Жетісу жерінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған 70 шараны Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Нұрлан Өнербаев бастады.
Әсілі, көгілдір көктем келгенде Нұрланның жанды дауысын естіп, мейірім шуағы төгілген жүзін, әп-әдемі өзіне ғана тән hәм жарасымды қимылын көру де бір ғанибет! Талдықорғандағы Мәдениет сарайын лықа толтырған елді еліте Нұрлан Өнербаевтың репертуарындағы «Құстар», «Атажұрт», «Қарағым-ай», «Анашым», «Ауыл түні», «Ана туралы жыр», «Ай дүние-ай», «Қайран дүние», «Сұлулық», «Аққуым» деген әндер ағытылып бергенде сілтідей тынған жұрт іштерінен «тағы, тағы айта түссе екен» деген тілектерін ұғындырып бақты. Бұл өнерге деген ілтипаттың, құрметтің белгісі екені хақ.
Негізі мерекелік концерт майдангерлерге, тыл еңбеккерлеріне деп арналғандығын естіген қариялар кәрілікті бір сәт болса да серпіп тастап ат арылтып ауылдардан қалаға келгендері әнші үшін құрмет. Аңғарымпаз жан ән әуеніне елін ұйытып қана қоймай байыпты, байсалды қимылымен ыстық ықыласына да бөлене білді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
ТАЛДЫҚОРҒАН.