Кәрі тарих мұхитының талай тегеурінді толқындары мен дүлей дауылдарына төтеп беріп, бүгінде тәуелсіздіктің даңғыл жолына түскен еліміз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дара басшылығымен жаңару мен жаңғыру мұратын көздей отырып, демократиялық құндылықтарды нығайту, әлеуметтік-экономикалық, мәдени һәм ғылыми әлеуетті еселеу, рухани қуатты арттыру сынды аса ауқымды міндеттерді жүйесімен, сәтімен жүзеге асырып келеді.
Бұл орайда, мәуелі мемлекетіміздің жаңа бейнесі, жарқын келбетіне айналып, елдіктің бесігіндей болған Астана әлемдегі ең көрікті қалалардың қатарынан берік орын алуымен бірге, халықаралық саясаттың ірі орталығына айналғандығы мойындалған ақиқат. Еуразия жүрегінде орын тепкен Астана қазіргідей сан түрлі терең қайшылықтарға толы күрделі халықаралық жағдай тұрғысында еліміздің бейбітшіл сыртқы саясатының айшықты нышанына тән ынтымақтастық, татулық, бітімгерлік миссиясын табанды жалғастыруда. Байырғы дала демократиясының даралық құндылықтары айнымастай орныққан жаңа Қазақстан еуропалық өркениет пен шығыстық сұңғылалықты тел игеруінің нәтижесінде сыртқы дүниедегі, аймақтағы қайшылықты көзқарастар мен ұстанымдарды шебер ұштастыру, сан алуан мәдениеттер мен діндердің тоғысуында тағылымдық рөл атқарып келеді.
Мұның жарқын көрінісіндей, таяуда елордамызда өткен әлемдік дінаралық форум барысында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы сыртқы саясат ішкі саясаттың жалғасы екендігін айта отырып, өркениеттер үнқатысуы – қияли миссия емес, қайта, тұрақсыздық пен толқымалылыққа тап болған халықаралық жағдайды сауықтырудың табанды талабына айналып отырғандығын әрі біздің жағрапиялық төңірегіміздегі қауіпсіздік пен дамуға мұның тікелей әсері барлығын мәлімдеген еді.
Елбасы Астана туралы бір толғанысында «қалалар да адам тағдырлас» дегені бар. Расында, Астана ауыз әдебиетіміздің жауһарлары – батырлар жырындағы күн санап өсетін, көзді ашып-жұмғанша ержетіп, жұртына қорған болуға асығатын алып батырларымыз тәрізді, керегесі қауырт көтерілген қарашаңырағымыз болуымен бірге, тұрақтылық пен ынтымақ мекені ретінде барша жаһан жұртына танылғандығын, ғаламдық ғазиз беделге ие болғандығын кеудемізді керген зор мақтанышпен айта аламыз.
Аузы дуалы әлемдік тұлғалар, бәрін айтпағанда, «темір ханым» Маргарэт Тэтчер қазақ елінде болып жатқан ұлы өзгерістерге таңғалысымды жасыра алмаймын... бүгін сіздер барша келешек ұрпақ үшін мызғымас іргетас қаладыңыздар, десе, шығыстың сұңғыла саясаткері Цзянь Цземинь өз мемлекетін құруда Қазақстанның теңдессіз табыстарға жетеріне риясыз сенім білдіруі де кешегі бір толарсақтан саз кешкен бұлғақ замандарда «бірінші тілек тілеңіз...» деп толғанған бабалар рухының желеп-жебеуінен де болар, сірә!
Иә, әлемдік дипломатия тарихында мәртебелі халықаралық ұйымдардың немесе маңызды құжаттардың белгілі бір қалалардың атымен, мәселен, Вена конвенциясы, Киото хаттамасы, Шанхай ұйымы тәрізді аталуы қалыптасқаны белгілі. Олай болса, қазіргі халықаралық лексикада Астана саммиті, Астана форумы, Астаналық диалог деген атаулардың жиі қолданыла бастауы рухымызды асқатата бермек. Бұл ретте Біріккен Ұлттар Ұйымы сынды ең ірі әлемдік ұйымның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның және жақында ғана қазақ жеріне кезекті рет атбасын тіреген Бас хатшы Пан Ги Мунның дәл осы арадан Жер шары жұртшылығына татулық пен бейбітшілік, келісім мен бәтуашылдық, әділдік пен руханиятқа шақырған үндеулерін таратуында да терең мағына жатқаны кәміл.
