Сенат Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат аппараты, Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениеттер және діндердің халықаралық орталығы өкілдерінің қатысуымен отырыс өткізді.
Бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үнқатысуды дамытуға арналған діни форумның зор маңызын атап өте келіп, Қ.Тоқаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын сапалы түрде іске асыру қажеттігіне назар аударды. Төраға шетелдік діни және саяси қайраткерлердің съезде айтқан ұсыныстары мен идеяларына талдау жасауға тапсырма берді.
Жауапты мемлекеттік органдарға БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдарға V Съезд Декларациясын тарату, сондай-ақ, Астанадағы дінаралық үнқатысудың маңызын жүйелі түрде түсіндіру тапсырылды. Қ.Тоқаев съездің БҰҰ Өркениеттер альянсы мен басқа да үнқатысу құрылымдарымен өзара іс-қимылды күшейту жайында да айтты, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.