• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2015

Міндет ауқымы кеңейе бермек

273 рет
көрсетілді

Тәуелсіз Қазақстанның астанасы Арқа төріне қоныс тепкен алғашқы күндерде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Мен астаналық Ақмола облысының тұрғынымын», – деген қанатты сөзі ақмолалықтарды айрықша жігерлендіріп жіберген. Бұл жауапкершілікті еселендіре түсер маңыздағы тапсырма екендігі де түсінікті еді. Соның ең абыройлысы – Астананың азық-түлік-белдеуін қалыптастыру. Жұртшылық жұмысқа жұмыла кірісті. Қазіргі қалып облыстың міндет үдесінен көріне білгендігін көрсетеді. Біз осы орайда, ортақ үрдіске өзіндік үлес қосып отырған Бурабай ауданының әкімі Төлеген ТАШМАҒАМБЕТОВТІ әңгімеге тартып, тақырыпқа қатысты ой бөлісуін өтінген едік. – Төлеген Жұмабекұлы, Ас­тана маңайында азық-түлік белдеуін қалыптастыру терең тамырлы іс деп білеміз. Осы түй­ін­нен таратып не айтар едіңіз? – Елбасының әр тапсырмасында болашақпен байланыстырылатын ой жатады. Нұрсұлтан Әбішұлы сөз қорымызға «Аста­наның азық-түлік белдеуі», «Аймақтық агломерация» деген ұғымдарды қосты. Мәселе азық-түлік тауарларының ағынымен шектелмейді. Бұл міндеттер облыстық кешенді бағдарламада жүйелеп көрсетілген. Осынау айрықша қозғалыс табиғаты көркем, курортты өңір саналатын Бурабай ауданының тіршілігіне ерекше екпін мен әсемдік реңк қосқанын бөлектеп айтқым келеді. – Иә, Мемлекет басшысы­ның тікелей араласып, қам­қорлық танытуының арқа­сын­да Бурабай мүлдем өзгерді. Заманауи ғимараттар мен әлеу­­меттік нысандар бой кө­те­­ріп, көз қуантады. Жаңа «реңк» туралы жақсы айтты­ңыз. Осыны аша түссеңіз. – Бұл – халықтық таным-тү­сініктің қалыңдай түскенін, қадамымыздың уақыт ағымымен деңгейлес екендігін білдіретін реңк. Халық ұтымды ұсыныстар ордасына айнала бастады. Мем­лекет бұған жайма-шуақ жол ашып отыр. Сенім қуаты барда жұмыс істеу де қызғылықты. Биылғы 17 ақпанда Ақмола облыс­тық мәслихатының шеші­мімен «Астана қаласының ма­ңындағы азық-түлік белдеуін дамытудың 2015-2018 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы» қабылданды. Осы аралықта, ірі агрокәсіпорындарды қоспағанда, ауданымыздың 34 шаруа қожа­лығы Астананың тұрақты әріптесі қата­рына қосылды. Әсіресе, «Жас», «Атамекен», «Айдын», «Беке», «Марина», «Ақ киік» жә­не басқа ұжымдар ауыл әрін аша түсуде. Сондай-ақ, Астана базарлары мен сауда орындарында өз ауласында өсірілген өнімдерді саудалап жүрген жер­лестерімізді көруге болады. «Астана-Бурабай» автобанына жақын елді мекендерде жол бойы сервисі кеңейіп, «Бал өнімдері», «Саңырауқұлақ фестивалі» сияқ­ты шаралар өткізілуде. – Бұл күндері «Астананың азық-түлік белдеуі» халық ша­руа­шылығы өндірісінің ма­ңызды саласына айналуда. Бұл орай­да, сіздің ауданыңызда қан­­дай шаруалар атқарылып жатыр? – Солай деуге негіз бар. Цифр­лар тілімен сөйлеп көрейік. Ауданымыз өткен жылы Ас­тана қаласының нарығына 703,9 миллион теңгенің ауыл шарауашылығы тауарларын шығарды. Оның ішінде «Есіл Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дайындаған 1200 тон­надан астам сүт өнімдері, «Бурабай» мен «Kaz Beef Ltd» фирмаларының 20 тонна ет өнімі, «ОСКО» ЖШС-нің 56 тонна шұжығы, «Кемер ТД» ЖШС-нің 48 миллион дана жұмыртқасы, «Жас» шаруа қожалығының 40 тонна қымызы және «Астана Өнімдері» серіктестігінің 30 тонна қымызы мен 8 тонна шұбаты бар. Ауданымыздың картоп, жеміс пен көкөніс өндірудегі үлесі де артып келеді. Биылғы маусымның бесіне дейінгі мәлімет бойынша, біздің негізгі бес шаруашылығымыз Астана мен оның айналасындағы