Біздің таңдауымыз – бірлік пен татулық
Бұл – Отанымыздың табысты дамуының басты кепілі
Шерхан МҰРТАЗА, Қазақстанның халық жазушысы. Дүние дүрбелең күй кешіп тұр қазір. Әлем ертеңі үшін алаңдаулы. Тіпті, алаңдауы абыржуға айналып бара жатқан сыңайлы. Себебі, болашақта не болып, не қояры белгісіз. Алмағайыптардан қауіп ойлайды. Сол үшін де күллі жаһан жанталасқа түскен. Осындай жағдайда қазағымның – халқымның, Қазақстанымның – елімнің тағдыр-талайы қандай талқыға түсер екен, маңдайында қандай жұлдыз жарқырап тұр екен деп әсіресе, біз сияқты қарт қаламгердің баяғы абыздарша толғануы жөн-ақ. Ал сол Асан Қайғылар, ел қамын жеген Едігелер, арғы-бергі абыздар не дер еді? «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтіп күн көрер?» деп төге келе: «Елім қайтіп күн көрер?!» дейтін шерлі де тебіреністі сауалды алға тартар еді ғой. Осындай абыз сауал бүгін де, бүгінгі Қазақ елінің тағдыр-талайы жөнінде де қойылып отыр. Қазақстанның болашағы үшін ел сенетін, сыннан өткен Ер керек. Ертеңгі болатын сайлауда маңдайы жарқырайтын Еріміз Нұрсұлтан Назарбаев деп білемін. Ол өз халқының аяғы да, қолы да, жалы да, қанаты да болып та келген, болып та жүр, бола да алады. Ел сенетін Еріміз – Нұрсұлтан. Бұл жағдайды Елбасымыз да, оның соңынан ерген елі де ескерсе керек. Менің айтар аманат тілегім осы. АЛМАТЫ.Алаңсыз еңбек адамды өсіреді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Үндеуін мұқият көріп, тыңдадым. Халықтың көкейіндегі мәселелердің барлығын да Нұрсұлтан Әбішұлының сөзінен тапқандаймын. Уақыт біздің ұрпаққа аз жүк салып отырған жоқ. Дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағдарыс қай елдің де бүйірінен сығып келеді. Жаһандық геосаяси қайшылықтар, яғни үлкен елдердің арасындағы кикілжіңдер де белең алып тұр. Айналамыздағы елдерде берекесіздік жайлағанын, адам шығыны шыбындай болып жатқанын көріп, біліп отырмыз. Мен – таза еңбек адамымын. Бүкіл ғұмырым шаруаның қасында, ауылда өтіп келеді. Еңбек еткен адамға дағдарыс тізесін аса батыра алмайды. Ауылдағы адамдардың астығы, ұны, малы мен малының жем-шөбі, отын-суы болса, дағдарыс оған не істейді? Бұлай дейтінім, ауылдағы еңбек адамы өндірген ауыл шаруашылығы тауарларына бәрібір сұраныс болады. Басқа болмаса да, азық-түліксіз қай ел де отыра алмайды. Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп отыр. Субсидиялар соның дәлелі. Мемлекеттік бағдарламалар да ауылдағы шаруаның еңбегін жеңілдетіп отыр. Міне, осының барлығы да елдегі тыныштықтың арқасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазған Нина Мисоченко замандасымыз бен Байқуаныш Сәрсембин ақсақалдың айтқан пікірін, тілегін бәріміз де айтып отырмыз. Үйде береке болмаса, ер азаматтың сырттағы ісі оңар ма? Осы тәмсіл бір отбасына ғана емес, бір елге де мысал боларлық емес пе? Қазір адамдар алаңсыз еңбек еткісі келеді. Еңбек болмай, нан, дастарқан берекесі болмайтынын қазір барлығы да түсінген. Сол үшін елге тыныштық керек. Сайлаудың 26 сәуірде болатынын естіп, білдік. Енді бір тілегім, Нұрсұлтан Әбішұлы сайлауға өзінің кандидатурасын ұсынуға тиісті. Бүгінгідей беласар істерді жарты жолда қалдырмау керек қой. Сондықтан президенттік сайлауды халқы Нұрсұлтан Назарбаевсыз елестетіп отырған жоқ. Сайран БҰҚАНОВ, Қазақстанның Еңбек Ері. Қостанай облысы, Меңдіғара ауданы.Бақытымыз баянды бола берсін десек...
