• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2015

Адами құндылықтар алға озады

885 рет
көрсетілді

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялы қазақ музыкалық драма театр­ында 4-5-6 наурызда орыс драматургі Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» шығармасының желісі бойынша Қазақстанның халық әртісі, театр және кино режиссері Талғат Теменов сахналаған «Тыраулап ұшқан тырналар» атты лирикалық драманың премьерасы өтеді деп күтілуде. Төменде режиссердің осы туралы және мұнан да басқа алдағы шығармашылық жоспарлары баяндалған сұхбатты ұсынып отырмыз. – Талғат Досым­­­­ға­лиұлы, елорда театрында алғаш рет қойып отырған мына спектакліңіздің «Ты­раулап ұш­қан тырналар» деп аталуының өзі са­­ғыныш сазындай кісінің жүрегін ерекше әсерге бөлеп кетеді екен... Осы туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берсеңіз. – Былтыр күзден бері елорда театрында жұмыс істеп жатырмын. Осы ара­лықта Ақтау қаласында өт­кен Қазақстан, Ресей, Баш­құртстан, Тәжікстан, Өзбек­стан, Қырғызстан театр­лары қатысқан халық­аралық театрлар фестивалінде әділ қа­зылар алқасының төрағасы болдым. Сол жолы Жастар театрының «Реви­зоры», Қ.Қуанышбаев атындағы театр­дың «Жалын жұтқан Жанна д Арк» спектакльдері бас жүлдені жеңіп алды. Іле-шала Қазақстанның атынан Мәскеуде өткен үлкен халықаралық фестивальға қатысуға тура келді. Мұнан кейін өзімнің 60 жылдық мерейтойым жалғасып, шығармашылыққа қолым енді ғана тиіп жатқан жайы бар. Бұл менің осы театрдағы алғашқы дүнием. Бірақ мұндағы негізгі ойнайтын актер құрамын, түгел болмаса да көпшілігін өте жақсы білемін. Біразы Т.Жүргенов атындағы өнер университетін басқарған жылдарымда өзімнен дәріс алған шәкірттерім. Ал осыған дейін Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрын бас­қардым. Сондықтан қазіргі қазақ сахна­сындағы кімнің қандай деңгейге көтеріл­гені, қай биікке шыққандығы, қандай спектакльдер қойылып жатқаны маған құпия жағдай емес. Мен үшін бұл театр бөтен деп айта алмаймын, ал бірақ мына спектакль осындағы алғашқы туындым. – Естуімізше, бұл спектакль бұрын да қойылған көрінеді. Мұны Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына жаңғыртып қайта сахналауыңызға не түрткі болды? – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театр зерттеуші ғалым ағамыз Әшірбек Сығай тәржімалаған «Бұлбұлдар түнін» мұнан бұрын Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында сахналадым. Бірақ мұндағы көп дүниені өзгертуіме тура келді. Мына жоба алғашқы нұсқадан мүлде бөлек деп айтуыма болады. Мысалы, басты кейіпкер Петр Бородинді мен Пернебек Боранбаев деп, қазақ жауынгері ретінде алуды жөн санадым. Оның үстіне мұндағы түйінді туған жерге деген алабөтен сағыныш пен аңсау сарыны жеңіп шығады. Негізгі кейіпкерім – Қарағандының Қарқаралы өңірінің жігіті. Шайтанкөлімді сағындым дейді ол, қазақтың қара домбырасының бебеулеген қоңыр үні керемет бір адамға шексіз