• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2015

«Барыс» «Авангардпен» болған төртінші ойында жеңіліске ұшырады

234 рет
көрсетілді

АСТАНА. 4 наурыз. Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде сынға түсіп жатқан «Барыс» төртінші ойынында Омбының «Авангардынан» 3:4 есебімен жеңілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Алғашқы кезең қонақтардың пайдасына аяқталды. Ойынның небәрі 4-минутында «Авангардтың» қорғаушысы Денис Куляш есеп ашып, командасын алға шығарды. Арада тағы 4 минут уақыт өткен кезде омбылықтар екінші шайбаларын соғып, есепті еселеді. Қақпаның артынан айналып келіп Ян Лацоны қапы қалдырған «Авангард» шабуылшысы Чад Коларик болатын. Кезең соңында «Барыс» екі мәрте ойыншы басымдығына ие болғанымен, қарсыластарының қақпасынан саңылау таба алмады. Екінші кезеңде «Барыс» хоккейшілері намысқа тырысып, ойын тізгінін өз қолдарына алды. Үздіксіз шабуылдың арқасында Дастин Бойд есеп айырмасын қысқартты (28-минут). Дегенмен, келесі үзіліске дейін таразы басын теңестіре алмады. Ал шешуші кезеңде қос тарап та аянып қалмады. Айдынның әр бұрышында шайбаға таласқан хоккейшілер нағыз тартыстың үлгісін көрсетті. Тең жағдайда өрбіген бұл кезеңде екі команда да қос шайбадан соқты. Кезең басталысымен Роман Старченко есепті теңестірген еді. Дегенмен, 49 және 52-минуттарда «Авангард» ойыншылары екі мәрте нәтижелі соққы жасады. Тіпті қонақтардың 10-минутта тағы бір шайба соғуға мүмкіндіктері болған. Төреші Омбыдан келген команданың пайдасына буллит белгілегенімен, Александр Попов қақпашы Лацодан айласын асыра алмады. Ойынның соңында айдын иелері қарқындарын үдетіп, бірнеше өткір шабуыл ұйымдастырды. Соның нәтижесінде, Найджел Доус командасының үшінші шайбасын соғып, есеп айырмасын қысқартты. Алайда, «Барыс» бұл ойында жеңілістен қашып құтыла алмады. Соңғы секундқа дейін тырысқанымен «Авангард» ойыншылары төртінші шайбаны соқтырмады. Бүгінгі ойыннан кейін қос команда арасындағы сериялы айқастың жалпыесебі 2:2-жетті. Енді қарсыластар 6 наурызда Омбыда күш сынасады. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hcbarys.kz.