елді мекендерге 298,3 миллион теңгенің мал өнімдерін жеткізді. Атап айтсақ, «Есіл Агро» өзінің «Айна» сауда үйі арқылы 59,4 миллион теңгенің 540 тонна (30 түрлі) сүт өнімдерін, «ОСКО» ЖШС 18,2 миллион теңгенің 28,6 тонна шұжығын, «Береке-Агро» фирмасы 218,9 миллион теңгенің 20 миллион дана жұмыртқасын, «Хоттей» серіктестігі 32 тонна етті сауда айналымына қосты. Ауданымызда ет және сүт өңдейтін 5 кәсіпорын, жылына 140 мың тонна ұн ақтау қуа­тындағы 5 диірмен, 21 нан-тоқаш, кондитер өнімдерінің 7 цехы және өсімдік майын дайындайтын серіктестік жұмыс істейді. Бұлардың бәрі 2018 жылға дейінгі болжамдық жоспар бойынша өнім шығаруды 15-30 пайызға арттырады деп күтілуде. Яғни, Астана нарығындағы орнымыз ай­тарлықтай болмақ. Осы бағыт­тағы қам-қарекеттеріміз нақ­тыланып, күнделікті бақы­лауда ұсталуда. – Аталған қам-қарекет­тер­ден хабардар етсеңіз. Шара­лар кешені жүйелілікті талап етеді емес пе? – Жүйеліліктен бастайық. Елбасы ұсынған бес институт­тық реформа еліміздің одан әрі өр­кендеп дамуына, халық­тың әлеуметтік деңгейінің көте­рілуіне ықпал етуді мақсат етеді. Ен­деше, мемлекеттік саясаттың бас­ты механизмі саналатын эконо­микалық өсімді қамтамасыз етуі­міз керек. Қазақстан Прези­денті көрсеткен 100 қадамда: «Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвес­торларды тарту. Негізгі міндет шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау» делінген (61-қадам). Бұл орайда, біз іргедегі Астана нарығының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануымыз қажет. Осыған сәйкес ауыл шаруашылығы кәсіп­орындарын қуаттандыру ісін жалғастырудамыз. «Бурабай Құс АФ» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігінде 2005 жылдан бас­тап 3,7 миллион АҚШ долла­рының инвестициялық жобасы жүзе­ге асырылуда. Қазір мұн­да жұмыртқа өндірісінің 10 це­хы қатарға қосылып, 130 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Ал «Есіл Агро» ЖШС 990 миллион тең­генің заманалық тауарлы-сүт фермасын пайдалануға беру арқылы жыл сайын әр сиырдан 6-8 мың литр сүт алынуын қамтамасыз етті. Мұндағы 1200 бас сиырға небәрі 35 адам күтім жасайды. Кенесары ауы­лындағы кәсіпорынның ашылу салтанатына Елбасымыз қатысып, сәттілік білдіргенін айта кеткім келеді. Сондай-ақ, «Жаңа-Бас АХ» ЖШС ауысым сайын 10 тонна өнім өңдейтін ет комбинатын іске қосты. Жобалық құны 600 миллион теңгені құрайтын кәсіпорында 60 адам тұрақты нәпақа тау­ып жүр. Индустриялық-инно­вациялық бағдарлама шең­берінде құрылған «Бурабай өсімдік майы» ЖШС жылына 32 мың тонна өнім шығара алады. Мұндай мысалдарды әрі қарай жалғастыра беруге болады. Әйткенмен, аталған кәсіп­орындардың біршамасы шикізат жетіспеушілігінен толық қуа­тында жұмыс істеп тұрмағанын айт­қан жөн. Ауданымызда қай­та өңдеу кәсіпорындарын қол­дау мақсатында мал шаруа­шы­лығын субсидиялауға респуб­ликалық бюджеттен 424 миллион теңге қаржы бөлінді. Мұн­да селекциялық жұмыс пен мал тұқымын асылдандыруға, бор­дақылау алаңдарын кеңейтуге ерекше назар аударылған. Алдағы кезде ауыл тұрғындарынан сүт сатып алуды 30 пайызға арттыру үшін 14 дайындау пунктін ұйымдастырдық. Егіншілік сала­сының бағыты да өзгертілуде. Онда майлы дақылдар мен картоп өсіру басымдық ал­ған. Шаруашылықтардың ма­те­риал­дық-техникалық базасы да нығаюда. Осы қадам­дар бурабайлықтардың Астана­ның азық-түлік белдеуін молай­тудағы мерейлі міндеттер үде­сінен көрінетіндігіне сенім қалып­тастырады. – Әңгімеңізге рахмет, та­быс­­тар тілейміз. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Бурабай ауданы.