күш сыйлайды. Өйткені, тарихтан ерлік өнегесі өшпестей қаншама апа-ағаларымызды білеміз. Былайша айтқанда, бүйректен сирақ шығарып отырғандық емес. Басты кейіпкер – қазақ. Осы орайда адамзатқа ортақ қасиет – махаббат пен жауыздық, адамгершілік пен сыйластық, өшпенділік пен сүйіспеншілік, сағыныш пен мейірімділік арпалысы жырланады. Қойылымдағы басты кейіпкер Пернебек Боранбаевты отандық кино өнерінде бірнеше басты рөлдерді сомдап жүрген жас актер – Әбілмансұр Серіков бейнелесе, неміс қызы Инганың бейнесін сомдауда Ақмарал Танабаева жас та болса өзін тамаша қырынан таныта алды. Сондай-ақ, бұл спектакль арқылы көрермен Қазақстанның халық әртісі Т.Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері А.Омаров, Н.Өтеуілов, «Дарын» жастар сыйлығының иегері С.Қашқабаев, Қ.Қыстықбаев сияқты сүйікті актерлерінің өнерімен қауышады. Менің өз әкем де соғысқа қатысқан адам. Волоколам тасжолы туралы тарихи деректер шексіз көп, міне, соның күрделі соқпағында өз әкемнің ізінің сайрап жатуы мені бұл тақырыпқа жетелеген себептің бірі. Ол кісі майданнан мүгедек болып оралды. Лағынет атқыр соғыстан қасірет шекпеген бірде-бір қазақ шаңырағы жоқ десек, сол ерліктің өрендеріне, біздің алаңсыз болашағымыз үшін күрескен апаларымыз бен әкелерімізге мына спектакль арқылы ескерткіш орнатып, үлкен құрмет көрсеткім келді. – Көптеген тарихи туындыларды сахналауда режиссер міндетті түрде сол оқиғаны егжей-тегжейлі зерттеген арнайы мамандар мен кеңесшілер­дың ақыл-кеңесіне құлақ түріп, көп мағлұматқа қанығуына тура келеді. Осы спектакльде кімдердің көмегіне жүгіндіңіздер? – Әрине, бір жағынан Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтың өзі үлкен көмек беріп жатыр. Фойеден бас­тап, әскери торлар, босаған снаряд­тардың жәшігі, етіктер, киімдер, т.б. жа­ғынан Қорғаныс министрлігінің тигіз­ген қолға­бысы өте-мөте шексіз. Оның үстіне министрліктің ұсынуы бойынша Бауыржан есімді әскери азамат сарбаздардың сапта қалай жүру, командирдің алдында өзін қалай ұстау керектігін, әскери бұйрықтар мен тәртіп­тің қалай орындалатынын көрсетуде. Актерлеріміз соның бәрін лезде қағып алып, қазір бәрі ойдағыдай жемісін берген сияқты. – Қатысушы әртістердің санын спектакльдің сәтті бір шыққан жерлерімен сабақтастыруға бола ма? Оған қанша адам қамтылды? – Бас-аяғы 35-40 актер қатысты. Енді бұл спектакльге көрерменнің ағылып келеріне күмәнім жоқ. Тіпті, билет таппай сарсылған жұртты көзіңіз шалып қалса, таңғалмаңыз. Спектакльге билет табылмау актер мен режиссер арманының 100 пайызға орындалғанын көрсетеді. – Соғыс тақырыбы дегенімізбен де, осы қойылымда алдыңғы қатарға нені, қандай идеяны алып шыққыңыз келді? – ХХ ғасырдағы ең зұлмат соғыста миллиондаған адамның көзі жойылды. Соғыс – қайғы-қасірет, бірақ адам баласының сонау Адамата Хауанадан жаралғалы бергі тарихындағы негізгі дүние, бұл – махаббат тақырыбы. Бұл жерде екі әлемнің жүрегі табысады. Бірі неміс қызы да, ал