргізу көзделген. Оның 820-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Биылдың өзінде 215 мектеп жаңартылды. Жаңғырту тек ғимараттың сыртқы келбетін өзгертумен шектелмейді. Пәндік кабинеттер заманауи құралдар­мен жабдықталып, асханалар мен спорт залдары жаңартылып жатыр. Қауіпсіздік жүйелері де толық ауыстырылмақ.

Баланың дамуы мектеп табалды­рығынан емес, мектепке дейінгі кезеңнен басталады. Сол себепті мемлекет мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін кеңейтуге басымдық беріп отыр. Қазір Қазақстанда 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 5,3 мыңы мемлекеттік болса, 6,6 мыңы жекеменшік секторға тиесілі. Бұл ұйымдарда бір млн-нан астам бала тәрбиеленуде. Бүгінде 2 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 70,9 пайызға жетті. Ал кезекте тұрған балалар арасында бұл көрсеткіш 96 пайызды құрайды.

Мектепке дейінгі білімнің қолже­тімділігін арттыру мақсатында жаңа қаржыландыру тетіктері де енгізіліп жатыр. Соның бірі – ваучерлік қаржыландыру жүйесі. Қазір бұл жоба еліміздің 20 қаласы мен 23 ауданында сынақтан өтуде. Жобаға 6 мыңға жуық ұйым қатысып, 936 мың­нан астам ваучер берілді. Жаңа тәсіл­дің алғашқы нәтижесі де байқалады. Бала­бақ­шаға кезек күткен балалар саны айтар­лықтай азайды. Егер бұрын республика бойынша кезекте 160 мың бала тұрса, бүгінде бұл көрсеткіш 18 мыңға дейін қыс­қар­ған. Кейінгі үш жыл ішінде мектепке де­йінгі ұйымдарда 223 мың жаңа орын ашыл­ды. Ал 2027 жылдың соңына дейін тағы 76,5 мың орын құру жоспарланып отыр.

Жалпы, білім беру саласындағы сұраныс айтарлықтай өсті. Халық саны көбейіп, жаңа мектептерге қажеттілік артты. Осыған байланыс­ты мемлекет тек бюджет есебінен мектеп салумен шектелмей, білім беру инфрақұрылымын дамытуға жекеменшік секторды да кеңінен тартып келеді. Мұндағы негізгі құралдардың бірі – мемлекеттік білім беру тапсырысы. Бұл тетік арқылы қаржы мектептің меншік ныса­нына емес, оқушыға бағытталады. Бала мем­лекеттік мектепте оқыса да, жекемен­шік білім беру ұйымын таңдаса да, мемлекет оның білім алуы­на қолдау көрсетеді.

Жүйені цифрландыруға да басымдық берілді. 2025 жылдан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландырудың барлық кезеңін цифрлық форматқа көшіруге бағытталған қанатқақты жоба іске қосылды. Жобаның басты мақсаты – бюджет қаржысының қозғалысын ашық ету, оқушылар санын нақты есепке алу және мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.

Бүгінде e-Qazyna платформасы арқылы 6 325 мектеп цифрлық жүйеге қосылған. Оның ішінде 5 443 мектеп мемлекеттік секторға тиесілі. Сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырысын орындайтын жекеменшік білім беру ұйымдары да осы жүйеге енгізілген.