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Үндеуінің әр жолынан мен Нұрсұлтан Әбішұлының елім, жұртым, халқым деп соққан жүрегінің лүпілін таныдым. Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді деп Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза-Әлі орынды айтқандай, бұл Үндеу Елбасының шынайы ақ адал жүрегін жарып шыққан сарабдал сөз екеніне барша қазақстандық ешқандай шек келтірмейді деп сенемін. Біз үшін туған елдің бір уыс топырағынан артық қасиетті жер жоқ. Бір түп жусаннан артық жұпар иіс жоқ деп тебіренеді Елбасы. Бұл екеуі де халқымыз үшін өте ыстық, аса қастерлі ұғымдар. Әрі оны Елбасы жалаң, үстірт мағынасында айтып отырмағанына да сеніміміз кәміл. Өйткені, бір уыс топырақ пен жусан иісінің терең нышандық мәні де бар. Оның арғы жағында тұтастай елдік пен мемлекеттілікке үндеу, оның баянды болуына әркімнің атсалысуы мен үн қосуы деген терең мағына бар деп ойлаймын. Мен мынау жалпақ дүниеде елдікке үн қосудан артық қасиетті де қастерлі міндет бар деп ойламаймын. Президенттік сайлау секілді аса маңызды мәселеге де осы тұрғыдан келуге болады. Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Үндеуінің әр жолында осындай асқақ мұраттар атойлап тұрғандай көрінеді. Президент өз Үндеуінде Қазақ елінің негізгі иесі қазақ халқына сөз арнай отырып, оның тарихи жады мықты, соңына қарап тәубесін айтқан, жолына қарап тәуекел еткен халық екенін қалай дәл тауып айтқанына тағы бір тәнті болып отырған жайымыз бар. Бұл әрі үлкен сенім. Мұндай өресі биік халқы бар елдің туы қашанда биік бола бермек. Ал туған елі мен халқын шексіз сүйе білетін оның қайталанбас қадір-қасиетіне басын ие алатын басшысы бар ел бақытты ел. Осы бақытымыз баянды бола бергеніне не жетсін?! Сондықтан да біз, оралдық аға ұрпақ өкілдері Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы президенттік сайлауға түсуіне келісім беруін жақтаймыз. Мұны басымыздан бақ таймай, мемлекетіміздің тұрақты түрде одан әрі дами беруі үшін қажет қадам деп түсінеміз. Сағи АЛДАБЕРГЕНОВ, Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Батыс Қазақстан облысы.Ілкімді істер жалғасын табуы тиіс
Қазақстан халқы Ассамблеясының президенттік сайлауды 2015 жылы өткізу туралы ұсынысын еліміздің бүкіл халқы қолдау үстінде екенін күнделікті БАҚ-тардан көріп отырмыз. Бұл ұсынысты Елбасының саясатын жүзеге асырушылар болып табылатын әкімдер де толық қолдайды. Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың дана басшылығының нәтижесінде елімізде адам сенгісіз жұмыстар атқарылды. Оны әлем елдері мойындап отыр. 1997 жылы Елбасының тікелей өзі жасап, халыққа ұсынған «Қазақстан-2030» Стратегиясы мерзімінен бұрын орындалып, дамыған 50 елдің қатарына ендік. 2014 жылы қабылдаған «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындау үстіндеміз. Алдағы уақыттарда әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Бұл межеге жету үшін елімізде бүгінгі күні сақталып тұрған тұрақтылық пен бейбітшілікті, әлеуметтік және экономикалық дамуды алдағы уақыттарда да жалғастырып, нығайтуымыз қажет. Ол үшін елді дамыту мақсатында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан, осы жолда орасан жетістіктерге жеткен, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кезеңді қамтамасыз еткен Президентіміз Н.