Опек бағаны төмендетуге мүдделі
Нигерияның мұнай министрі және ОПЕК президенті Диезами Алисон-Мадуэке картель жақын арада мұнай бағасы жөнінде төтенше жиналыс өткізуі мүмкін екенін мәлімдеді. The Financial Times газеті хабарлағанындай, ОПЕК президенті араб мемлекеттерінен басқа ұйымның барлық мүшелері мұнай бағасы құлдырап кеткен қазіргі кезеңде өте күрделі жағдайды басынан кешіп отырғанын атап көрсеткен. Оның айтуынша, егер мұнай бағасы одан әрі төмендейтін болса, ОПЕК алдағы алты аптаның ішінде төтенше мәжіліс шақыруға мәжбүр болмақ. «Біз қазірдің өзінде ұйымға мүше мемлекеттермен келіссөз жүргізіп жатырмыз», дейді Диезани Алисон-Мадуэке. Ол сонымен бірге, соңғы кезде биржада мұнай бағасының біршама өскенін, бірақ бұл уақытша құбылыс, көп кешікпей бағаның қайтадан төмен құлдырайтынын атап көрсетті. «Иә, Нигерия мұнай министрінің мәлімдемесі мұнай бағасының уақытша жоғарылауына себеп болды. Менің ойымша, бұл уақытша құбылыс. Жағдайды түзету үшін мұндай мәлімдеме Нигерия, Венесуэла немесе Ливия тарапынан емес, Парсы шығанағы мемлекеттерінің бірінен шығуы керек», дейді Strategic Energy & Economic Research компаниясының президенті Майкл Линч. Өткен жылдың күзінде өткен ОПЕК басқосуында бір ауызды шешім қабылданбады. Жетекші мұнай өндіруші мемлекеттердің басшылары мұнай өндіру көлемін одан әрі арттыру саясатын ұстануда. Біріккен Араб Әмірлігінің мұнай өнеркәсібі министрі Сухаиль Аль Мазури өткен жылдың соңында ОПЕК кезектен тыс мәжіліс шақырмайтындығын, мұнай баррелінің бағасы 40 доллардан түсіп кетсе де мұнай өндіру көлемінің төмендетілмейтіндігін атап көрсетті. Ал Сауд Арабиясының ханзадасы Аль-Валид ибн енді қандай шара қолданса да, мұнай баррелінің бағасы 100 долларлық межеге жетпейтіндігін айтады. Тіпті, The Financial Times газетінің сарапшылары мұнай баррелінің бағасы болашақта 20 долларға дейін төмендейтінін айтады. Бұл ОПЕК тарапынан АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндіру көлемін төмендетуге бағытталған шара болмақ. Ресей экономика институтының энергетикалық саясат бөлімінің меңгерушісі Владимир Волошиннің айтуынша, Нигерия, Венесуэла немесе Ливия сияқты мемлекеттердің бюджеті мұнай бағасының төмендеуіне байланысты қиындық көріп отырғаны Сауд Арабиясы үшін мәселе емес. Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері сияқты ОПЕК-тің көшбасшылары АҚШ-тың тақтатас мұнайын өндіруді төмендетіп, әлемдік рыноктағы өздерінің шешуші орындарын сақтап қалу үшін мұнай бағасын барынша төмендетуге мүдделі. «АҚШ-тағы барлық арзан мұнай рынокқа шығып, бұл елдегі «тақтатас төңкерісінің» беті қайтқан кезде ғана Таяу Шығыста мұнай өндіру көлемінің төмендегендігі, әлемдік мұнай бағасының көтерілетіндігі туралы әңгіме қозғауға болады. Ұйымның көшбасшы мемлекеттері әлемдік мұнай бағасын құлдырату арқылы АҚШ-тың әлемдік рыноктағы беделін төмендетпей тынбайды», дейді Владимир Волошин. Бұрынғы министр жауапқа тартылды Афинада Грекияның бұрынғы қаржы министрі Йоргос Папаконстантинге қарсы сот басталды. Ол министр кезінде қаржылық қитұрқылар жасағаны үшін айыпталуда. Атап айтқанда, бұрынғы қаржы министрі қаржыларын шетелдердегі банктерге жасырған 2 мыңнан астам гректердің тізімін өзгерткен. Euronews агенттігінің мәлімдеуінше, грек байларының шетелдерге жасырған бұл қаржыдан ел бюджетіне ешқандай салық түспеген. 2010 жылы Француз Республикасының қаржы министрі болған, қазір Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард HSBC банкінің швейцариялық бөлімшесінде өз қаржыларын жасырған Грекия байларының тізімін жасаған болатын. Нақ осы тізім Грекия қаржы министрі Папаконстантинге тапсырылған екен. Бірақ ол бұл тізім бойынша ешқандай шара қолданбаған. Осыдан екі жыл өткеннен кейін, яғни 2012 жылы Грекия елінің БАҚ-тары салықтан қашып, өз қаржыларын шетелге жасырған байлардың тізімін жария етті. Осы тізім бойынша анықталғанындай, 2 мыңнан астам дәулетті гректер Швейцария банкінде 500 миллион еуроны сақтап келген. Міне, осы салық кикілжіңі елдегі қаржы дағдарысын одан әрі шиеленістіре түсті. «Қатаң үнемдеу» саясатын жүргізіп отырған үкіметке қарсы қоғамдық ұйымдардың наразылығы күшейді. Тексеріс барысында, прокуратура аталмыш тізімнен қаржы министрі Папаконстантиннің үш бірдей туысының үшті-күйлі жоғалып кеткенін анықтады. Ақыры Папаконстантин билік партиясы ПАСОК-тың құрамынан шығарылып, ісі сотқа тапсырылған болатын. Папаконстантин болса, өзіне таңылған айыпты мойындамайды. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
•
03 Наурыз, 2015
Әлемді алаңдатқан мұнай бағасы
448 рет
көрсетілді