• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:19

Жобалардың орындалу барысымен танысты

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында өңір өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласының даму қарқынымен танысып, ірі өндірістік, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын тексерді. Сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері зерделеніп, алдағы даму кезеңіне арналған міндеттер айқындалды.

Бірінші вице-премьер бірқатар инфрақұрылымдық нысанды аралады. Арқалық әуежайын қалпына келтіру жобасымен танысты. Бүгінде әуежай құрылысының 80 пайызы аяқталды. Жаңа нысанның жалпы ауда­ны шамамен 3 мың шаршы метр болады. «Бұл нысанның маңызы ерекше. Арқалық қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан ірі ғимараттардың бірі осы болмақ. Сондықтан құрылыс сапасы өте жоғары деңгейде болуға тиіс. Халық бұл нысанды көптен күтті. Әуежай Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен салынып жатыр. Сондықтан жұмысты белгіленген мерзімде ғана емес, жоғары сапамен аяқтау қажет. Ең бастысы, сапа. Әуежай терминалы Арқалық қаласының көркін ашатын заманауи нысан болуы керек. Көлемі шағын болғанымен, сәулетті әрі жолаушыға жайлы болуға тиіс. Сондықтан сапа мәселесін қатаң бақылауға алу қажет. Арқалық тұрғындары үшін әуе қатынасы қолжетімді болуы керек. Әсіресе алғашқы кезеңде рейстерді субсидиялау мәселесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Бірақ билет құны теміржол тасымалынан тым төмен болмауы қажет. Бұл жерде экономикалық негіздеменің сақталуы маңызды. Ұсыныстардың бәрі жан-жақты қаралып, тиісті министрліктермен бірлесіп шешім қабылдау қажет», деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Әуежай құрылысын 15 шілдеге дейін аяқтау жоспарланып отыр. Нұрлыбек Нәлібаев әуежай терминалын қалпына келтіру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды жоба екенін атап өтіп, барлық жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.

Вице-премьер Тобыл қаласындағы «Астана» шағын ауданының құрылыс алаңында болды. Мұнда 23 көпқабатты тұрғын үй салынып, 1035 отбасы баспанамен қамтылмақ.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Қостанайдағы «KIA Qazaqstan» автомобиль зауытының жұмысымен де танысты. Жылына 70 мың автокөлік шығара алатын кәсіпорын 310 млн доллар көлеміндегі инвестиция есебінен іске қосылған.

Зауыт жұмысы толық автоматтан­дырылған, өндіріс негізінен роботтан­дырылған жүйеде жұмыс істейді. Бүгін­де мұнда 800-ге жуық адам еңбек етеді. Жыл басынан бері шамамен 7 мың автокөлік шығарған кәсіп­орын ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр. Мұның сыртында отандық автоөнеркәсіптің экспорттық әлеуетін арттыру бағытын­да жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сапар барысында Нұрлыбек Нәлібаев «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің құрылысымен таныс­ты. Жалпы құны 64 млрд теңгеге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Жоба толық іске қосылған соң мұнда 500 жаңа жұмыс орны ашылып, контейнерлік тасымал көлемі 20%-ға дейін ұлғаяды. Жобаның бастапқы кезеңі аясында 2723 метр теміржол желісі, 26 мың шаршы метр контейнер алаңы салынды. Өңірдің транзиттік мүмкіндігінің еселеп артуына жол ашатын кешеннің құрылысы 2027 жылы аяқталады. «Кешен келешекте Қостанай облысының транзиттік және логистикалық әлеуетін едәуір арттырып, халықаралық жүк тасымалы бағытындағы маңызды хабтардың біріне айналмақ. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына оң әсер етіп, облыстың инвестициялық тартымдылығын арттырады», деді «Тобыл» КЛК» ЖШС директоры Айдын Әлімов.

Жұмыс тобы индустриялық аймақта орналасқан «KamLitKZ» зауытына барды. Кәсіпорын ауыр жүк көліктеріне арналған автобөлшектер шығарады. Бұған дейін шойын құю өндірісі іске қосылған. Былтыр зауыт 654 мың тонна өнім өндіріп, оның басым бөлігін экспортқа жөнелткен.

Вице-премьер алдағы уақытта өңірде іске асырылатын газ-химия ке­шені мен Ақтөбе – Қостанай магис­трал­­дық газ құбырының құрылысы жөнін­дегі жобалармен, соны­мен қатар «Баян сұлу» фабрикасы­ның «Кондитерлік астана» жобасымен танысты.

Сапар аясында өңірдің инвести­циялық әлеуетін арттыруға бағытталған екі ірі жоба ұсынылды. Алдағы уақытта Қостанай облысында астықты терең өңдейтін және тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіретін екі бірдей зауыт салынбақ.

Нұрлыбек Нәлібаев сапар аясында Рудный қаласына барып, «ССКӨБ» акционерлік қоғамының қызметі мен темір рудасын өндіру технологиясымен, шекемтас өндіру фабрикасының жұмысымен танысты. «ССКӨБ» бүгінде өңірдегі ең ірі өндіріс орындарының бірінен саналады. Компанияда 9 мыңнан астам адам еңбек етеді. Сапар қорытындысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары бірқатар нақты тапсырма берді. Олардың қатарында инвестициялық жобаларды қолдау және экспорттық әлеуетті кеңейту, индустриялық аймақ инфрақұрылымын дамыту, «Тобыл» логистикалық кешенін қаржы­ландыруды жеделдету, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін терең өңдеу жоба­ларын жүзеге асыру, тұрғын үй құрылысын жеделдету және сапасын бақылау, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын күшейту мәселелері бар.

Сонымен қатар энергетика, көлік және коммуналдық инфрақұрылым салаларындағы стратегиялық жобаларды уақтылы аяқтау міндеттелді.

Қостанай облысы

Соңғы жаңалықтар