«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң күшіне енді. Аталған заң ел тарихында алғаш рет тек қылмыстық құқық бұзушылықтарға ғана емес, әкімшілік заң бұзушылықтарға да рақымшылық жасауды көздейді. Жаңа Конституция бойынша кімдер рақымшылыққа ілігеді? Кімдердің жазасы жеңілдетіледі? Кімдердің жаза мерзімі қысқартылмайды? Осы сауалдарға Egemen.kz тілшісі жауап іздеп көрді.
Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық жауаптылықтан және жазадан негізінен қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес, сондай-ақ келтірілген залал болмаған немесе толық өтелген жағдайда орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған жекелеген санаттағы адамдар босатылады.
«Заңға сәйкес, сотталғандардың белгілі бір санатына жасалған қылмыстың ауырлығы, келтірілген залалдың өтелуі және жазаны өтеу кезеңіндегі мінез-құлқы ескеріле отырып, жазаның өтелмеген бөлігінің мерзімі қысқартылады. Алдын ала есеп бойынша 16,5 мыңнан астам адам жаңа өмір бастауға мүмкіндік алады. Олардың 2 900-ге жуығы әйел адамдар, оның ішінде жүкті әйелдер мен кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған аналар», делінген жауапта.
Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасау жүргізіледі: Президент заңға қол қойды
Министрліктің мәліметінше, рақымшылық қоғамдық тәртіптің немесе азаматтардың қауіпсіздік деңгейінің төмендеуіне себеп болмайды.
«Заң сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм қылмыстарын, жыныстық еркіндік пен қол сұғылмаушылыққа қарсы, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды, азаптауды, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстарды, сондай-ақ қылмысты қайталап немесе аса қауіпті қайталап жасаған адамдарға ешқандай жеңілдік қарастырмайды. Сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар мен сырттай сотталғандар да рақымшылыққа ілінбейді», деп жауап берді ведомствоның баспасөз қызметі.
Әкімшілік рақымшылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 260-тан астам бабында көзделген құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарды төлеуден босатуды көздейді.
Рақымшылық – түзелуге берілген мүмкіндік
«Тек ішкі істер органдары қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтардың өзіне қатысты 17 млрд теңгеден астам сомаға салынған шамамен бір миллион айыппұл рақымшылыққа ілігеді. Осылайша, әкімшілік рақымшылық азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді», делінген жауапта.
Заң барлық әкімшілік құқық бұзушылыққа кешіріммен қарамайды. Талапты өрескел бұзғандар жазадан қашып құтыла алмайды.
«Олардың қатарында қару мен есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтар, жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу (мас күйінде көлік жүргізу, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соққан басқа да бұзушылықтар), сондай-ақ құқық бұзушылықты қайталап жасаған адамдар бар», делінген ақпаратта.
Рақымшылық: Халықаралық үрдіс пен ұлттық тәжірибе
Әкімшілік рақымшылық мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл үшін азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінуі талап етілмейді.
«Қылмыстық және әкімшілік рақымшылық бір реттік сипатқа ие. Егер рақымшылыққа ілінген адам кейін қайтадан құқық бұзушылық жасаса, ол жалпы негізде заң алдында жауап береді», делінген министрліктің жауабында.
Заңгер Нұрлан Жаңабаев ерекше жайтқа назар аудартты. Оның айтуынша, әкімшілік айыппұл сотпен тағайындалса, рақымшылық жасалмайды.
«Штрафстан» туралы сынға жауап: Депутат рақымшылықтың мәнін түсіндірді
«Әкімшілік айыппұлдар тек уәкілетті мемлекеттік органдармен салынған жағдайда ғана рақымшылыққа жатады. Ал сотпен тағайындалған әкімшілік жазалар бұл жеңілдіктің аясынан тыс қалады. Процедурасы толықтай мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Азаматтарға мемлекеттік органдарға жеке жүгінудің қажеті жоқ – барлық шешімдер электрондық цифрлық қолтаңбамен рәсімделеді, ал рақымшылыққа іліккен тұлғаларға SMS-хабарламалар жіберіледі. Сондай-ақ рақымшылық заң жарияланған күннен бастап алты ай ішінде қолданылатынын ескеру қажет», деді Нұрлан Жаңабаев.
Айта кетейік, жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық қоғамда кең қолдау тауып отыр. Бұл бастама жазалау жүйесін ізгілендіруге, сотталған азаматтардың құқықтарын қорғауға және олардың қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беруді көздейді.