Маңғыстау облысында екі адамға оқ атқан төрт күдікті ұсталды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша адам өлтіруге оқталу, бұзақылық, сондай-ақ суық қаруды заңсыз алып жүру және өткізу баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды, деп жазады Egemen.kz.
Полицейлер оқиғаның мән-жайын алдын ала анықтап, жедел-іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысы бар күдіктілерді ұстады. Қазіргі уақытта төртеуіде уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицияның мәліметінше, 9 шілде күні ауруханаға оқ жарақатын алған екі жас жігіт жеткізілген. Оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ. Қазір болған жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары оқиға Ақшұқыр ауылында болғанын хабарлаған еді. Журналистердің мәліметінше, 2001 жылы туған азаматтың беті, мойны, екі қолы бытыра оғынан жараланып, кеуде қуысына оқ өтіп, травмалық гемоторакс алған. Ал 1999 жылы туған екінші ер адамның оң жақ аяғына бытыра оғы тиіп, жарақат алып, бас сүйегінің бірнеше жері сынған.
Айта кетейік, Ақтаудағы дәмханалардың бірінде атыс болып, салдарынан ер адам бет тұсынан оқ жарақатын алды. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада күдіктінің тапаншаны қонақтардың біріне бағыттап атқаны көрінеді.