Мәжілісте палата Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Куба Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Рохелио Серра Диаспен кездесіп, Қазақстан-Куба қарым-қатынасын нығайта түсу мәселелерін талқылады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Мәжіліс вице-спикері Куба Қазақстанның Кариб бассейніндегі сенімді серіктесі екендігін атап, біздің еліміз алдағы уақытта да мемлекеттер арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты өркендетуге мүдделі екендігін білдірді.
Екі ел арасында өзара пайдалы әрі мүдделі бағыттар көп болғандықтан, Мәжілістің вице-спикері Куба іскерлерінің компанияларын «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырды. Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуға ұмтылысын қолдағандықтарына алғысын жеткізді.
Кубаның Сыртқы істер вице-министрі қазақстандық спортқа деген жоғары көзқарасын айта келе, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысатындықтарын мәлімдеді. «Қазақстан ғаламдық қауіпсіздікті нығайтуға үлкен үлес қосып отыр», – деп баға берді. «Қазақстан Кариб аймағына біз арқылы өтсе, қуанар едік», – деген ақжарма тілекпен парламентаралық байланыстарға тоқталды. Қазақстан парламентшілерін заң шығару жұмысы бойынша тәжірибе алмасу мақсатында еліне шақырды.
Жүздесуге Қазақстан тарапынан Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Кубаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Вальдес Де Ла Консепсион қатысты.