екіншісі – Кеңес Одағының азаматы, қазақ жігіті. Екі түрлі философия. Социализм мен капитализмнің қақтығысына қарамастан, қойылымдағы «махаббатта шекара болмайды» деген қағида ой түбіне жұртты тартып алып кетеді. Жер бетінің кез келген нүктесінде адамдар бірдей қуанады, бірдей қайғырады, бірдей мұңаяды, бірдей ғашықтық ғаламаты мен ғадауатын сезеді, бірдей жылайды, бірдей күледі. Мысалы, өлім мен өмір алма-кезек ауы­сып жатқан алапат соғыстың ішінде қардың ішінен өсіп шыққан үлпілдек гүлдей болып көрінеді. Өйткені, махаббат бар жерде, өмір бар. Ал өмір бар жерде тіршілік, ертеңге деген сенім нығаяды. Сондықтан жер бетін қанша жерден соғыс өрті жайпасын, бірақ Алланың адамға сыйлаған ең қымбат дүниесі – махаббат жоғалып, біржола жойылып кетпейді. Сол үшін мен махаббат мәңгілік дегенді осы спектакльдің басты арқауына айналдырғым келді. Адамгершілік пен адами құндылықтарды алға оздырдым. Тілектес Мейрамов сомдаған полковниктің бейнесі осы ретте бүгінгі адамдарға түрлі ой салып өтеді. Өзінің сарбазының ертеңгі тағдырына алаңдаған оның өз басын өлімге тігуі екінің бірінің қолынан келе бермейтін мәрт азаматқа ғана тән мінез. Ал адамгершілік ары таразыға салынғанда ұлтқа бөліну сияқты түйткілге төрден орын жоқ. Гуманизм, достық, бауырмалдық, адамгершілік, ақ-адал, пәктік дегеніңіз адамзаттың бәріне тән қасиет. Бізде осы бар. Әрі қарай қияндата қисынға салсақ, қазақ жігітін босатқан полковниктің өзі Сібірге айдалып кетеді. Ал Пернебек пен неміс қызы Инганың арасындағы таза махаббат сақталып қалады. Мюнхенде бір қазақ кісінің үйінде қонақта болғанымдағы ойларым маған маза бермейді. 90-шы жылдар еді. Немістердің тұтқынынан Американың әскерлері келіп босатқан әлгі кісі еліне қайтудың орнына Германияда қалып қояды. Өзі майданға Қызылорда облысының Қазалысынан аттанған екен. Сол жақта неміс қызына үйленген. Үш баласы бар екен. Біреуі Америкада, екін­шісі Швецияда. Қызы Мюнхенде түрік жі­гітіне тұрмысқа шығыпты. Шын мәнінде сол уақытта осындай себептермен елге оралмай қалған қаншама жандардың кейін елім деп жүрегі езілмеді дейсің. – Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай халықпен қауышып жатқан дүниелерді айтпағанда, жалпы, неге осы бізде екін­ші дүниежүзілік соғысқа арналған спектакльдер жоқтың қасы? – Бірінші себебі, осы тақырыпқа арналған пьесалардың тапшылығынан болса керек. С. Жүнісовтің бір туындысын білемін. Онда соғыс кезіндегі балалардың тағдыры әңгіме арқауына айналған. Сонымен қатар, Шыңғыс Айтматовтың біраз белгілі шығармалары бар. «Ерте қайтқан тырналар», «Ана – Жер-ана» сияқты, бұлар соғыстың лебі бетке айқын сезіліп тұратын тұшымды туындылар. Мысалы, баяғыда Балалар мен жасөспірімдер театрында Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» сахналанды. Бұлар соғысқа арналғанмен, ондағы қиян-кескі шайқастарды сахнада бейнелеу өте қиын, екіншіден, оларды түгел көрсету тағы басты міндет емес. Қай жерде қандай