Күні кеше күшіне енген Ата заң мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңартпақ. Заң мен тәртіпті сақтау, білім мен ғылымды дамыту, тазалықты дәріптеу конституциялық міндет ретінде айқындалды. Бұл өзгерістерден ел азаматтары не күтеді? Осы орайда елорда тұрғындарының ой-пікірін білген едік.
Димаш СЕЙІТБЕК:
– Кез келген қоғамның алға басуына дер кезінде жаңашылдық қажет. Өзгерістерді толық қолдаймын. Әсіресе Ата заңда қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше мән берілген. «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық акциясы аясындағы сенбіліктерге қатысып тұрамын. Бізде демалыс орындарының аумақтары қоқысқа толы, оған қоса ескерткіштерді бүлдіру (вандализм) белең алып барады. Әрбір азамат қоршаған ортаны аялап, тарихи-мәдени мұраларды сақтауға заң алдында да, ар алдында да жауапты болуға тиіс.
Асылбек ЕСЖАН:
– Конституцияға енгізілген өзгерістер еліміздің экономикалық әрі рухани тұрғыдан қауіпсіз дамуына ықпал етеді деп есептеймін. Құжатта отбасы институты, ұлттық құндылықтарымызды қорғау шегелеп көрсетілген. Соның ішінде неке мәселесіне қатысты тармақты ерекше атап өткім келеді. Заң бойынша неке тек ер мен әйелдің арасындағы ерікті одақ деп танылады. Бұл – біздің ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрімізге, ділімізге, отбасылық құндылықтарымызға толық сай келеді. Ата заң өскелең ұрпақты кейінгі жылдары қоғамда белең алған Батыстың жат идеологиясынан қорғайды.
Батырбек МАРҚАБАЙҰЛЫ:
– Ең бастысы, өзгерістер халықтың әл-ауқатын жақсаруға жұмыс жасауға тиіс. Заң бәріне бірдей болуы әрі адам құқығы қорғалуы керек. Жаңа Ата заңнан күтеріміз де, талап етеріміз де осы – әділдік. Мемлекеттің байлығы, жері мен оның қойнауындағы табиғи ресурстар тікелей халыққа тиесілі деп бекітілді ме, демек соның игілігін қарапайым бұқара сезінуі қажет. Заң талаптары шендіге де, қарапайым жұмысшыға да бірдей орындалуға тиіс.
Айжан ОРЫНБАЙ:
– Мені әйел әрі ана ретінде Конституцияның әлеуметтік тұсы, оның ішінде ана мен баланы қорғау мәселесі көбірек қызықтырады. Кез келген ана перзентінің болашағы үшін алаңдамайтындай мемлекеттік кепілдік пен қауіпсіздікті сезінуі керек. Алайда бұл жердегі мәселе – жастарды дайын асқа тік қасық деп үйретіп, мемлекетке масыл қылу емес, олардың өз әлеуетін ашуына жағдай жасау. Мемлекет жас буынға жарқын болашаққа деген нық сенім ұялатып, сапалы әрі қолжетімді білім алуына, сондай-ақ еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік берсе игі. Қазір айналамызда жоғары оқу орнын бітіре сала, мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, ауылда бос жүргендер көп. Қолындағы дипломы өмірлік кәдесіне жарамай, шаң басып жатыр. Мына өзгеріс осы мәселені реттеуі керек.
Жасұлан СЕРІКҰЛЫ:
– Өзгерістерден хабардармын. Конституциялық реформалар біз сияқты қарапайым жұмысшылардың күнделікті тұрмысына әсер етуге тиіс. Мысалы, қазір баспана мәселесі, азық-түлік бағасы мен коммуналдық қызметтердің құны бәрімізге салмақ салып отыр. Тапқан табысыңның жартысынан көбі пәтерақы мен тамақтан артылмайды. Әлеуметтік пакет ретінде жас отбасыларға қолжетімді баспана бағдарламалары көбейіп, несие пайыздары төмендесе, бұл заңның нақты игілігі болар еді. Бізге керегі – аста-төк байлық емес, адал еңбегіңмен, маңдай теріңмен тапқан табысыңның берекесін көріп, бала-шағаңды уайымсыз асырай алатындай ертеңгі күнге деген сенімділік.
Құндыз МАЙДАНҚЫЗЫ:
– Ата заң – ел тәуелсіздігінің негізі ғой. Конституцияға енгізілген жаңашылдықтарды қолдаймын, өйткені олар қоғамның дамуына әсер етсе, нұр үстіне нұр. Ең маңыздысы – ел іші тыныш, егемендігіміз мәңгі болсын. Жаңа Конституция жас ұрпақтың бойында отаншылдық рухты оятып, еліміздің әлемдік аренадағы абырой-беделін арттыруға қызмет етсін.
P.S.: Астана көшелерін аралап жүріп, біраз адамды сөзге тарттық. Арасында жаңа Ата заңнан мүлдем хабары жоқтары да кездесті. Алайда көпшілік қауым ел өміріндегі өзгерістерден хабардар екенін байқадық. Кей азаматтардың пікірі көңіл қуантты. Әрқайсысы өзінше қоғамды ілгерілеткісі келеді. Бірақ бәрінің ниет, тілегі бір – алаңсыз өмір сүру.
Дайындаған
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»