Бұл туралы бізге Ақмола облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Қайыр Абдрахманов хабарлады. Жеткіншек мұнда жедел жәрдем көлігімен әл үстінде жеткізілген екен.
Қала тұрғынының 2008 жылы туған баласы ауруханаға таңғы 5-те алып келінген. Шұғыл түрде қайта ота жасаған дәрігерлер оған «циркумцизодан кейінгі қабыну» диагнозын қойыпты. Кейін анықталғанындай, баласын сүндетке отырғызу ниетіндегі әке оташыны алыстан іздемей, өзі іске кірісіп кеткен. Мұның соңы қан кетіп, баланың қызуы көтеріліп, әлсіреуіне әкеліп соққан. Ақыры «қожа әке» жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болыпты. Қазір бала учаскелік дәрігерден көмек алып жүр.
– Мұндай жағдай, тіпті, көпті көрген дәрігерлердің тәжірибесінде кездеспеген, – дейді Қайыр Хамитұлы. – Оқиғаға селқос қарауға болмайды. Мұның өкінішті салдары болуы мүмкін еді. Сондықтан, полицияға, денсаулық сақтау басқармасына хабарладық. Бала әкесінің қылығы көпшілік талқысына түсуі керек.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
КӨКШЕТАУ.