дүние болсын, бізге ең алдымен керегі – ой-ұждан тазалығы, адам тағдыры, өмірі, оның әлемге деген көзқарасы, мұң-қайғысы мен қуанышы. «Қайткенде адам қалады адам болып» демекші, мен де «Тыраулап ұшқан тырналар» спектаклінде басты кейіпкердің адами болмысын көрсетуге көбірек мән бердім. – Мұнан кейін тағы қандай алда тұрған жоспарларыңыз бар? – Құдай қаласа, жазда осы Астанада кино түсіргелі отырмын. Өйткені, Шәкен Айманов өткен ғасырдың 60-шы-70-ші жылдары Алматының әдемі бір кезеңдерін «Біздің сүйікті дәрігер» мен «Тақиялы періште» фильмдеріне көркемдік үшін пайдаланып, қаланың сондағы тамаша сәулетін санамызға мәңгілікке шегелеп кетті. Ол құндылық өз алдына ал Алматының сол кезеңі, қазіргі Қабанбай батыр көшесінің бойындағы Абай атындағы театр мен Алматы қонақүйінің, Абай көшесі бойындағы аграрлық университеттің ғимараттары таспадағыдан тарихқа айналды. Бүгін соны көріп отырған адам кешегі өткен шақтарын сағынады, қызығады. Өйткені, мұндағы әрбір теректің түбінде олардың жастығы, махаббаты, достарының елесі жатқандай. Сол секілді осы Астананың қазіргі күнін тарихқа қалдыра алмасақ, 30-50 жылдан кейін осы бүгінгі қалтқысыз қалпын жұрт таба алмай қаймығуы мүмкін. Сондықтан Астананың қазіргі кескін-келбетін ертеңгі ұрпақ үшін көркем дүние арқылы табыстауды мойнымызға алып отырмыз. Осы мақсат жүзеге асса, мен өз миссиямды орындаған болар едім. Аты «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» деп аталады. Жеті жасар балалар үйінде тәрбиеленуші бала мен қарттар үйінде тұрып жатқан жетпіс жастағы қария ойда-жоқта кездесіп қалады. Мұнда да сюжетке үлкен адами қасиеттер арқау болады. Өзінің туған балалары әке-шешелерін қарттар үйіне өткізіп жатқан кезде сол шалдың өзінің рухани немересін тапқанын көрсетеді. Бұл – бүгінгі үлкен әлеуметтік жанайқай, бүгінгі қоғамның қазіргі ауыр дерті. – Қаланың сәулетін, келбетін қо­ғам­дағы көкейкесті мұндай мәселемен көркем дүниеде қалай қатар қойып ­баяндайсыз? – Мұның өте нанымды шығарына сенімдімін. Одан кейінгі жоспарларды айтсақ, Мәскеу қаласына гастрольдік сапарымыз бар. Түркияға фестивальға баруымыз керек. Қазан, Уфа қалаларына да сондай мақсатта сапар шекпекпіз. Сондықтан алдымыздағы жұмысымыз ұшан-теңіз. Ең басты шаруа – алдағы уақытта осы театр­ды үлкен бір ғимаратқа көшірсек, керемет болар еді. Бұл да осы қаладағы негізгі миссияма жатады. Көппен істелетін жұмыс дегенімізбен де, ерте, ме, кеш пе, көзім бір жететін ақиқат – Астанадағы қазақ көрермендеріне жаңа, үлкен бір ғимарат сыйлауымыз керек. – Қазір бұл ғимарат қай жерден бой көтеретінін айтып бере аласыз ба? – Иә, орналасатын жері белгілі. Бірақ өкінішке қарай, қазір әлемдік деңгейде мұнайдың бағасынының төмен түсіп кетуі, экономикалық дағдарыстар осыған зардабын тигізіп, қатты әсер етіп жатыр. Бұл тығырықтан Қазақстанның қиналмай шығатыны, көп ұзамай, Құдай қаласа, жаңа ғимаратқа көшеріміз аспандағы айдай анық нәрсе. – Қазіргі