Кеше елордада Қазақстанның шетелдегі студенттік ұйымдарының екі күндік IV слеті басталды. «Болашақ» қауымдастығы, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» ЖҚ, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан шараға 250-ден астам студент қатысуда.
Негізінен студенттер әлемнің 16 елінен (Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Австралия, Германия, Испания, Франция, Швейцария, Венгрия, Чехия, Польша, Қытай, Корея, Малайзия, Ресей, Түркия және басқа да елдер) келіпті. Шетелдегі қазақстандық студенттердің ұйым саны 60-қа жеткен. Жиынға мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары, кәсіпкерлік, азаматтық сектор саласындағы сарапшылар және басқа салалардың мамандары қатысуда.
Слеттің түске дейінгі отырысы «Слеттен келесі слетке: тұжырым, идея, даму» сұхбат алаңына арналып, шетелдегі студенттік ұйымдар көшбасшылары жыл ішіндегі жұмыстарының нәтижелерімен бөлісіп, алдағы іс-жоспарлары мен жобалар жайын сөз етті. Ал пленарлық отырыста модераторлық жасаған «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбектің атап өткеніндей, Елбасы «Болашақ» бағдарламасы түлектеріне бірқатар жауапты қызметтерді сеніп тапсыруда. Сол түлектердің бірі – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев алдымен сөз алды.
Ол өз сөзінде «Болашақ» қауымдастығы кеңесі құрылғандығын тілге тиек ете келіп, жастарды кәсіпкерлікке тарту жайы өзекті болып отырғандығына назар аудартты. Басқарма төрағасының сөзінен мәлім болғандай, қазіргі кезде алғаш рет қазақстандық «бизнес кейс» жинағы әзірленуде. Бұл кітапты оқып шыққан әрбір жас қандай шешім қабылдаған дұрыс деген сұраққа жауап табуы тиіс. «Мемлекет басшысы «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары мен түлектеріне үлкен үміт артып отыр. Сондықтан да, біз Президент пен халықтың бізге артқан сенімін ақтау үшін бар күшімізді сарқуымыз керек», – деді Қ.Бишімбаев.
Болашақтықтардың мемлекет құрылымын жетілдірудегі әлеуетінің мол екендігін жеткізген БҒМ Жастар саясаты жөніндегі департаментінің директоры Роза Кәрібжанова 2015 жылдан бастап ағылшын тілін үйрету 6+6 моделіне көшкендігін айтып берді. Яғни, енді студенттер ағылшын тілінде Назарбаев Университет пен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында оқытылады, ал қалған жартыжылдықты шетелдерде жалғастыратын болады. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыруда жоғары білікті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін мықты білім беру жүйесінің қажеттігі ерекше сезілгендігіне тоқталған Р.Кәрібжанова қазіргі таңда елімізде 10 жоғары оқу орнында инновациямен айналысуға мүмкіндіктер ашылғандығына тоқталды. Жалпы, еліміздегі жоғары оқу орындарының жанынан 500-ге тарта ғылыми-зерттеу құрылымдары мен бөлімшелері ашылған. Сондай-ақ, Назарбаев Университет тәжірибесі негізінде кешенді басқару тетігі енгізілуде. Білім беру, ғылым және өндірісті интегарциялау жүзеге асырылуда. Бұдан басқа коммерциялау жөніндегі 13 офис ашылған. Және де 3 технопарк пен 4 бизнес инкубатор құрылған.
Қазақстандық жастардың шетелдерде Қазақстанды танытатынын алға тартқан «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов қазіргі кезде шетелдерде 40 мыңға тарта қазақстандық білім алып жатқандығын атап өтті. Олар құрған ұйымдар «Қазальянс» ұйымына біріктіріліп, қазақстандық студенттер өздерін үлкен отбасы қамқорлығында екендігін сезінетіндей жағдай қалыптасып отыр. Өз өкілдіктерінің әлемнің бес қаласында (Лондон, Мәскеу, Берлин, Шанхай, Вашингтон және Бостон) орын тепкендігін атаған Ғ.Нығыметов бұл өкілдіктер шетелдердегі қазақстандық студенттері ұйымдарының бастамаларына қолдау көрсетуге әзір екендігінен де хабардар етті.
Ал бүгін Қазақстан гуманитарлық-заң университетінде «Идеядан бизнес – модельге дейін: стартаптың «өміршеңдік» жолдары», «Бизнестегі тиімді келіссөздер», «Кәсіпкерлік. Алғашқы қадам» және «Бизнестің әлеуметтік желілерде дамуы» тақырыптарында бизнес-тренингтер ұйымдастырылады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».