Жоғары мектеп пен ғылымдағы жаңа серпін

Мектептен кейінгі білім алу мүм­кін­дігін кеңейту де мемлекеттік сая­саттың маңыз­ды бағытының бірі болып отыр. Кейін­гі 5 жылда жо­ғары білімге бөлінетін грант саны айтарлықтай көбейді. Егер 2020 жы­лы мемлекеттік гранттар көле­мі 65,1 мың­ды құраса, бүгінде бұл көр­сеткіш 93,2 мың­ға жетті. Мың­даған жас жоғары оқу орын­дарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Грант санын көбейтумен қатар жас­тарды қолдаудың қосымша тетіктері де іске қосылған. Жекелеген өңірлердің түлектеріне арнайы гранттар бөлінеді. Соны­мен бірге жергілікті атқарушы органдар, «Қа­зақстан халқына» қоғамдық қоры, бизнес қауымдастық пен жо­ғары оқу орындарының өз қара­жаты есебінен де жастарға білім алу мүмкіндігі ұсыны­лады. Сту­денттерге көрсетілетін әлеу­мет­тік қолдау көлемі де ұлғайды. Мәсе­­лен, бакалавриат студенттерінің шәкіртақы­сы кейінгі 5 жылда екі есеге жуық көбейіп, 26,2 мың теңгеден 52,4 мың теңгеге жетті. Педагогикалық мамандықта оқитын студенттер 84 мың теңгеге дейін шәкірт­ақы алады. Магистранттар мен докторант­тар­дың шәкіртақысы да осы кезеңде 1,75 есеге артты. Студенттік өмір сапасын жақ­сарту мақсатында жатақхана құры­лысы да жалғасып келеді. Тек 2025 жыл­дың өзінде 10 мыңнан астам орынға арналған 30 жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар мемлекет ата-ана қамқор­лығынсыз қалған жастарға және І, ІІ топ­тағы мүгедектігі бар студенттерге жатақ­ханада тұру шығындарын өтеу арқылы қосымша қолдау көрсетеді.

Дарынды жастарды қолдаудың маңыз­ды құрал­дарының бірі – халық­аралық «Болашақ» бағдар­ламасы. Үш жыл ішінде бағдар­лама аясында 994 стипендиат әлем­нің жетек­ші университеттерінде білім алды. Олардың басым бөлігі ақпа­рат­тық тех­но­логиялар, инженерия, машина жасау, ме­дицина, қаржы, құқық секілді эко­­но­­микаға қажетті бағыттарда даярла­нып жатыр. Сонымен қатар 342 маман шетел­дің жетекші ұйымдарында кәсіби тағы­­­лым­­­дамадан өтті. Биыл бағдарлама та­ри­­хын­дағы жаңа кезең басталды. 2026 жыл­­дан бастап халықаралық олимпиада­лар­­да, ғылыми байқауларда, шығар­машы­лық жа­­рыстарда жеңіске жеткен дарынды жас­­тарға арналған бакалавриат бағыты ашылды.

Мемлекет ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды ұлғайтып қана қоймай, жас ғалымдарды қолдау, ха­лықаралық тәжірибе алмасу мүм­кіндігін кеңейту, тұрғын үй мәсе­лесін шешу бағытында да нақты қа­дам­дар жасап келеді. 2025–2026 оқу жылына докторантураға 2 919 мем­лекеттік грант бөлінді. Бұған қоса индус­триялық PhD бағдарламасы арқылы экономиканың басым сала­ла­рына қажетті мамандар даярлау мақсатында қосымша 110 грант қарастырылған.

Жас зерттеушілерді қолдауға арналған арнайы бағдарламалар да жалғасып жатыр. Соның бірі – «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру жобасы. Бағдарлама аясында жыл сайын жас зерттеушілердің ғылыми жобаларын жүзеге асыруға мың грант бөлінеді. Ғылыми ортадағы дарынды жастарды ынталандыру мақсатында заңнамалық деңгейде жыл сайын берілетін «Үздік жас ғалым» сыйлығы бекітілді. Бұл марапат перспективалы зерттеушілерді қолдауға әрі ғылымның беделін арттыруға бағытталған.

Халықаралық тәжірибе жи­нақ­тау мәселесіне де ерекше назар аударылып келеді. 2021 жыл­дан бері «250 ғылыми тағылым­дама» бағдарламасы жүзеге асы­ры­луда. Оның аясында қазақ­стан­дық ғалымдар әлемнің же­тек­­ші университеттері мен ғылы­ми орталықтарында білім алып, тәжі­рибе жинақтайды. Кейін­гі 5 жыл ішінде шетелдік ғылыми тағылымдамаларға 1 543 қазақстан­дық зерттеуші жіберілді. Олардың 62 пайыздан астамы – жас ғалымдар.

Жас ғалымдардың баспана мәселесін шешу де күн тәртібінен түскен жоқ. Бүгінде 722 жас ғалым тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 584 зерттеуші Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» акционерлік қоғамының бірлескен бағдарламасы арқылы баспана сатып алуға мүмкіндік алса, тағы 138 жас ғалымға пәтер өтеусіз негізде берілді.

Соңғы жаңалықтар