Түркияда жұмыс істеп жүрген 18 жастағы Қазақстан азаматы жол апатынан қаза тапты. Қайғылы оқиға 15 маусымда болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бойжеткен өндірістік тәжірибеден өтіп, қонақүйлердің бірінде аниматор болып жұмыс істеген. Туыстарының айтуынша, оқиға болған түні оның денсаулығы нашарлап, танысы ауруханаға алып бара жатқан кезде жол апаты болған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Анталиядағы Бас консулдық марқұмның отбасына қажетті консулдық көмек көрсетіп, құжаттарды рәсімдеуге және мәйітті елге жеткізуге жәрдемдескенін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Пхукеттегі жол апатынан Қазақстан азаматы қаза тапты. Ер адам жоғары жылдамдықпен келе жатып, мопедін басқара алмай, жол апатына ұшыраған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Бұған дейін АҚШ-та 24 жастағы Қазақстан азаматы жоғалып кеткенін жазған едік. Кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабар-ошарсыз кеткен 24 жастағы ел азаматы Әсет Құралбайдың қаза тапқанын растаған еді.