Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова велосипед спортынан – велотректен жасөспірімдер арасындағы UCI әлем чемпионатының ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Кіріспе сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауы арқасында бүгінгі таңда елімізде халықаралық талаптарға сай спорттық нысандар бой көтеріп, әлемдік деңгейдегі спорттық шаралар ойдағыдай өткізіліп жатқанын атап өтті.
Велосипед спорты елімізде кең таралған спорт түріне жатады, 10 мыңнан аса қазақстандық велоспортпен жүйелі шұғылданады. «Астана» кәсіби велоклубы – Қазақстанның әлемдегі ең танымал спорттық брендтерінің бірі.
Әлем чемпионаты Азия құрлығының үздік жасөспірім спортшыларын, сонымен қатар, велосипед спорты мамандары мен жанкүйерлерін, әлемдік спорт қауымдастығының өкілдерін жинап отыр. Мұндай деңгейдегі шараны өткізу ел абыройын арттырып, А.Винокуров, А.Базаев, З.Забирова және басқа да әлемдік деңгейдегі қазақстандық саңлақтарды үлгі тұтқан жастар арасында велоспортты насихаттаудың пәрменді құралына айналмақ.
Әлемдік біріншілікке дүние жүзінің 31 елінен 200 спортшы қатысып, жалпы саны 19 медаль сарапқа салынатын болады. Еліміз 2011 жылы велотректен Әлем кубогын, 2014 жылы тас жолдағы велоспорт және велотректен Азия чемпионатын табысты өткізді. Жарыстардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы, әлемдік стандартқа сай қолайлы жағдай, сондай-ақ сарапшылардың оң пікірі UCI халықаралық велосипедшілер одағының 2015 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын Астана қаласында өткізу жөнінде шешім қабылдауына ықпал етті.