• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2015

Мұнай бағасының болжамы

377 рет
көрсетілді

  Таяу болашақтағы онжылдықта мұнай бағасы барынша көтерілген күннің өзінде бір баррелі 76 доллардан аспайтын болады. Болашақтағы мұнай бағасын болжаған ОПЕК баяндамасында нақ осылай атап көрсетілген.

The Wall Street Journal газетінде жарияланған аталмыш баяндамада ең оптимистік болжам бойынша мұнай бағасы 2025 жылға дейін 1 баррелі 76 доллар көлемінен аспайтын болады, деп атап көрсетілген. ОПЕК мұндай болжамды Американың мұнай нарығындағы қалыптасқан ахуалға байланысты келтіріп отыр. Сонымен бірге, газеттің атап көрсеткеніндей, баяндамада 2025 жылы мұнай бағасының әрбір баррелі 40 долларға дейін төмендеп кету мүмкіндігі де қарастырылған. Баяндамада атап көрсетілгендей, 2025 жылға дейін мұнай бағасының әрбір баррелінің 100 долларға дейін көтерілуі тіпті де мүмкін емес көрінеді.

The Wall Street Journal басылымы алдағы жылдары мұнай бағасының тұрақсыздығы сақталатындығын айтады. Осы ретте газет ОПЕК ұйымына мүше мемлекеттер министрлерінің мау­сым айында болатын кездесуіне байланысты мұнай бағасының тағы да күрт құбылуын жоққа шығармайды.

«АҚШ-та орын алған «тақтатас төңкерісіне» байланысты мұнай бағасының күрт төмендеп кеткен оқиғасын ОПЕК әлі күнге жете зерттей алмай отыр. Әдетте мұнай картелі әлемдік нарықтағы мұнай бағасын реттеу үшін мұнай өндіру көлемін азайтып, рынокқа шығарылатын мұнай көлемін реттеп отыратын. Алайда, өткен жылы ОПЕК мұндай тәсілдің енді тиімділік бермейтіндігін мойындады. Сонымен бірге, ұйымға мүше мемлекеттер, атап айтқанда, Сауд Арабиясы мұнай өндіру көлемін арттырып, рынокқа үлкен мөлшерде шикі мұнай шығаруды жүзеге асырды. ОПЕК басшыларының мәлімдеуінше, мұнай бағасы неғұрлым төмендеген сайын мұнай өндірудің өзіндік құны жоғары болып отырған компаниялар банкротқа ұшырайды. Әсіресе, мұнай бағасының төмендеуінен тақтатас мұнайын өндіретін компаниялар зардап шегетін болады.