қазақ драма театрының сах­­­­насына тез төселіп кете алдыңыз ба? – Бұрын қалалық партия комитетінің жиналыс өткізетін ғимараты болған мұның іші, әрине, өнер талабына сай емес, өте тар. Сол себепті мен мем­леке­тіміздің астанасы болып саналатын қаладағы қазақтың нөмірі бірінші театры осы болғандықтан, соған сәйкес мұндағы бір зәулім ғимарат қазақ театрының маңдайына бұйыруы керек деп есептеймін. Мысалы, «Астана Опера» театрының ғимараты тек қана Қазақстанның ғана тарихындағы, мәдениетіндегі құбылыс емес, ол әлемдік өнер саласындағы жетістік деп бағалануда. Өнер ғимараттарының ішіндегі Гималайымыз, биік шыңымыз. – Қазақ драма театрын басқа сахналардан бөліп тұратын өзіне тән айрықша белгілері болуы керек пе? – «Астана Операның» бір мезгілде сахнасына пәленбай жүз адам қатар сиятын болса, драма театрларына 100 адам толып шығатындай ауқым керек. Өйткені, М.Әуезов театрының сахнасы сондай. Қойылатын шығарманың көр­­кемдік деңгейі биік болуы керек. Бүгінгі мәселе осында. Қазақстанда актерлік те, режиссерлік те күш-қуат жеткі­лікті. Бізге керегі қазір үлкен, әдемі сахна. Уақыт өтеді, кетеді. Бірақ, үлкен өнер ошақтары бір мемлекеттің ғана мақ­танышы болумен шектелмейді, ол барша өнерсүйер жұрттың ортақ үйі ретінде сақталып қалатын құндылық. Бұл үйге қазір жапон да, неміс те, қытай да, бәрі қатар келіп тамашалайды. Ортақ үй деген ұғымды осыдан шығарып айтып отырмын. – Алматыға сіңірген еңбегіңіз, өнер­дегі қолтаңбаңыз өз алдына, ал енді елордаға Талғат Теменов не алып келді, қандай жаңашыл бастамалармен, идея­лармен келіп отыр дейді халқыңыз. – Мысалы, теміржолдың екі рельсі болады десек, сол сияқты бүгінгі өнерде кино мен театрды қатар алып келе жатқан жанмын. Әрине, жинаған тәжірибеміз, кәсіби біліктілігіміз бен шеберлігіміз қалып­тасқан кезде көрерменге жақсы дүние­лер сыйлау қажет. Ең негізгісі, бүгінгі күнгі жастарды тартатын, адамгершілік, тазалық, достыққа адалдық, жақсылық пен жамандықтың күресі, өмір мен өшпенділіктің текетіресі секілді сан алуан тақырыпқа жеке-жеке туындылар керек. Мен оған толықтай дайынмын да. Бір керегін әлгінде айтып өттім, ол ғимарат десек, екіншісі, уақытқа ілесе алу деген талап тағы бар. Мен құры бекер, қол қусырып қарап отыратын жандардан емеспін. Астана шығармашылық деңгейі өте биік спектакльдерге мұқтаж, кешіктірмей соларды қойсам екен деген арманым бар. Астанаға келген көрерменге Қазақстандағы театр өнерінің өте биік деңгейде екенін дәлелдесем бе деймін. – Осыған қанша уақыт керек деп ойлайсыз? – Оған қазір мұнда күш те, дарын да, кәсіби мамандар да бар. Әрине, кезінде ірі-ірі ғұлама актерлер өмір сүрген М.