• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2015

Әлеуметтік тұрғын үй көлемі артады

334 рет
көрсетілді

«Бәйтерек» холдингі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жол­дауында айтылған әлеуметтік тұрғын үйді жалға беру және құрылысты қаржыландару шарттарын тал­қылады. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері бас қосқан дөңгелек үстел тақырыбы тұрғын-үй инфрақұрылымын нығайту бағытындағы «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға арналды. Бағдарламаға сәйкес, «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес құрылымы – Қазақстанның Ипотекалық компаниясы тұрғын үйлерді тек салып қана қоймай, нарықтағы дайын тұрғын үйлерді сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Шараға қатысушылар әлеуметтік тұрғын үйді жалға беру және құрылыс тетіктерін қаржыландыру үрдістері мен шарттарын жан-жақты талқы­лады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бағдарламаның жасақталуы мен талқылануына белсене қатысып, тұрғын үйлердің қолжетімді баға­мен сатылуын, пәтерлерді бөлу үрдісінің ашық болуын және құрылысқа жеке құрылыс ком­па­нияларының қатысуын қамта­масыз етілуі жөнінде де нақты ұсыныстарын білдірді. Дөңгелек үстелге жи­нал­ған­дардың сөзіне қарағанда, «Өңір­лерді дамыту-2020» бағдарла­ма­сының жүзеге асуы барысында, 5 жыл ішінде орташа есеппен 29 мың пәтерді құрайтын 1 483 мың шаршы метр­ге тең жалға берілетін тұрғын үй салу жоспарланған. Жал­ға берілетін әлеуметтік тұрғын үйді бөлу барысында басымдық көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбие­леп отырған отбасыларына, же­тім балаларға және ата-аналары­ның қамқорлығынсыз қалған бала­ларға, мемлекеттік қызметкер­лерге, бюджеттік ұйымдар­дың қызметкерлеріне, әскери қызмет­керлерге және арнайы мемлекеттік орган қызметкерлеріне, оралман­дарға беріледі. Бұл жерде, тұрғын үйлердің 50 пайызы 3 жылдан кем емес некеде тұратын әрі баласы бар жергілікті басқару органдарында кезекте тұрғандар бойынша бөлінеді. Жұбайлардың жасы 35-ке толмаған болуы шарт. Сонымен қа­тар, бөлінген қаржының қайта­рылуын қамтамасыз ету мақса­тында барлық үміткерлердің төлем­ақы төлеу қабілеті есепке алынатын болады. «Бәйтерек» холдингінің ен­шілес құрылымы – Қазақстанның Ипотекалық компаниясы арқылы тұрғын үйлерді беру барысында көпшілікті қамтуға және ай сайынғы жалдық ақыны азайту мақсатында басымдық кіші кө­лем­ді пәтерлерге беріледі. Мәселен, 1 бөлмелі пәтерлердің көлемі – 33 ш/м, 2 бөлмелі пәтерлердің көлемі – 45 ш/м, 3 бөлмелі пәтерлердің көлемі – 62 ш/м көлемінде болмақ. Тұрғын үйді салған жағдайда Астана мен Алматы қалаларында таза нұсқасындағы пәтерлердің 1 шаршы метрінің негізгі құны 185 тың теңгені құрайды, ал басқа аймақтарда 150 мың теңгеге дейін болмақ. Нарықта дайын тұрғын үйді сатып алған жағдайда Астана мен Алматы қалаларында әрбір шар­шы метр 200 мың теңгеге дейін, ал қалған аймақтарда 165 мың тең­геге дейін болады деп күтілуде. Мәселен, Астана мен Алматы қалаларында көлемі 50 ш/м құрай­тын 2 бөлмелі пәтердің жалдық құны 56 мың теңгеден аспайтын болады. Ал қалған өңірлерде 47 мың теңгеден аспайды. Жалпы, 2015 жылы бағдарламаға сәйкес, 9 740 пәтер немесе 487 мың шаршы метр көлемінде жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысын салу жоспарланған. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».