• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2015

Шымкентте қымбат көліктерді ұрлаушы жігіт ұсталды

283 рет
көрсетілді

ШЫМКЕНТ. 4 наурыз. Шымкент қаласында шетелдік маркалы қымбат көліктерді айдап әкетумен айналысқан 24 жастағы күдікті ұсталды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады. Үстіміздегі жылғы 24 қаңтарда Шымкент қаласының 38 жастағы тұрғыны қалалық ішкі істер басқармасының әл-Фараби полиция бөліміне бағасы 30 мың доллар тұратын Lexus LX 570 автокөлігін белгісіз біреудің айдап алып қашып кеткені жөнінде арызданған. Арада екі апта өткенде, осындай шағыммен Шымкенттің Қаратау ауданының 48 жастағы тұрғыны полиция бөліміне барып, 82 мың доллар тұратын Toyota Land Cruiser көлігі ұрланғанын айтып келген. «Жедел-іздестіру шарасы барысында Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының әл-Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері қымбат автокөліктерді айдап кетіп жүр деген күдікпен облыс орталығының 1991 жылы туған тұрғынын ұстады. Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, күдікті арнайы электрондық құрылғының көмегімен автокөліктердің есігін ашып, айдап кетіп отырған», - делінген хабарламада. Полицейлердің мәліметіне қарағанда, жігіт автотұрақтарда тұрған және иесінің қарауынсыз қалған автокөліктерді таңдап, есігін ашу арқылы айдап кетіп отырған және ұрланған көліктерді жалдамалы үйлерде жасырған. Полиция қызметкерлері күдіктіні сол үйлердің бірінің аумағында қылмыс үстінде ұстады. Ұсталған азаматтың автокөлік ұрлығы бойынша төрт қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Ол айдап әкеткен көліктерін сатып, тапқан ақшасын өз қажетіне жаратпақшы болыпты. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі - 300 мың долларға жуық. «Айдап кеткен екі автокөлік пен электрондық құрылғы айғақ зат ретінде алынды. Күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің 200-бабы (Автокөліктерді заңсыз айдап кету) бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Күдікті қазір қамауда отыр. Тәртіп сақшылары оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», - делінген хабарламада. Бақтияр Тайжан. Дерек: Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.