Мұның айқын көрінісі ретінде мәртебелі қонағымызбен бірге Астанада БҰҰ Өкілдігінің жаңа ғимаратын ашу салтанатында еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ерлан Ыдырысовтың Қазақстанның барлық бағыттар бойынша осынау қабырғалы жаһандық ұйыммен ықпалдастығының жанданып отырғанын, дәл осы күндері әлемдік діни жүздесудің жүріп жатуы, біздің мемлекетіміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ұсынылуы, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізетіндігі, биылғы мерейтойлық Бас Ассамблеяға, алдағы айтулы саммиттерге белсенді қатысатындығы отандық сыртқы саяси әлеуетіміздің толыққанды жүзеге асырылуының қарышты қадамдары деп атап өтуі бұл пікірімізді айғақтайды. Расында, бүгінгі дәуір талабы тұрғысынан келгенде, ешқандай мемлекет жеке-дара, ғаламдық үдерістерден оқшау дами алмайтындығы баршаға аян.
Міне, сондықтан да тәуелсіздік жолымыздың қысқаша тарихында қол жеткізген ұлы жетістіктерімізді түбегейлі саралай отырып, болашаққа бұлтарпас бағдар берген Президентіміз жариялаған «Мәңгілік Ел» стратегиясын жүзеге асыру, оның қуатты арқауына айналған Астананың одан әрі жасаруы мен жаңғыруына үлес қосу әрбір азаматтың биік парызы деп білеміз. Ғасырлар қойнауында қалған көне замандардан бері Еуразия кеңістігінде еркін өмір сүрген көшпелі ұлысымыздың азат рухының бұлжымас рәмізіне айналған елорда тұрғындары байтақ жұртымыздың барлық аймағындағы елді мекендері үшін абаттылық пен тазалықтың, этика мен эстетиканың, ең алдымен, қастерлі ана тілімізге деген айрықша құрметтің жарқын үлгісін паш етуі лазым. Мұндай орынды талап әуежайдан бастап аулаларға, көшелер мен саябақтарға дейінгі аралықты қамтуы тиіс. Шетелдік мәртебелі қонақтар, қарапайым келушілер мен туристер болсын Астанаға атбасын тірегенде, ең алдымен, қазақ еліне келгенін шынайы сезінуі керек. Демек, бас қаламыздың келбетінде ұлттық бедердің басым болуы күн тәртібінен ешқашан түспейді деген нық сенімдеміз.
Алаштың ардақты перзенті Мұстафа Шоқай туған жерінен амалсыз жырақта жүрген жылдарында өзегін тілген сағынышпен: «Жаман халық деген жоқ, жаман адамдар бар; адамгершілігі мол мемлекет деген болмайды, адамгершілігі мол адамдар болады» деп жиі айтып отырған екен. Ендеше, елінің ертеңі, халқының келешегі қызмет-мансабын ұлт мұратымен ұштастыра білетін арда азаматтарының парасат-пайымына, сана-мәдениетіне көп байланысты.
Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап һәм ұлысымыздың дамыған отыз елдің ортасына кіру мұратын көздейтін Елбасының анықтап берген «Жүз қадамының» беташары лауазым иелерінің ең төмен сатыдан бастап, іскерлік қабілеттері арқылы ғана сатылай өсуі қажет деген өзекті тұжырымды да өмірдің өзі алға тартып отырғаны кәміл. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазіргі дүбірге толы дүниеде жер шарының бірқатар аймақтарында түрлі себептермен саяси жағдай барынша шиеленісіп, оның ақыры соғыс өртінің тұтануына жеткізіп, соның салдарынан бейбіт тұрғындар, әйелдер мен балалар, қарт адамдар қасірет шеккен орасан әлеуметтік апатқа әкеліп соғуда. Қазіргі кезеңнің ең қауіпті қатерлері қатарындағы әлеуметтік әділетсіздіктің орнауы, лаңкестік, бүлдірушілік идеяларының таратылу үрдісі өркениетті қоғамдастық тарапынан барынша жедел, тиімді шараларды қабылдауды талап етеді.
Демек, ұлттық стратегиямызда айтылған адамдардың, ел азаматтарының моральдық жай-күйі мен әлеуеметтік аңсар-үмітіне теріс әсерін тигізіп, теңсіздік белгілерін тереңдетуге жеткізетін жат құбылыстардың, бірінші кезекте сыбайлас жемқорлық, парақорлық пен әділетсіздік, өзім білемдікке ұрынып заңды белден басушылық тәрізді қатерлі індеттердің тамырына балта шабу, шынайы білім, адал еңбектің ғана арқасында парасат пен ізгілік құндылықтарына негізделген өркениетті, озық Мәңгілік елдігімізді, оның алтын арқауына айналған Астанамызды нығайта беру бүгінгі және келешек ұрпақтардың ең басты, ең қасиетті парызы болып қала бермек.
Мұхтар КӘРІБАЙ.