ҚАЗІРГІ ТАҢДА ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ГЕРМАНИЯНЫ ТАП ОСЫЛАЙ БАҒАЛАУҒА ӘБДЕН БОЛАДЫ
Саяси сараптама
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша бүгін, 18 шілде күні Германияның федералды канцлері, доктор Ангела Меркель ресми сапармен Астана топырағына табан тірейді. Жоғары мәртебелі мейманмен бірге ел байтағына Германияның қоршаған ортаны қорғау федералды министрі, доктор Норберт Реттген, Бундестагтың барлық фракцияларының депутаттары, біріккен неміс кәсіподақтарының төрағасы Михаэль Зоммер, сонымен қатар экономикалық делегацияның басқа да мүшелері келмекші.
Германия делегациясы біздің елімізге осының алдында Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасында болған ресми сапарының соңын ала келе жатыр. Алдымен біздің терістіктегі көршілерімізге аялдап, Орал тауларының бойында кездесулер өткізген А.Меркель ханым содан кейінгі төрт күнін түстік-шығысымыздағы Аспанасты елінде өткізді. Сондықтан канцлердің бұл жолғы саяхатын “Шығыс елдеріне жасалған турне” деп бағалауға да болады.
Өзінің ресми сапарының шеңберінде Германия федералды канцлері бұл күні Қазақстан Республикасының Президентімен және Үкімет басшысымен кездеседі. Сапар барысында сондай-ақ экономика, денсаулық сақтау, шағын және орта бизнесті қолдау салаларында екі жақты келісім жасасу, коммерциялық келісім-шарттарға қол қою рәсімдері қарастырылады. Бұл жолғы бағдарламаның мазмұнында федералды канцлердің Қазақстан-герман бизнес-форумына қатысуы да енгізілген. Бұдан бөлек федералды канцлер еліміздегі неміс диаспорасының өкілдерімен де кездесетін болады.
Жоғары мәртебелі Ангела Меркель ханымның біздің елімізге бұл сапары биылғы “Германияның Қазақстандағы жылы” аясында, сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жылына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Осы жерде былтыр осындай тақырыптық жылдың Қазақстан үшін Германияда болып өткенін де айта кетейік. Осыған қарап-ақ қазіргі таңда екі елдің арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыс деңгейінің қаншалықты тура жолға қойылып, қандайлық белеске көтеріліп отырғанын бүкпесіз пайымдауға болады. Мұның сыртында екі елдің арасындағы “халықтық дипломатия мен мәдени алмасушылықтың жанды көпірі” іспеттес бір қауым елдің тұрғанын да әсте естен шығара алмас едік. Бұлар, әлбетте, Қазақстаннан өзінің тарихи отанына көшіп кеткен 600 мыңға жуық немістер мен бүгінгі күні де қасиетті қазақ жерінде тұрып жатқан 300 мың шамалас сол ұлттың өкілдері. Мұның өзі Қазақстан мен Германияның арасын саяси және экономикалық прагматика ғана емес, сонымен қатар адамдар қауымдастығындағы бауырмалдық-туыстық қатынастың жалғап жатқанын көрсетеді.
Былтырғы жылғы 3 ақпан күні Берлиндегі Жандарменмаркт сарайында өткен Қазақстанның Германиядағы жылын ашуға арналған салтанатты жиында біздің Елбасымыз бұл туралы өте әдемі келтірді. Жиында ол сөзін неміс мемлекетінің сол кездегі президенті Хорст Келерге қаратып айтты. “Біздің олармен байланысымыз әлі үзілген жоқ, – деген еді сол жолы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде тұрып жатқан этностық немістер мен олардың прус жерінің арғы белдеуінен асқан қандастары туралы айта келіп. – Олардың екі жақтағы туыстары мен достарының саны барған сайын арта түсуде. Құрметті Президент мырза, Сіз өткен жылы біздің елімізде ресми сапармен болған кезіңізде ұлты неміс Иван Сауэр басқаратын қожалыққа аялдап, шаруашылығының жай-күйімен танысып едіңіз. Бұл шаруашылық ең алдыңғы қатарлы да үлгілі болып саналады. Сіздің, бәлкім, механизатор Эдуард Мундпен кездескеніңіз де есіңізде шығар. Өз кезінде ол Германияға келіп, бес жыл тұрып, Қазақстанға қайтып оралып еді, өйткені, Германия оның тарихи отаны болса, Қазақстан біздің бәріміз туған жер болып табылады”. Бұдан кейін Елбасы қазақ жерінің мұндағы бұрынғы отандастарын ешқашан ұмытпайтынын ауызға алып, бұл жердегілердің де байырғы туған мекендерін естерінен шығара алмасына сенім білдірді. Расында да солардың ортасындағы жазушы Вили Мунтаниол өзінің қазақ анасы туралы “Қайдасың сен, Хадиша?” деген кітап жазып шығарып жатса, қалған ағайын қазақ саздарын естігенде, көздеріне еріксіз жас алып жатса, екі аралықтағы туыстық сезімдерді бұдан артық қалай жеткізбек ләзім?!