Әуезов театры асқақ, біз үшін қымбат күйінде сақталып қала береді. Бірақ та қазіргі заманның талабы барды қанағат тұтуды кешпейді. Кешегі ісің бүгіннің қажетін бүтіндей ала ма деген сауал тұрады. Оның үстіне біз астанамызға жазиралы кең даланың кіндігі Арқаны қалап отырғанда, мұнда қазақтың тек сая­си элитасы ғана емес, сонымен қатар, шығармашылық тобы да жиналуы заңды. Бұл тұрғыдан келгенде, алдымызда ұшан-теңіз жұмыс атқаруымызға тура келеді. Өнерді биіктету арқылы Астана рухын асқақтату азаматтық парызымыз. Жалпы, елорда идеясы қазір қазақтың рухына айналып кеткен үлкен мәселе. Тұра тұрайық, асықпайық деген ілбіген тіршілікті өз басым ұната қоймаймын. Еврей халқы: «Бүгінгі бітіретін жұмысты ертеңге қалдырма», дейді екен. Бүгінгі жас буынға көрсететін туындыны бір күн кешіктіріп, ертең көрсетіп жатсаң, кешігесің. Әсіресе, әр күнді бағалай білуіміз керек. Неге десеңіз, бізді әр күні күтіп көрерменіміз отыр. Театрға көбіне 14 пен 60 жастың арасындағылар келсе, ал кино өнерінде негізгі көрерменнің дені 12 жастан әрі қарайғылар. Қазір теледидарды қосып қалсаңыз не корей, түрік, болмаса орыс, үнді фильмдері қара шегірткедей қаптап кетті. Тек көрсетілмейтін – қазақтың төл дүниесі. Бұл ұлттық стратегияға келіп тіреледі. Өйткені, ұлт, мемлекет болу үшін біз ең алдымен тек қана экономикамыз бен саясатымызды жөндеуге күш салып қоймай, ең алдымен бүгінгі ұрпақтың руханиятын, оның ой-өрісін тәрбиелеп, патриотизмін оятуымыз керек. – Қазақ театрлары режиссурасында ұлттық сипаттағы дәстүрлі үлгілер көбірек сақталған. Ал сіз өзіңізді мына режиссерлердің қайсысына жат­қызасыз: экспериментті үлгі­лерге жақын, қазіргі заманғы тым тәуе­кел­шіл, модерн бағытын ұстанған, ұлттық сипаттағы дәстүрлі үлгідегі...режиссер. – Тек тарихи туындыларды ғана сах­наға шығара берсек, біржақты кетіп қаламыз. Сондықтан тарихи тақырып бола ма, мюзикл бола ма, комедия, драма, трагедия бола ма, қай дүние болсын, сахналық туындылардың көркемдік деңгейі, кәсіби биіктілігі басқаларға қарағанда жоғары тұруы тиіс. Мен негізі осы дәстүрлі жолды жаныма жақын тұтамын. Өнер бірнеше жанрға, мысалы, модерн, классикалық, экспериментті дүниелер болып бөлінеді десек, менің болмысым дәстүрлі бояуға жақын. Өйткені, қазіргі кезеңде сахнада неше түрлі алабажақ, көрерменнің бүгінгі талғамынан шығуымыз керек дегеннің жөн-жосығы осылай болады екен деп, әрқалай эксперименттерге әуес бола бермеу керек. Өз басым, мысалы, ананың әлдиі, бесіктің жыры, әжелер әңгімесі, ертегісі дегендерді дәстүрлі үлгі деп санаймын, ал бүгін модерн керек екен деп, жаңа туған балаға даңғырлаған батыстың даңғаза музыкасын қою жараспайды. Өйткені, тәрбие бесігі әженің ертегісі мен ананың әлдиінде сақталған біздің елде жас нәресте бесік жырының тамаша уызына қанып көз іледі. Ал құлақ тұндырар шаң-шұң музыкамен жас сәби түгілі үлкен адамның өзі ұйықтай алмайды. Театр да осы тұрғыдан келгенде ана әлдиін таңдайды. Театр өнері дегеніміз сахнадан айтылар сөз, идея ғана емес, сонымен қатар, ана тілінің ошағы, мектебі. Қазақ тілі құлаққа қалай жағымды әсер етеді. Мұндағы әрбір сөйлем әндетіп тұрады. Қазақтың басқа ұлттан айырмашылығы сонда. Әдеби тамаша құндылықтар қара сөзбен немесе ақ өлеңмен жазылған ноталар осы