Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы Қажылық миссиясы еліміздің қажыларын тек «FlyNas» халықаралық әуе компаниясы тасымалдауға құқылы екенін және одан өзге компаниялармен ұшуға рұқсат етілмейтінін хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті мен Сауд Арабиясы Корольдігі Азаматтық авиация басқармасы арасында қабылданған меморандумға сәйкес, 2015 жылғы қажылық маусымында Қазақстан қажыларын толық тасымалдау құқығы «FlyNas» халықаралық әуекомпаниясына берілді. Тасымалдау тек Алматы – Жидда – Мәдина – Алматы бағыты бойынша орындалады. Қажылардың аттану уақыты 11-16 қыркүйек, ал ұшып келу уақыты 27 қыркүйек пен 7 қазан аралығында жүзеге асады.
Құрметті бауырлар!
Қажылыққа құжаттарды қабылдау мерзімінің бітуіне өте аз уақыт қалды. Санаулы сәттерді сәтті пайдалануларыңызды сұраймыз. Қажылыққа қатысты сұрақтар бойынша ҚМДБ Қажылық миссиясы мүшелеріне, қажылық компанияларының өкілдеріне жолығып, қажетті ақпараттарды алуға болады.
Биыл елімізден 4005 қажы парызын орындайды. Оларға білікті дәрігерлерді, теолог-ғалымдарды, имамдарды, журналистерді біріктірген ҚМДБ Қажылық миссиясы қызмет көрсетеді, деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз қызметі.