Бұған қосатынымыз, бүкіл әлемдегі неміс нәсілі диаспорасының саны Қазақстанда Ресейден кейінгі екінші орында тұр екен. Содан да болар, ГФР екі ел арасында басталған тақырыптық жылды биыл Қазақстанда жалғастыруға қуана келісті. Оның бағдарламасы бойынша ұлан-ғайыр істер атқарылғалы тұрғанын өткен жылғы маусым айында ГФР-дың Алматыдағы бас консулы Ханс-Юрген Кайльхольц біршама тарқатып айтып берген. Оның дені мәдениет, ғылым, білім және спорт салаларын қамтып жатыр. Ал Алматыдағы Гете атындағы институт шын мәнінде ГФР-дың Қазақстандағы мәдени орталығы міндетін атқарып, осы салада атқарылатын жұмыстардың барлығына дерлік мұрындық болып тұрады. Сол сияқты мәдениет пен білім саласындағы өзара байланысты Герман академиялық алмасулар қызметі (ДААД) ұштастырып отырады. Тек осы ДААД-тың шәкіртақысы арқылы былтыр Қазақстанның 120 студенті Германиядағы жоғары оқу орындарында білім алған екен. Мұнда Алматыдағы Қазақ-неміс университетінің де көмегі аз болып отырған жоқ.
Үстіміздегі жылғы шілденің 8-інде “Германияның Қазақстандағы жылы” шеңберінде Қостанай қаласында “Қазіргі заманғы Германия” атты көшпелі көрме өз жұмысын бастап кетті. Осы айдың 22-інен кейін еліміздің басқа өңірлеріне де сапар шегетін бұл шараның аясында көп қырлы алман аумағының дәстүрлі құндылықтары мен инновациялық технологияларын, көне заманғы шеберлері мен бүгінгі өнерінің көкжиегін танытатын бұйымдар қазақ жерінің жұртшылығы назарына ұсынылады. Бұдан бөлек сан алуан бояулы мәдени шаралардың аясында қазақстандық көрермендерге Германияның қазіргі заманғы өнері мен қоғамдық өмірінен хабар беретін кештер мен концерттер көрсетіледі.
Германия – Қазақстанның егемендіктің еңсесін түзеп, тәуелсіздіктің туын желбіреткен кездерде Еуропадағы ең алғашқы саяси және экономикалық байланыс орнатқан дүмді елдің бірі. Рас, егемендіктің сол елең-алаң кезеңдерінде Германия Орталық Азия аумағындағы жаңа бой көтерген мемлекеттерді бір-бірінен бөліп қарастырмай, барлығымен бірдей “аймақтық қатынас” кейпінде байланыс орнатуға құмбыл болды. Былайынша айтқанда, енді етегін жапқан егемен елдерге деген саясат әрбірімен жекелей емес, тұтастай тұрғыда қарастырылды. Бұл кездің өзінде герман саясаты бұл мемлекеттердегі саяси тұрақтылық, демократиялық реформаларға бейімділігі және олардың іс жүзінде орындалуы, нарықтық экономикалық реформаларды жүзеге асырулары, ақыр соңында олардағы неміс нәсілдерінің болу факторлары секілді өлшемдер бойынша құрылды. Содан бері де екінші он жылдық аяқталып келе жатыр. Бастапқы жылдары барлығы бір деңгейде, бір жағдайда тұрған жаңа тәуелсіз мемлекеттерге қатысты әлгіндегідей ұстаным шын мәнінде өзін-өзі ақтайтын еді. Алайда содан бергі тәуелсіз дамуға арналған аралықты Орталық Азиядағы дәулеттердің әрбірі өздігінше пайдаланып бақты. Соның негізінде мұндағы мемлекеттік құрылымды қалыптастыру, қоғамды либерализациялау мен демократияландыру, нарықтық қатынасқа көшу үдерістері әрқалай және әр түрлі қарқынмен дамыды. Қазіргі күннің өзінде бұл аймақтағы елдерде әр түрлі саяси және экономикалық модельдер қалыптасып қалды дегенді батыл айтуға болады. Бұл айырым ең алдымен мемлекеттердің экономикалық үдерістердегі, соның ішінде олардың қаржы-кредиттік жүйесіндегі рөліне көзқарасы сипатынан айқын аңғарылар еді. Бұл жағдайда қандай бір сырт мемлекеттің де мұндағы елдерге