Назарбаевты келесі кезеңге тағы да сайлап алуымыз керек. Президенттік сайлауды ертерек өткізудің тағы бір себебі, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс та белең ала түсуде. Дағдарыстың күшейетін кезі – 2016 жылға президенттік және парламенттік сайлаулар қатар келіп тұр. Мұның халық үшін психологиялық тұрғыдан және экономикалық жағынан да қиындығы бар. Сондықтан халық дағдарыстан қиналмай өтуі үшін және алдағы кезеңде маңызды да ілкімді істерді жалғастыру үшін бүгінгі ел Президенті Н.Назарбаевты қайта сайлап алу ауадай қажет. Біз әрқашанда Елбасымен біргеміз! Ділдәбек ОРАЗБАЕВ, Тарбағатай ауданының әкімі. Шығыс Қазақстан облысы.Елі Елбасына сенді, сене береді де
Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Үндеуін теледидардан тыңдадым. Кейін «Егемен Қазақстаннан» оқып шықтым. «Сайлау елімізді ұлы істерге ұйыстырып, баянды болашақ жолында біріктіре түсеріне сенемін. Қазақстандықтарды ел тарихындағы тағы бір тағдырлы оқиғаға жауапкершілікпен қарап, белсене қатысуға шақырамын», деген сөзі ата жасындағы жазушы мені ғана емес, бүкіл елді, бүтін қауымды тебіренткеніне сенімдімін. Бүгінгідей алмағайып жағдайдағы аумалы-төкпелі заманда осы күнге дейін елдің, халықтың, жұрттың сенімінен шығып келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа сенбегенде, кімге сенеміз? Халқымызды тату тірлікке бастай білген Нұрсұлтан Назарбаевқа елінің сенгеніне, сене білгеніне, сене беретініне қарт қаламгер, Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде менің де сенгім келеді. Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы. АЛМАТЫ.Қарт жауынгердің ағалық тапсырмасы
Мен Ұлы Отан соғысын бастан-аяқ өткерген жауынгер солдатпын. Соғыстан кейін де Германияның Ильменау қаласында әскери комендант қызметін атқардым. Көргенім де, білгенім де көп. Сондықтан да өмірлік тәжірибем мол. Құдайға шүкір, Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет болғанының да куәгері болдым. 90-ға келген жасым бар, өмірге, Аллаға дән ризамын. Соның ішінде, тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен табыстардың бәрі Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы екендігін де жақсы білемін. Бұрын Қазақстанды, қазақ ұлтын кім білуші еді? Германияда қызмет еткенде мен ұлтымды айтсам олар түсінбейтін. Енді міне, Қазақстан, қазақ халқын бүкіл әлем танитын мықты мемлекетке, қуатты елге айналды. Дүниеге өзін мойындатты, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Қазіргі қолға алып жатқан «2050», «Нұрлы Жол» стратегиялық бағдарламалары да еліміздің тұрмыс жағдайын жақсартып, келешекке бағытталған өміршең жобалар. «Тарихты тұлғалар жасайды» деген шындық сөз бар. Қазақстанның Қазақстан болуын жасаған тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев. Кейде «Басқа біреу басшы болса, не болар едік, еліміздің жағдайы қандай болар еді», деп те ойлап қоямын. Енді міне, бүкіл ел болып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлауға қызу дайындалып жатыр. Елбасы осыған қатысты тапсырмалар жүктегенін де оқып жүрмін. Амандық болса, денсаулық болса, ол қызықты да көремін деген үміттемін. Соғыс ардагерлерінің қатары күннен-күнге сиреп барады. Ардагерлерге деген қамқорлықты күнделікті көріп жатырмыз. Елбасы әрқашан ардагерлерге ерекше ықылас пен қолдау көрсетеді. Сол үшін де Мемлекет басшысына ризашылығымды білдіремін. Ал енді, алдымызда Президент сайлауы келе жатыр. Мен, тоқсандағы ақсақал ретінде, жақсы көретін, құрмет тұтатын ағасы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлына президенттікке түсу жөніндегі ел тілегін қабыл алуын сұрап қана қоймаймын, «Қарағым, халқыңның болашағы үшін сайлауға түс» деп талап етемін. Бұлай сөйлеуімді Елбасымыз айыпқа бұйырмас. Не айтсақ та, қалай айтсақ та халық үшін айтамыз. Қалмұқан ИСАБАЕВ, жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері. АЛМАТЫ.Қазақстандықтар үшін қажет