театрда орындалады. Осыған қоса театр­ ұлттық стратегияның, идеологияның отаны. Көшеге шығып адам: «Халқым менің, бірігейік» деп жарияға жар салса, біреулер: «Әй, мынаған не көрінген, ақыл-есі дұрыс па?» деп адырая, не болмаса мүсіркеп, түсінбей қарауы мүмкін. Ал сахнадан айтылған сөз бен өнердің мінберінен шырқалған жырдың әсері алабөтен. Сахна сөзі қашанда елдің жадында, баланың есінде мәңгі қалады. Сосын спектакльге кірер алдындағы сәт пен көріп шыққаннан кейінгі көрермен­нің әсері екеуі екі түрлі. Көрерменнің санасында ертеңгі күніне деген бір үміт сәулесі жылт етпесе, ол өнер емес. Сахнаның міндеті адамды өзгерту, жақ­сылыққа, адамгершілікке, достыққа тарту, махаббатқа жетелеу. Сондықтан сахна киелі орын саналады. Көрерменнен бір елі болса да оның табалдырығы биік тұрады. Мұнда актер биік мінберге шыға алуы тиіс. Бұл да, қазақша айтқанда, тәрбиенің бір түрі. Бала шақта әкелеріміз, апаларымыз ертегі айтып беретін. Баланың санасы соңғы жағын тыңдауға қауқары жетпей қамсыз ұйқыға балбырап батып кететін. Ал түсінде сол естіген шы­­ғарма­сын­да­ғы кейіп­кер­лерге еліктеп, өзі кейіпкерге айна­латын. Өйткені, ба­ла се­зімі сен­­гіш, аң­­ғал, ал ­театр­­ды ал­сақ, ол үл­кен­­дер­ге арналған ­ер­­тегінің бесігі сияқты. – Театр өнері тап осы қазір адам­дардың жанын мазалаған дертті қаузай алып жүр деп ойлайсыз ба? – Барлық театр таба алды деп айта алмайсың. Өйткені, қазір бізде респуб­ликамызда барлығы 54 театр болса, соның үштен екісі қазақ театрлары болып саналады. Ал сол өнер ошақтарының алдында үш проблема тұрса, соның бірі драматургияның тапшылығы, екіншісі, ой-өрісі қалыптасқан, талантты режиссерлердің аздығы, үшіншісі, облыстық театрларға әкімдер негізінен көбіне бір жиналыс өткізу үшін барады. Ал ойда-жоқта бір әкімнің спектакльді келіп көруі біз үшін жаңалық. Өз басым осы 20 жылдың ішінде өз ақшасына театрға келіп билет сатып алып жатқан бірде-бір министрді, не басшыны көрген емеспін. Мүмкін қазір «Астана Опера» театрына барушылар көп шығар. Бірақ онда да кейбіреулер сән үшін, екіншіден, біреулер келіншегінің үстіндегі көйлегін көрсету үшін алып баратын сияқты. Бірақ шын мәнінде өнердің екінші аты халық десек, сол халықтың өкілі әкім-қараларға қарата айтайын, жақсы спектакль көргеннен бұзылып кетіп жатқан әкім-қараларды естіген жоқпын өз басым. Бүгінгі күні олардың басым көпшілігі театрдың есігін ашпайтындар. Оны аз десеңіз, біздің Парламентте отырған депутаттардың кейбірінен сұрасаң: «Осы Астанада он жылдан бері тұрып жатырмын» дейді, бірақ театрдың қай жерде екенін білмейді. Бұл қазіргі қазақ театр өнерінің олар үшін екінші сортты өнер болып есептелуінде. Бұл тек қазақ тілді жай қазақтарға ғана керек дүние болып саналуында. Бай қазақтар бас сұқпайды, ол студенттер, оннан-мұннан келіп қалған жандарға ғана арналған орын деген жадағай пікір бар. Бұл олай емес. Мысалы, Литвада кішкентай-кішкентай театрлар өте көп. Ол театрлардың