бұрынғысынша аймақтық қатынас тұрғысында емес, жеке-мемлекеттік, әсіресе сауда-экономикалық қызметтестік ахуалында байланыс орнатқаны екі жаққа да тиімді болып шығады. Батыстағы жоғары дамыған өркениетті мемлекеттер арасынан осыны алғашқылардың қатарында ұққан да Германия болды. Біздің бұл мемлекетті Қазақстан үшін Еуропаға ашылған көпірі іспеттес көріп тұрғанымыздың бір себебі осында. Бұл – бір. Екіншіден, Германия – Еуроодақ шеңберіндегі саяси және экономикалық үрдістер мен бағыттардың дамуын айқындап отыратын, экономикалық әлеуеті жөнінен әлемде үшінші орында тұрған, барынша заманауи технологияларға бай ірі де іргелі мемлекет. Осындай дәулетпен экономикалық салада өзара қызметтестік орнату біздер үшін пайдалы екені өз-өзінен түсінікті. Мұнда инвестицияға, технологияға, өзара тиімді саудаға айрықша мән беріледі. Дегенмен, сыртқы саяси стратегияда алатын орны жоғары болғанына қарамастан, Қазақстанның Германиямен қатынасындағы барлық жәйт тек экономикалық мәселелермен ғана шектелмейді. Егер біз Еуроодақпен байланысымызды нығайта түсуге ынта болсақ, жоғарыдағыдай бейнелеп айтқанда, Германия сол Еуропаға апаратын алтын көпірдің міндетін атқара алады. Бұған бір жағы саясат саласында Қазақстан мен Германияның арасында әлдеқандай бір айтарлықтай пікір қайшылығы жоқ екені, дәлірегі, халықаралық мәселелер жөніндегі көзқарастарымыз бір-бірімен толық үйлесетіні жақсы дүмпу беруі тиіс.
Бүгінгі таңда Германия Қазақстанның экономика саласындағы ең ірі 10 әріптесінің қатарына кіреді. Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, 2009 жылы біздің еліміздің Германиядағы инвестициясы 3,5 млрд. долларды құраған. Бұл жылы шетелдердегі жалпықазақстандық инвестицияның көлемі 95 млрд. долларға жуық болғанын еске алсақ, бұл мөлшердің айтарлықтай екенін аңғаруға болады. Жоғарыдағы соманың 1,7 млрд. доллары неміс құнды қағаздарына жаратылса, тағы 1,2 миллиарды неміс займшыларының кредитіне жұмсалды. Осы есепті кезеңде Германия Қазақстанға жалпылай алғанда 3 млрд. доллар дерлік инвестиция салған.
Қазір Қазақстан Германияның саудадағы әлемдік маңызды әріптестері арасында 44-ші орын алады. Екі елдің арасындағы бұл байланыстың қаншалықты күрт дамып келе жатқанын мына деректер де байқата алады. Қазақстан ТМД елдері арасында Германиядан Ресейден кейінгі екінші көп тауар алатын мемлекет болып табылса, өзі Германияға тауар шығаруда Ресей, Украина және Беларусьтен кейінгі төртінші болып тұр. Германияның Қазақстаннан алған мұнайының көлемі 2005 жылдың тамызынан 2006 жылдың шілдесіне дейін 7,458 млн. тоннаны құрап, осы аралықтағы жалпыгермандық мұнай импортында бесінші орынға табан тіреген екен. 2007 жылдан бастап Герман-Қазақстан сауда айналымы қауырт өсіп келеді. Айталық, осы жылы 2006 жылға қарағанда Қазақстан импорты 3,3 млрд. еуроға артып, ол 2007 жылдың бірінші жартысында 1,85 млрд. еуроны құраған. Осымен бір мезгілде 2006 жылы Германияның Қазақстанға жіберетін экспорты 1,5 млрд. еуроға өсіп, 2007 жылдың бірінші жартысында тағы 1,04 млрд. еуроға көтерілген. Германиядан Қазақстанға әкелінетін бұйымдардың арасында әр түрлі станоктар, электр тауарлары, металдан істелген заттар, транспорт құралдары дәстүрлі түрде басым орын алады. Соның ішінде Германия еліміздің мұнай-газ өнеркәсібі үшін жабдықтар жіберуде нөмірі бірінші ел болып есептеледі.
