Үстіміздегі жылғы 2-4 наурыз аралығында БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінде Жоғары қаржы бақылау органдары халықаралық ұйымының (ИНТОСАИ) «2015 жылдан кейінгі кезеңде БҰҰ-ның дамуы бойынша күн тәртібі: жоғары қаржы бақылау органдарының орнықты дамуды қамтамасыз етудегі рөлі мен іске асыру құралдары» тақырыбына арналған 23-ші симпозиум өтті.
Іс-шараны Аустрияның федералды президенті Хайнц Фишер ашты. БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ву Хонгбо, БҰҰ Бас хатшысының ішкі аудит қызметі жөніндегі орынбасары Карман Лапоинте және ИНТОСАИ Бас хатшысы Джозеф Мозер симпозиумға қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі.
Симпозиумға Қазақстан Республикасы Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин бастаған делегация қатысты. Басқа елдердің жоғары қаржы бақылау органдарының басшыларымен екіжақты ынтымақтастықты талқылау мақсатында симпозиум шеңберінде Қ.Жаңбыршин бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
«Егемен-ақпарат».