ПЕТРОПАВЛ. 3 наурыз. Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында тректік ипподромнан Орал, Сібір және Қазақстан кубогының алтыншы кезеңі және еліміздің ашық біріншілігі өтті. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Қызылжар ауданындағы «Құлагер» ипподромында өткен жарысқа Түмен, Қорған, Омбы және Петропавл қалаларынан 17 үміткер қатысты. Орал, Сібір және Қазақстан арасындағы кубок үшін жарыс өткен жылғы 23 желтоқсанда бастау алған. Осыған дейінгі бес кезең Ресей қалаларында ұйымдастырылып, алтыншы кезең Қызылжар өңірінде өтті.
«Сайыс ережес бойынша қатысушылар ұзындығы 1,2 шақырым ипподромды көліктерімен 4 рет айналып айналып өтуі тиіс. Жеңіл көліктердің қозғалтқыш көлемі 1600 текше сантиметрден аспауы керек», деді тілшілердің сауалына жауап берген автожарыстың бас төрешісі, облыстық автомото спорт федерациясының вице-президенті Владимир Жуковень.
Ипподромның айнадай жалтыраған жолдарында өнер көрсету, шұғыл бұрылыстардан шапшаң жылдамдықпен өту жан-жақты дайындықты, мол тәжірибені қажет етері анық. Жекелей есепте Қорған қаласының спортшысы Юрий Макаров бас жүлдені иеленді. Солтүстікқазақстандық автоспортшы Дмитрий Шарапаев мәре сызығын екінші болып кесті. Ал омбылық Игорь Усов үшінші орынға табан тіреді. Жалпыкомандалық есепте Қорған қаласының спортшылары жеңістің бірінші сатысына көтерілді. Петропавл және Омбы қаласының спортшылары екінші және үшінші орындарға ие болды.
Негізгі жарыс аяқталғаннан кейін 6 үздік спортшы КСРО спорт шебері Виктор Андруханы еске алуға арналған супер жарысқа қатысып, Омбыдан келген Игорь Усовтың бағы жанды. Кубоктық жарыстың шешуші кезеңі Новосібір қаласында өтеді.
Өмір Есқали.
Дерек: Солтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Сурет: carakoom.com.