Атырау – жер астындағы мұнайымен, су айдынындағы балығымен танымал өңір. Бұрын мұнда жылыжай ашқандар көп емес еді. Бірақ кейінгі жылдары осы әдіспен өнім өсіруге бет бұрғандар бар.
Жылыжайда өнім өсіруді қолға алғандардың бірі – Зүлфия Қазимова. Бұрын бұл іспен айналысып көрген емес. Бұдан үш жыл Мәскеуге барып, жылыжай шаруашылығының қыр-сырын әбден меңгеріп келді. Елге оралған соң, автоматтандырылған суару жүйесі бар жылыжайда жасыл жапырақты өскін өсіруді қолға алды. Бұл – түрлі салатқа қолданылатын жапырақ. Биыл оның төрт мың көшетін екті.
«Салат жапырағын өсіру оңай іс емес. Бұл істі қолға алған кезде су сапасына байланысты қиындыққа тап болдық. Өйткені судағы хлорид мөлшері жоғары болғандықтан, өнім көлемі азайды. Сол себептен суды тазартатын жаңа құрылғылар сатып алдық. Қазір жылыжайда зиянды қоспаларды сүзгіден өткізетін «Осмос» жүйесі орнатылды. Гидропоника әдісін қолданамыз. Әр желінің астында қоректік ерітінді құйылған арнайы ыдыс бар. Сол ыдыстағы ерітіндіні сағат сайын жаңартып отырамыз. Тұқым күн сайын егіледі. Өнімді 29–30 күннен кейін аламыз», дейді З.Қазимова.
Оның айтуынша, жылыжайда салат жапырағының бес түрі өсіріледі. Күн сайын 500-ге жуық қаптамаға жапырақ салынады. Ал ай сайын 1 тонна өнім дайындалады. Биыл бір қаптамадағы жапырақ бағасы – 1000 теңге.
«Әзірге өндіріс көлемі шағындау болып тұр. Енді алдағы уақытта «Даму» қорының көмегімен жылыжай аумағын 350 шаршы метрге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сол кезде сегіз қабатты жүйе болады. Бұл Атырау қаласы тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз етуге қол жеткіземіз», дейді аталған жобаның серіктесі Ербол Бердібаев.
Аталған жылыжайды іске қосқан Зүлфия Қазимованың айтуынша, қазір мұнда алты адам жұмыс істейді. Олар дайындаған салат жапырағы 20 сауда орнына жеткізіледі.
Ал «Өрлеу» жеке кәсіпкерлігінің иесі Қуаныш Якудиннің айтуына қарағанда, жергілікті климатқа бейімделіп, өсірілген жеміс түрлеріне сұраныс артып отыр. Сол себептен агрокешендегі жылыжайда құлпынай өсіріле бастады. Биыл мұнда құлпынайдың үздіксіз өнім беретін «Альбион», «Мурано», «Кабрилло» түрлерінің 2000 түбі егілген.
«Бұл жобаны «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске қостық. Бастапқыда жылыжайда тәжірибе жинау мақсатында 200 түп құлпынай еккен едік. Кейін көбейте бастадық. Алдағы жоспарымыз – жылыжайдың аумағын кеңейтіп, көшет санын 4000 түпке жеткізу. Дайын өнімді әлеуметтік желідегі парақшамыз арқылы тұрақты тапсырыс берушілерге ұсынып келеміз», дейді Қ.Якудин.
Атырау облысы