Тұтастай алғанда, Қазақстанда неміс кәсіпкерлерінің қатысуымен 400-ден астам кәсіпорын тіркелген. Бүгінгі таңда мұнда немістердің араласуымен 170 қаралы шағын және орта бизнес мекемесі тіршілік етуде. Бұдан бөлек бұл елде 160 герман фирмасының тұрақты өкілдігі жұмыс жасайды. Қазақстанға инвестиция әкеліп жатқан неміс кәсіпорындарының арасында құрылыс материалдарын өндіретін Knauf фирмасына қысқаша тоқталып өтуге болады. Бұл фирманың Алматы облысындағы Қапшағай қаласы төңірегінде үлкен зауыты, сондай-ақ Атырау облысында өз өндірісі бар. Сонымен қатар Қазақстанда Германия экономикасы клубының жұмыс жасай бастағанына да біраз болды. Ол жүзден аса неміс фирмаларының басын біріктіріп отыр. Рас, сарапшылар Германияның Қазақстанға инвестициясының ауқымы әлі де аз екенін айтады. Олардың пайымынша, мұның объективті де, субъективті де себептері бар. Бәрімізге белгілі, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында шетелдік инвестициялардың басты тасқыны негізінен мұндағы мұнай-газ секторына бағытталды. Бұл капитал қайтарымы тез сала болумен бірге, инвесторлар үшін мейлінше тартымды өнеркәсіп те болатын. Ал тарихи жағдайлары көміртегі шикізатын өндірумен айналысатын ірі мұнай-газ компаниялары жоқ болып қалыптасқан Германияға сол кезде бұл “қан базардан” лайықты орын табыла қоймады. Осыларды ескере келгенде, неміс фирмаларының Қазақстан экономикасына қаржы салу көлемі жөнінен “Шеврон”, “Мобил”, “Тексако”, “Бритиш Петролеум”, “Аджип” секілді халықаралық деңгейдегі алыптармен шендесе алмауы түсінікті бола түседі. Бұған қоса неміс экономикасының 80 пайызын сыртқы нарықта абайлап басуға мәжбүр болатын, ірі халықаралық компаниялар тәрізді тәуекелге бара бермейтін шағын және орта кәсіпорындардың табысынан құралады. Бұл жерде бүкіл әлемді шарлаған қаржы дағдарысы айтарлықтай залал келтіріп отырғанын да ұмытпаған абзал.
Соған қарамастан, Қазақстан мен Германия арасындағы сауда байланысының соңғы жылдарда қалыптасқан негізі оны ілгері дамытуға едәуір мүмкіндік бере алады. Рас, бұл салада 2008 жылдың соңғы тоқсанында байқалған төмендеу үрдісі 2009 жылғы бірінші тоқсанда да байқалды. Бұл ахуал қазір де бірден түзеліп кете қойған жоқ. Дегенмен,сауда саласындағы қарым-қатынастың өсіп бара жатқан шикізат нарығы ауқымында қайта жанданатын түрі бар. Сарапшылар сондай-ақ газ бен мұнай секторында да жақсы сауда қатынасының қолдау тауып жатқанына назар аударады. Бұдан басқа, мәшине шығару, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларының да қаржы дағдарысынан кейінгі қолға алынатын негізгі тірек тегендері болатын сияқты. Сол сияқты өзінің ішкі және сыртқы өнеркәсібін дамытуға қатты мүдделі болып отырған Қазақстан үшін неміс технологиясы ауадай қажет. Айталық, біздің елімізде денсаулық сақтау секторы бойынша жүріп жатқан “100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында герман медициналық жабдықтарына, мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға, герман кәсіпорындарымен бірге ғылыми кооперация жасауға деген сұраныс арта түсуде. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі агроиндустриялық кешенді өркендетуді одан әрі жалғастырып жатыр. Бұл ретте қазақстандық экспортта айтарлықтай ауқымды орын алатын аграрлы сфера мен жергілікті азық-түлік өндіру жүйесі тағы да герман технологиясына қардарлық танытуда. Осылардың бәрін табысты жүзеге асыру үшін екі елдің арасында 1995 жылдан бері “Инвестицияны қорғау туралы келісім” мен “Екіжақты салық алу туралы келісім” жұмыс істеп келеді.
Биік мәртебелі Германия делегациясының бұл жолғы сапарынан осы басталған жұмыстарды одан әрі жандандыру жөнінде уағдаластық жасалады деп күтілуде. Сапар барысында жоғары деңгейде келіссөз жүргізіліп, тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қызметтестік мәселелерін талқылайды.
Серік ПІРНАЗАР, АСТАНА.