Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Кәрімовке Өзбекстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.
Жеделхатта сайлау нәтижелері И.Кәрімовтің халық алдындағы беделінің, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және Өзбекстанның халықаралық қоғамдастықтағы абыройын нығайтуға бағытталған парасатты саясатына көрсетілген кең қолдаудың айқын дәлелі екені атап өтілген.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, И.Кәрімовтің басшылығымен Өзбекстанның одан әрі өркендей беретініне сенім білдірген.
«Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырлас қарым-қатынастар стратегиялық ынтымақтастық деңгейінде нығая түсетініне кәміл сенемін», – делінген жеделхатта.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президентіне зор денсаулық және жауапты қызметінде табыс, ал бауырлас өзбек халқына татулық пен бақ-береке тіледі.