• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2015

«Менің Қазақстаным»

499 рет
көрсетілді

фестивалі ел халқының бірлігі мен тұтастығы берік екенін айғақтап берді 1995 жылы 1 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Қазақстан халқы Ассам­блеясын құру туралы Жар­лыққа қол қойғаны белгілі. Осы мерейлі дата Тәуелсіз Қа­зақ­станның тарихында жаңа бе­лесті кезеңнің бастауы болды. Елімізде түбегейлі әлеу­меттік-экономикалық өзге­ріс­терге мүмкіндік берген, этносаралық татулық пен қо­ғам­дық келісімнің,  ел бірлі­гінің алтын арқауына айналған жалпыұлттық құрылым қалып­тасты.  Мәселен, 2007 жылы ҚХА-ға конституциялық ор­ган мәртебесі беріліп, ол Пар­ламент мәжілісіне  9 депутат сайлау құқығына  ие бол­са,  2008 жылғы 20 қазан­да «Қа­зақстан халқы Ассам­блеясы» туралы Заң қабылданды. Баршамызға белгілі, бүгінде Ассамблея Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің негізгі өзегіне айналып келеді. Соның айғағы ретінде, өткен аптаның соңында Қазақ ұлттық өнер университетінде республикалық «Менің Қазақстаным» этномәдени бірлестіктердің музыкалық фестивалі өтті.  Мақсат – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және халық өнері арқылы этнос бірлігін нығайту. Сол себепті де бағдарлама шартына орай тек қазақ әндері шырқалды. Қатысушы өнерпаздар қазақтың ұлттық аспаптарымен ән орындады, фонограммасыз. Сайысқа қалалық этномәдени бірлестіктер жанындағы өнер ұжымдары мен республикалық байқауда жеңімпаз атанған вокалдық топтар мен хор ұжымдары  қатысты. Салтанатты шараның шымылдығын ашқан Парламент депутаты, ҚХА мүшесі М.Ахмадиев өнерпаздарға барша қауымның атынан сәттілік тіледі. Өнер додасында Н.Тілендиев, М.Өскенбаев, Құрманғазы, Дина шығармаларын, соның ішінде «Нар ағаш», «Аққу», «Шашу», «Балбырауын»  сияқты халық күйлерін  нақышына келтіріп орындаған өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына, қазақ өнеріне деген ыстық ықыласы мен құрметі анық аңғарылды. Киелі домбыраның қос пернесінен шыққан  құдіретті күй әлемінің сиқырына көңіліңді көгендеп, сазды ырғаққа санаңды сергітіп,  жаныңды елітіп, сахна ішін ерекше күйге бөлеген бойда, бойыңды мақтаныш кернеп, қуаныштан көңіл құрғыр босап та кетеді екен... Тебіренбей көрші, темірден жаратылмасаң. Әсіресе, өзге ағайындардың орын­дауы, олардың қазақ әндерін шырқауы жаныңды толқытпай қоймақ емес. Кілең мықтылардан іріктеліп алынған қатысушы өнерпаздарға қазылардың берер бағасы да араға бір сағаттай салып кешігіп шықты. Әрине, оларға да оңайға соқпаса керек-ті. Өйткені, бәрі шеттерінен күшті, осал ешкімі жоқ. Не керек, сайыстың аты – сайыс! Жеңімпаз анықталуы қажет. Фестивальдің ақтық сынына республикамыздың әр аймағынан 20 үміткер келіп қатысты. Қорытындыға сәйкес, «Ән орындау» және «Музыкалық аспапта ойнау» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды. Жүлдегерлерді, құрамында Парламент депутаттары мен өнер қайраткерлері бар қазылар алқасының мүшелері анықтады. Қатысушылардың барлығына «Жерұйық» кітабы мен бір құшақ гүл тарту етілді. Сайыста ІІІ орынға – 50 мың, ІІ орынға – 100, І орынға – 150 мың, ал бас жүлдеге 250 мың теңге ақшалай жүлде тағайындалды. Сонымен, бас бәйге  Қызылорда облысы, Тереңөзек кентінің тұрғыны, молдаван ұлтының өкілі Луца Константинге бұйырды. Қазіргі кезде Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде құрылысшы мамандығы бойынша білім алып жатқан студент Луца Константин бұл жеңіске, әрине, қазақ тілін жақсы меңгергендігінің арқасында жетті. – Ең сүйіп оқитын пәнім – қазақ тілі. Жастайымнан ұлы Абай атамыздың өлеңдерін жаттап өстім. Абай оқуларына да қатыстым. Қазір Абай әндерін орындап жүрмін. Оқып жатқан оқуымды бітіріп,  елімнің дамуына өз үлесімді қоссам деймін, – дейді молдаван ұлтының өкілі. * * * Ал сенбі күні «Менің Қазақстаным» атты шара соңы Қазақстан халқының форумы мен гала-концертке ұласты. Шараны ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуына 20 жыл толуына арналған құттықтауын оқып берді. Елбасының құттықтау хатында «Барша қазақстандықтарға бейбітшілік пен келісімнің туын биік ұстап, қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі үшін аянбай еңбек етуді» тілеймін деп жазылыпты. Аталған форум  шеңберінде «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» мега-жобасының қорытындылары таныстырылды. Форумға Қазақстан халқы Ас­самблеясының ардагерлері мен мүшелері, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, республикалық, облыстық, қалалық этномәдени  бірлестіктердің жетекшілері, дипломатиялық корпустың өкілдері, саяси партиялар мен жас­тар ұйымдары және өнер ұжымдары қатысты. Бағдарлама аясында ҚХА-ның республикалық патриоттық «Қамқор» жастар жобасының, сонымен қоса, «Тарих тағылымы» атты қазақстандық кино күндерінің ашылуы, «Түркі-славян» халықаралық гуманитарлық орталығының тұсаукесері өтті. Шара соңында «Менің Қазақстаным» республикалық фестивалінің жеңімпаздары барша қатысушы қонақтармен қосыла ән шырқады. Айтулы мерекенің мәдени шаралары мұнымен шектеліп қалмақ емес. Мәселен, 1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орай, республика аймақтарындағы  2 486 елді мекенде 4 мыңнан астам шара өткізілді. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,  журналист. АСТАНА. Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