• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2015

Қаржы дұрыс игерілуі тиіс

307 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Үкіметтің кеңейтілген отырысына арналған брифинг өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшісі Азат Перуашев, сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаттары Екатерина Никитинская, Светлана Қадыралиева, Нұрлан Жазылбеков, Алмас Тұртаев қатысты. Азат Перуашев Мемлекет бас­шысының бастамасына орай қол­ға алынған «Нұрлы Жол» бағ­дар­ламасына қатысты өз ой-пайымымен бөлісті. «Кейде, осы бағдарламаны бағалау кезінде кейбір сарапшылар түрлі пікірлер айтып жатады. Мәселен, біреулер бұл бағ­дарламаны маңызды деп сана­ғаны­мен де, оған белгілі бір кезең­ді ғана қамтитын бастама ре­тінде қараса, енді бір азамат­тар бұл бағдарламаны өте толыққанды құжат ретінде көреді. Біз «Нұрлы Жол» бағдарламасына Елбасының тәуелсіздік алған жылдардан бү­гінгі күнге дейін жүргізіп отыр­ған саясатының кең ауқымды щеңберінде қарастырған жөн деп санаймыз. Егер Президенттің жыл сайынғы Жолдауын қалт жібермей, қадағалап отырсаңыз, мемлекетті мақсатты түрде дамыту жүйесі айқын көрінер еді. Демек, «Нұрлы Жол» – жаңарған, өркендеген, экономикасы тұрақты түрде дамыған мемлекеттің кең ауқымды, кешенді жүйесі көрініс тапқан құнды құжат. Онда бүгінгі таңда әлемді алаңдатып отырған қаржылық дағдарысқа қарсы тұру, я болмаса, оның алдын алудың шаралары қамтылған. Сондықтан, Жаңа Экономикалық Саясаттың негізі саналатын нақты салаларға қатысты күн тәртібінде тұрған мәселелер «бір күндік мәселе» ретінде қарастырылмауы тиіс. Мұндай салалар жаңа заманның талабына сай, тұрақты және сапалы түрде дамып отыруы қажет», – деді А. Перуашев. Осылай дей келе, ол рес­пуб­ликалық бюджетті оңтайландыру жолында бірқатар шығындарды қысқартуға байланысты пікірін жеткізді. Ол үшін экономиканың нақты секторларына, оның ішінде кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетудің маңызын атап өтті. «Се­бебі, жеке кәсіпкерлікті дамыту, ең алдымен, ұлттық эконо­миканың импорттық өнімдерге де­ген тәуелділігін азайтады, сол арқылы инфляциялық, деваль­ва­циялық үдерістер қаупінің төнуін айтарлықтай деңгейде төмендетеді. Ал сыртқы сауда айналымындағы теңсіздік – инфля­цияның, девальвацияның туындауы­на әсер ететін бірден-бір фактор. Мұндай қауіптердің алдын алудың ең бір тиімді жолдарының бірі – әртараптандырылған өндіру­ші экономиканың құрылуы, экс­портқа бағытталған салаларды дамыту, отандық өндірушілердің тауар­ларымен ішкі тұтынушы нарық­ты жандандыру», – деді Мәжі­ліс депутаты. Брифинг барысында Азат Пе­руашев Елбасының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық өндірушілерді қолдауға байланысты бірнеше маңызды міндетті жүзеге асыру жүктелгенін, олар: отандық тауарлар мен қызмет көрсету түрлерін сатып алу, Қазақстанда жасалған өнімдерді қолдау, «Қазақстанда жасалған» акциясы тетігін іске қосу екеніне тоқталды. «Әрине, бұл міндеттердің барлығы бизнес үшін өте өзекті. Кеңейтілген отырыстан кейін «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы бұл міндеттерді заң түрінде бекітуге қатысты депутаттық сауал жолдады», деді ол бұл ретте. Қазақстанның «Ақ жол» де­мо­кратиялық партиясының жетекшісі Азат Перуашев сондай-ақ, спорт саласына бөлiнетiн бюджеттiк қа­ражаттың тиiмдi, мақсатты түрде жұмсалуы қажеттігіне де на­зар аударды. «Дүниежүзінде кәсiпқой футбол клубтары өз күндерiн өздерi көреді. Яғни, мектептер мен секцияларға бөлінуі тиiс қаражатты алып қоймайды, қайта балалар спортының дамуына қолдау танытады. Себебі, олар өз кәсiбiнiң нағыз мамандары. Бiзде де ондай спортшылар бар. Мәселен, Геннадий Головкин – мықты бокс­шы. Бюджеттен бір тиын да ақша алмайды, ұлттық компаниялардан қаржы сұрамайды. Бiрақ, бұл азаматты әлем бiледi, оның арқасында Қазақстан туы талай рет көкке көтерілді. Міне, бiз осындай адамдарды мақтан тұтамыз. Сол сияқты Қанат Ислам да өз iсiнiң шебері. Ешкiмнен ештеңе сұрамайды, шаршы алаңға Қазақстан туымен шығады», деді ол. Оның айтуынша, жақында жергілікті бюджеттердің игерілуіне қатысты мәліметтерге талдаулар мен сараптамалар жүргізілген. «Сонда біздің бір байқағанымыз, мәселен, күрес секциясына барлық өңірлер жергілікті бюджеттен 2015 жы­лы 3,1 млрд. теңге, боксқа – 1,5 млрд., ауыр атлетикаға – 487 млн. теңге бөліп отыр. Бірақ, қомақ­ты қаражат, яғни, 14,6 млрд. теңге республикалық бюджетке оңтайландыру жүргізілгеннен кейін де футбол клубтарына бағыт­талмақ. Бұл нені көрсетеді? Бұл – Еуропа чемпионатының ірік­теу тобында соңғы қатарда тұр­ған футболға жергілікті спорт бас­қар­масының боксқа қара­ғанда, 10 есе көп мемлекет қаржат жұмсайтынын көрсетеді. Сон­дықтан, спорт саласына бөлінетін қаржының өз жөнімен жұмсалуын қадағалау қажет», – деді А.Перуа­шев. Брифинг барысында депутаттар дағдарыстың алдын алуға қатысты әрбір іс-шараға айрықша мән берілу қажеттігіне тоқталды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».