• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2015

Ант

550 рет
көрсетілді

Әскери ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа адал болу, ел басына күн туса, оны ақтық демің қалғанша қорғау, қажет болса, жан қию деген сөз. Осылайша, ант қабылдаған сарбаз – біздің ұлан-ғайыр жерімізді білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жаужүрек ата-бабаларымыздың ерлік жолын жалғастырушы, елдің қорғаны, сенім арқалаған азаматқа айналмақшы.  Өткен сенбі күні елорда төріндегі Отан-Ана алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан жауынгерлерінің салтанатты Әскери ант қабылдау рәсімі өтті.  Біздің халқымыз – ежелден Отан үшін төккен тердің бағасын бағамдай білген халық. Оның ішінде қастерлі Отан – Ананы қорғау ең асқақ парыз, абыройлы міндет екенін жас сарбаздар жақсы біледі. Отан үшін отқа түсер азаматтарымыздың өміріндегі бұл жауапты қадам жасау шарасына Парламент депутаттары, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының басшы құрамы мен ІІМ Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков бастаған бір топ ардагер, діни ұйымдар, сондай-ақ, ант қабылдаушылардың ата-ана, туған-туыстары қатысты. Айта кетейік, бұл жолғы ант қабылдау рәсімі өзінің ауқым­дылығымен ерекшеленіп отыр. Өйткені, аталған шарада елор­дадағы 5573 әскери бөлімінің 800-ден астам жауынгері Отанға адал қызмет ету жөнінде серт берді. Жауынгерлер қатарын еліміздің түпкір-түпкірінен әскерге алынған жас сарбаздар құрады. Осы көктемде Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінде қызмет атқаруға шақыртылған олар бір ай бойы әскери өмірдің тыныс-тіршілігіне төселіп, жауынгерлік дайындықтан өткен болатын. Сондай ыждағатты дайын­дықтың жемісін алаңға жиналған көпшіліктің жауынгерлерге деген ерекше ықыласынан аңғаруға болатын еді. Жауынгерлік Ту салтанатты түрде сақадай сап түзеген сарбаздардың нақ ортасына әкелінген соң шараның шымылдығы да түріліп, жауынгерлер ант қабылдауға кірісті. Мұндайда жүздері бақыттан бал-бұл жанған әрбір жанның ерекше толқыныста тұрғандығын түсіну қиын емес, әрине. Сарбаздарға арнаған өзінің құттықтау сөзінде Ұлттық ұлан­ның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов: – Ұлттық ұлан жауынгерлері, бүгін сендер Әскери ант қабылдай отырып, туған елің – Қазақстан Республикасына, қастерлі халқы­мызға және оның заңды сайлан­ған Президентіне ақтық демің қалғанша адал қызмет етуге серт бердіңдер. Бұл сендердің өмір­леріңде ерекше есте қалар сәт, әрі ер еншісі – ел қорғауға басқан қадамдарың, – деді. Жас сарбаздарға Ө.Болсам­беков пен Ақмола гарнизонының әскери прокуроры әділет пол­ков­нигі Д.Жұмаділов, ата-аналар ­атынан Роза Жаданова ізгі тілек­те­рін білдірді. Иә, Отан алдындағы борыш­тарын өтеу бақыты елордада бұйырған жас сарбаздар үшін ендігі міндет – асқаралы Астананың  тыныштығын кірпік қақпай күзету, аза­маттардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету, қыл­мысқа қарсы күрес жүргізу. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.