• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:35

«Ақылды» өндіріс алаңы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интел­лект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифр­­лық трансформация арқылы шешу жолдары» атты Жолдау жасағаны мәлім. Осы стратегиялық құ­жат негізін­де биылғы жылдың ресми түрде «Цифрландыру және жасан­ды интеллект жылы» деп жариялануы, шын мә­нін­де ұлт­­­тық экономиканың қан тамырына жаңа серпін берген шешім болды. Бұл бағытта еліміздің индустриялық аймағы сана­­латын Қарағанды өңірі өзінің байырғы өндірістік дәстүрін озық тех­­но­логиямен ұштастырып, цифрлық көштің алдына нық шығып отыр.

Арқа төсіндегі алып за­уыт­тар мен терең шахталарда бүгінде жасанды зерде жай ғана ғылыми термин емес, өндірістің тыныс-тіршілігін рет­тейтін, мыңдаған жұмысшының қауіп­сіздігін қаперде ұстайтын және экономикалық тиімділікті есе­лейтін басты тетігіне айналып келе­ді. Бір сөзбен айтқанда, өнер­кә­сіпте жасанды интеллект шах­тадағы ахуалды мүлтіксіз бақы­лап, ең күрделі әрі адам өміріне қауіпті аймақтарда дрондарды ұшырып, ал цифрлық жобалар өндіріс үде­рі­сін үш есеге дейін жылдамда­тып, заманауи технологияның салтанат құрып жатқанын паш етіп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жыл ішінде елі­мізді толыққанды цифрлық мем­лекетке айналдыру туралы кесім­ді міндет жүктегені белгілі. Бұл ретте ел экономикасының едәуір үлесін құрайтын тау-кен металлургия кешені үшін геологияны цифрландыру, ЖИ көмегімен болжамды тал­дау жасау және позициялау жүйе­­лерін енгізу – бүгінгі күннің бұл­жымас талабы. Қарағанды өңі­рінде 2025–2026 жылдарға арнал­ған өңірлік жоспарлар кезең-кезеңімен іске асырылып, өндіріс орын­дарының келбеті танымас­тай өзгеріп жатыр. Мәселен, Темір­таудағы металлургия зауытының тынысына көз салсақ, ондағы ор­на­тылған «ақылды» камералар қа­уіпті аймақтарға адамның кез­дей­­соқ кіруін қас-қағым сәтте тір­кеп, жабдық жұмысын автоматты түрде тоқтату арқылы жа­за­тайым оқиғалардың алдын алып отыр. Бұл жүйе алдағы уақытта жұмыс­шы­лар­дың жеке қорғаныс құрал­да­рын, яғни каска мен арнайы киімін тану функцияларымен толығып, өн­ді­рістік тәртіпті мүл­дем жаңа белеске көтермек.

Сонымен қатар, «KZ TRANSIT» компаниясы қолданатын Teleport 3D платформасы жасанды интеллект алгоритмдері арқылы тап­сырыс­тарды өңдеп, күрделі сызбаларды қатесіз дайындайды. Бұл техно­логия материал таңдаудағы дәл­дікті 99 пайызға жеткізіп, бұрын апта­лап жасалатын жұмыстың уа­қы­­­тын үш есеге қысқартуға мүм­кіндік берді.

Индустриялық трансфор­ма­ция­ның жарқын үлгісі ретінде «Qarmet» компаниясының был­тыр­ғы жылдың желтоқсанында іске қосылған жаңа буындағы Ахуал ор­талығын ерекше атап өткен ләзім. Бұл орталық – комбинаттың барлық логистикалық үдерістері мен жалпы ахуалын нақты уақыт аяс­ында бақылайтын стратегиялық басқару хабы.

Мұндағы ЖИ алгоритмдері мың­даған датчик пен бейнебақылау құрыл­ғы­ларынан келетін ақпарат­ты секунд ішінде талдап, қауіпсіздік тәртібін бұзу жайттарын автоматты түрде анықтайды. Жер астын­дағы «Цифрлық кеңесші» қыз­меті нақты уақыт режімінде кен арна­сын зерделеп, операторларға қажет­ті түзетулер ұсынады. Бұл жүйенің үздіксіз жұмысын әр ауы­­сымда 15 бейнебақылау операторы мен тәжірибелі үйлестіру­ші­лер қадағалап отырады. Осын­дай кешенді жұмыстың нәтиже­сінде өндірістегі апат қаупі едәуір төмендеп, бақылау үдерісі толық­тай автоматтандырылып жатыр.

Келесі кезең – өңірдегі 100-ден астам кәсіпорынды толық цифрландыру және жергілікті ЖИ шешімдерін халықаралық нарыққа шығару. Осылайша, Арқа өңірі жасанды интеллект арқылы экономиканы жаңа деңгейге көтеріп келеді.

Қысқасы, «Ақылды өндіріс» аймағына айналған Қарағанды бүгінде жасанды зерденің тек қауіп­сіз­дікті арттырып қана қоймай, еңбек өнімділігін жаңа белеске шығаратынын дәлелдеп келеді.

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар