Қасиетті Рамазан айының екінші жексенбісінде аягөздіктерге тегін такси қызметі ұсынылды. Аудан әкімдігі, қалалық мешіт және жастар орталығы ұйымдастырған ізгі акция аясында қала тұрғындары мен қонақтары бір күн бойы тегін таксимен жүрді.
Таңсәріден мешітке қарай ағылған аягөздік жастар Рамазан айының құрметіне орай қолға алынған игілікті іске белсене атсалысты. Аягөз қалалық мешітінің имамы Думан Нәдірұлы күллі мұсылманның қасиетті айында атқарылған қайырымдылық істердің сауабы мол болатынын жеткізіп, қолға алынған ізгі істің берекелі болуына, елдің ынтымағын арттырар шараға айналуына тілектестігін білдірді.
Жексенбі – қала тұрғындарының басым бөлігі бос уақытын пайдаланып, базар аралайтын күн. Бұл күні Аягөздегі «Жақсылық» орталық базарына келушілер «Рамазан айы құрметіне тегін такси» деген жазулары бар автокөліктерге таңырқай қарасты. «Мешіт» жазуы бар жасыл түсті кеудемше киген көлік жүргізушілері базаршылаған тұрғындардың қолдарындағы жүктерін көтерісіп, көліктеріне отырғызып, діттеген жеріне жеткізіп тастап отырды.
Аталған шараға он үш автокөлік қатысты. Олардың арасында аягөздіктер «такси апа» атап кеткен ақсамайлы көлік жүргізушісі Оразхан Есбайқызы да бар. Осылайша, Рамазан айында жұртқа жақсылық жасап, халықтың көңіл-күйін серпілткен аягөздіктер бұл бастаманы бұдан кейін де жалғастыра беретіндіктерін білдірді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Аягөз ауданы.