билеттері алдын ала қаншама күн бұрын сатылып кетеді. Өнердің жасалуы ғимараттың үлкен, кішісімен өлшенбейді. Сондықтан менің ойым, егер әкімдер театрға көңіл аударса, қол астындағы қаншама шенеунік театр­дың есігін жарыса ашқан болар еді. Қазақша сөйлемейміз, дейміз. Қазақ­ша қалай сөйлейміз, егер театрға бас сұқ­пасақ. Ана тілі туралы неше түрлі жос­пар­лар, заңдар қабылданып жатыр. Бірақ солар­дың 90 пайызы халыққа жетпей­ді. Оны жеткізетін бір-ақ жол бар. Ол мына сахна, театр өнері. Қазақ тілі­н­ің жоқ­талатын, жырланатын бесігі осы сахна.  – Адами құндылықтар азайып барады деген алаңдаушылық алға озып барады. Ал театр өнері осымен қалай күресіп жатыр? – Жалпы, кез келген дерттің дауасы болуға тиіс. Бас ауырса дәрі ішеді, балтыр сыздаса балшыққа салады демекші, руханияттың емі өнер деп білемін. Өйткені, қоғам бүгін қандай дертке шалдыққан, қоғам, меніңше, эгоизм, қара бастың қамын күйттеп кетушілікке тап болды. Бұл бір адамның трагедиясы емес, жалпы адамзат баласының ортақ қасіреті. Мұны енді немен емдеу керек деп жан­таласып жатқан жанайқайлар бар. Мұның емі бір-ақ нәрсе, ол рухниятпен ғана емделеді. Мысалы, неміс халқы немесе жапондар соғыстан кейін моральдық, экономикалық жағынан ойсырап зардап шеккенде алдымен рухы сынды. Бірақ сол кезде кім келді? Мәртебелі өнер келді. Атыс-шабыс көбейіп бара жатқан Американың рухын көтерген өнер еді. Голливуд дүниеге келді. Халықтың рухын көтеретін ірі-ірі туындылар жасалды. Осы арқылы еңсесін көтеріп, бойын тіктеді. Бұл өнердің ғана қолынан келетін миссия. Рух деген нәр­се бұйрыққа да, заңға да бағынбайды. Рухы мықты адамның алмайтын биігі бол­майды. – Өнер саласындағы көптеген қай­раткерлерімізден айырылып қалдық. Ұрпақтар сабақтастығы туралы не айтасыз? – Халық бар жерде таланттар тумай қоймайды. Кешегі қызыл империяның кезінде қазақтың қайраткерлері елдің бо­лашағын ойлады, басқа-басқа, тек бір ғана Ахмет Байтұрсыновтың өзі әліпбиі­мізді жазып кетті. Әлі күнге сол ілім­мен сусындап отырмыз. Бүгінгі күнге сондай Ақаң секілді патриоттар керек. Әліпби болғанда, оқулықтың емес, рухания­тымыздың әліппесін, арымыздың әліппесін қайта жазып беретін жандар­ ­керек. Өйткені, Мәңгілік Ел деген ұлы идеяны Елбасымыз бізге ұсынып отыр. Олай болу үшін мәңгілік руханият, ар болуы керек. Сонда ғана ұлт, халық ретінде мәңгі жасаймыз. «Бізде Президент сайлауы өткелі жатыр» деген хабардың өзі тыныштығы өзгерген әлемді түсінікке шақырған үндеу секілді әсер қалдырады. Жұмыстан қолы тимей жүрген отбасылар сол күні бала-шағасымен, жарымен жарасып, сайлауға бара жатады. Осы жағынан Қазақстан мерекелі тірлікті дәріптеп отырғанын көрсетеді. Екінші жағынан, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың келесі жылы болуға тиіс сайлауды биылға жылжытуы өте құптарлық шешім деп есептеймін. Бұл көпке үлгі болатын саяси оқиға әрі ауызбірліктің белгісі. Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».