Қазір елімізде зор рухани серпіліс болып жатыр. Кезектен тыс президенттік сайлауды өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл – аса жауапты кезең. Біздің арманымыз – тәуелсіздік еді. Қазақстан халқының бақытты, мемлекетіміздің дәулетті, сәулетті ел болуы еді. Шүкіршілік, бүгінде соған жетіп отырмыз, бәрін де көріп отырмыз. Осы тәуелсіздіктің басы-қасында жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп, еліміздің еңсесін көтеріп, нұрлы болашаққа жетелеген, еліміздің егемендігі үшін аянбай қызмет еткен бір адам бар болса, ол – Нұрсұлтан Назарбаев. Жуырда Ұлытау төрінде берген сұхбатында Президент осы тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап қалуымыз керектігін, оның қазақ халқына ауадай қажеттігін мықтап айтқан болатын. Қазақ тарихында сан ғасырлар бойғы бабаларымыз армандаған осы тәуелсіздік жолында 300-ден аса азаттық көтерілісі болыпты. Еңдеше, біздің буын осы тәуелсіздікті ел болып, халық болып, қасық қанымыз қалғанша қорғауға тиіспіз. Н.Назарбаев – көптеген әлемдік, республикалық деңгейдегі бастамалардың авторы. Ол – өте жаңашыл адам. Тәуелсіздік алғаннан бастап, еліміздің экономикалық, саяси, сондай-ақ, рухани-әлеуметтік жағын қамтыған, бұрын-соңды болмаған стратегиялық жоспарлауды енгізді. Ол дамыған өзге елдердің де жағдайын зерттей отырып, біздің еліміздің болашақ дамуы үшін стратегиялық жоспарларды қабылдады. 2030 бағдарламасы мерзімінен бұрын орындалып, 2050 жаңа саяси стратегиясы қабылданды. Негізгі басымдық – әлемдік тұрақсыздық жағдайында өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету. Қазақ ұлтының миссиясы – қоғамда қалыптасқан бірлікті, татулықты сақтау. Қазақстандағы әр алуан ұлт пен этнос өкілдерінің бір отбасындай болуы үшін, экономикамыздың алға жылжуы үшін әрдайым ынтымақ-бірлікте болуға тиіспіз. Ел болу үшін жұмылған жұдырықтай бірлік қажет. 26 сәуірде президенттік сайлау болмақшы. Елбасы 24 жыл бойы Қазақстанды жақсы бастап алып келе жатыр. Осы сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы біз үшін – қазақстандықтар үшін қажет. Ендеше, өзі бастаған ауқымды істерін алға жылжытып, еліміздің ауқатты, дәулетті, әлемге әйгілі бола түсуі үшін Нұрсұлтан Әбішұлының кандидатурасын президенттікке ұсынған тілектерді ескеруін сұраймыз. Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, академик, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. АЛМАТЫ.Сенім серпіліс сыйлайды
Соңғы уақытта теледидар мен баспасөз арқылы елімізде өтетін президенттік сайлау барысынан күнделікті хабардар болып отырмын. Бұл – еліміз үшін үлкен маңызы бар саяси оқиға. Елбасы Жарлығымен сайлаудың өтетін күні үстіміздегі жылдың 26 сәуіріне белгіленді. Осыған орай, сайлауға түсетін кандидаттар ішінен барша қазақстандықтар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты көргісі келіп отырғаны жасырын емес. Біз, спорт саласында тер төгіп жүрген азаматтар, Елбасының отандық спортты дамытуға, қазақстандықтарды бұқаралық спорт түрлерімен қамту үшін қажетті инфрақұрылымдарды жақсартуға ерекше көңіл бөлетінін, үнемі жіті назарында ұстайтынын жақсы білеміз. Тұңғыш Президентіміз ұлттық спорт түрлерінің де жаңа деңгейге көтерілуіне орасан зор ықпал етті. Қазіргі кезде қазақтың көнеден келе жатқан спорттық ойындары заман ағымына сай түрленіп, халықаралық сипат алды. Отандастарымыз бен шетелдіктердің қазақ халқының ұлттық спортына деген қызығушылығы мен құрметі оянды. