• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2015

Тоңазытқыш ұшқан күн

291 рет
көрсетілді

Сарыкөл ауданының орталығындағы стадионда аудандық спартакиада­ өтіп жатқан болатын. Негізі бұл спорт бәсекесі аудандар үшін жыл бойы күтетін жаздың негізгі мерекесінің бірі. Сарыкөлдіктер де түс әлетінде спорттық жарыстарды қыздырып, мереке қызығын алаңсыз тамашалап жатқан. Күн ыстық, аспан шайдай ашық, тынық. Бір кезде алыс­тан шаң көрінгендей болды, оны стадионда спорттық жарыстар қызығына түскен жұрт­тың көбі байқай да қойған жоқ. Әлгі шаң стадионмен қатар орналасқан саябақтың қасы­на келгенде стадиондағылар шаңның тым аспан­дап, қоюланып кеткенін байқады. Бірақ не болғанын өздері де түсіне алмай қалды. Жұрт таңырқап қарап үлгермей-ақ, ста­дион­да аламан-тасыр басталды да кетті. Киіз үйдің туырлығын жұлып тас­тады. Сусын, түрлі тағам сатылатын екі сауда шаты­ры­­ның плас­тиктен жасалған терезе­, шатыр­лары қирап, сынықтары аспанға ұшты. Тоңа­зыт­қыш­тарды аспанға көтеріп, біраз жерге апарып тастаған. Шатыр ішін­дегі сатылатын тағам­­дардың түр-түрін, тіпті пісіріліп жатқан кәуап­­тарды, сату­шылар­дың саудадан түскен ақша­­ларын, басқа заттардың барлығын жұрт аспаннан көрді. Сарыкөлдік әріптестеріміздің айтуынша, осының барлығы санаулы минуттарда ғана болып, қара құйын жыландай жалмап жүре берген. Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккендер де аз емес. Екі жасар баланы құйын анасының қолынан жұлып алып, ұшырып әкеткен. Тез арада жеткен «жедел жәрдем» дәрігерлері баланы ауруханаға апарып, үш күн емдеді. Аудандық аурухана дәрігерлерінің айтуынша, бала ішінен жа­рақат алған, бүйрегі ауырып қалған. Бірақ жағдайы қалыпты, өміріне қауіп жоқ. Соны­мен қатар, ауруханаға жамбас сүйегі жара­қаттанған, ұшқан заттар тиіп, жарақат алған, денесін жырып кеткен кісілер де бол­ды. Түрлі деңгейде зардап шеккен 12 адам ауру­ханаға көрінген. Дәрі­герлер ста­дионда адамдарға көмек көрсеткен. Сарыкөл ауданы орман-тоғайы мол өңір. Табиғаттың мұндай тосын мінезін бұрын көрмеген сарыкөлдіктер үшін алапат құйын көрген түстей болды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы.