Орталық коммуникациялар қызметінде «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ президенті Мақсат Мұқанов бастаған институт ғалымдары баспасөз мәслихатын өткізді. Онда «100 нақты қадам: жаңа экономикалық перспективалар» тақырыбы сөз болды.
Қазіргі әлемдегі экономикалық жағдай жөнінде баяндаған институт басшысы, өз елімізде орын алып жатқан жетістіктермен қатар, тап болған қиындықтарды да назардан тыс қалдырмады. Оның айтуына қарағанда, осы кезеңде Еуропа елдерінде экономиканың даму үрдісі байқалып, ол 3-тен 8 пайызға дейін жеткен. Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылған Қазақстан үшін бұл үрдіс тиімді болуы әбден ықтимал. Десек те, көрші Ресей рублінің құнсыздануы күтпеген қиындықтарға ұрындырып жатқаны кәдік. Оған қоса Қытай елінде юаньға девальвация жасалғаны мәлім. Осы мәселелердің мәнісін жіктеген ғалым, бұл үрдістердің Қазақстан экономикасының дамуына айтарлықтай нұқсан келтірмегенін айтты. Оның себебін еліміздің инвестициялық тартымдылығымен түсіндіріп, инвестицияның артуы экономиканы әлдендіре беретінін жеткізді.
Әлемдік экономиканы шолып шыққан институт президенті «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының арқасында биылғы жартыжылдықта Қазақстанда экономикалық өсім 1,7 пайызды құрағанына назар аудартты. «Айналамыздағы елдерде қалыптасып отырған жағдайға қарамай ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандық экономиканың өсімі 1,7 пайызды құрады. Мұнда негізгі капиталға инвестициялардың көптеп келу үрдісі жақсы әсер етті. Нақты нәтиже туралы айтар болсақ, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда, 104,4 пайызға жетті. Инвестициялардың осылай көбеюінің арқасында Қазақстанның экономикалық өсімі арта түсті. Әйткенмен, экономиканың дамуына кері ықпалы болған жағдайлар да бар. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне көз салсақ, биылғы қаңтар-маусым айлары аралығында сыртқы тауар айналымы 39,5 млрд. долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға төмендеді. Қазақстанның негізгі сауда серіктестері болып табылатын Ресей мен Қытайда әлемдік сұраныстың төмендеуі сыртқы сауда қарқынына кері әсер етті. Осындай жағдайларда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бүгінгі ахуалға жауап беретін негізгі мақсат деп айтқымыз келеді. Нақты қадамдар экономикадағы проблемалар мен өзекті міндеттерді іс жүзінде шешуге бағытталған», деді М.Мұқанов.
Журналистер Қытай юанының құнсыздануына қатысты да сұрақ қойды. «Юаньның 2-3 пайыз құлдырап, құнсыздануы қысқа уақытта біздің елдің экономикасына ешқандай да кері əсер ете алмайды. Егер өткен жылдан бергі жағдайды зерделеп көретін болсақ, теңгенің юаньға қатысты орташа бағамы 20 пайызға төмендеген. Десек те, юань СДР-дің валюталық қоржынына кіретін болса, онда Қазақстанның валюта қорының түрленіп, экономикасының өсуіне мүмкіндік жасар еді. Қазіргі уақытта Қытай Қазақстанның сауда əріптестігінде маңыздылығы жағынан екінші тұрған ел. Мұнымен бірге, біздің шикізатты тұтынушы негізгі ел болғандықтан, шикізат күйіндегі тауарлардың өсуіне ықпал етеді. Бұл да Қазақстан экономикасының дамуына оң əсер етеді», деді институтының жетекші ғылыми қызметкері М.Кенжеболат.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».