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың рухын көтеретіні, кеудесінде мақтаныш сезімін ұялататыны жасырын емес. Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы сарапқа салынатын «Қазақстан барысы» турнирі шын мәніндегі беделді жарыстардың біріне айналды. Бұл бәсекеде бағы жанған балуан бір күнде күллі жанкүйер алдында қошеметке бөленіп, танымал болатынына өткен жылы аталған жарыстың жеңімпазы атанғанда көз жеткіздім. Бұл – қазақ күресінің, қазақстандық спорттың қол жеткізген биігі деп білемін. Ал бұл биікке Мемлекет басшысының спорттың дамуына көрсеткен қамқорлығының арқасында қол жеткіздік. Бүгінде біздің жаттығуымызға, өз-өзімізді шыңдауымызға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс президенттік сайлауға қатысқанын қалаймыз. Бұл – мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен береке-бірлігін сақтаудың кепілі. Кезектен тыс президенттік сайлауда Елбасымыздың барша қазақстандықтың қолдауына ие болатынына сеніміміз кәміл. Мұхит ТҰРСЫНОВ, «Қазақстан барысы-2014» турнирінің жеңімпазы. СЕМЕЙ.Барды бағалай білейік, ағайын!
Елбасының Қазақстан халқына арнаған Үндеуін ел газеті «Егемен Қазақстаннан» оқып, осы жылдың көктемінде президенттік сайлау өтетіндігіне көзіміз анық жетіп, көкірегімізді қуаныш кернегені анық. Ендігі тілегіміз жалпыхалықтық сұранымды Мемлекет басшысы құп көріп, президенттік сайлауға түссе екен дейміз. Нәтижесінің жақсы болатынына, еліміздің дамуына орай жасалған «Нұрлы Жол» бағдарламасына сай жүйелі түрде өрлеп, өркениетті елдер қатарынан ойып тұрып өз орнымызды алатындығымызға кәміл сенім бар. Олай дейтінім, біздер, өнер адамдары саясаттан да тыс қалмауға талпынып, елімізде орын алып жатқан өзгерістерді, нақтылай түссем, Елбасының бастамасымен әрі үнемі назарынан тыс қалдырмайтын экономикалық өсу жолдарындағы жетістіктерді талқылап та отырамыз. Сондықтан дәл осы сәтте Үндеуге үн қосуды жөн көріп отырмын. Еліміз егемендігін алып, мемлекеттік шекарасын бекітіп, сол қуанышын төрткүл дүниеге паш еткен сәтінен бергі жетістіктерді сараласақ мерейіміз өсе түседі. Оған бірінші кезекте қазақстандықтарға бейбіт заман мен тыныш өмір сыйлаған Елбасының сарабдал саясаты негіз болады. Отанымызда ауыз толтыра айтатын қуаныштарымыз баршылық. Құдайға тәубе дей отырып, барымызды бағалай білейік, ағайын! Президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап, дауыс бере білсек, бұл біздің елдігімізді танытады. Басқа-басқа, президенттік сайлау – досымыз сүйініп, дұшпанымыз күйінетін үлкен сын. Тұтастай алғанда, қазақстандықтардың бүгінгі жақсы әрекетін көріп, көңілім орнықты. Елін, жерін сүйетін мемлекет мүддесі үшін барын салатын өнер адамдары дауыс берушілер көшін батыл бастайды деп білемін. Шыны керек, биылғы жыл жетістіктерге толы әрі жемісті жыл болары хақ. Оған толық негіз бар. Қорыта айтқанда, біздер, жетісулықтар – Елбасының кіндік қаны тамған киелі өңір халқы қашанда алдыңғы лектен орын алып жүргеніміз ақиқат. Осы сайлауда да жұдырықтай жұмылып, биік белестен көрінетіндігімізге сенімдімін. Алмахан КЕНЖЕБЕКОВА, Қазақстанның халық әртісі. ТАЛДЫҚОРҒАН.