Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Ауғанстан Ислам Республикасының тау-кен өнеркәсібі және мұнай министрі Дауд Шах Сабамен кездесті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Тараптар экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның президент Мохаммад Ашраф Ғани мен атқарушы билік басшысы Абдулла Абдулла басқаратын Ұлттық бірлік үкіметін қолдайтынын атап көрсетті. Ол елдің жаңа басшылығының ауған халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған толыққанды реформаларды жүзеге асыра алатынына үміттенетінін жеткізді.
Кездесуге қатысушылар екіжақты сауданың ұлғайғанын атап өтті (2014 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің арасындағы тауар айналымы 336,7 млн. долларды құрап, 2013 жылмен салыстырғанда үштен бірден астамға өсті), дегенмен, сауда-экономикалық ынтымақтастық әлеуетінің әлі де соңына дейін ашылмағанын тілге тиек етті. Осылайша Дауд Шах Саба Қазақстанның ауған тауарларын жеткізуді ұлғайту үшін қажет дегеннің бәрін жасайтынына сенім білдірді.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ауған үкіметаралық комиссиясы екіжақты ықпалдастықты ұлғайтудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.
Гуманитарлық ынтымақтастыққа қатысты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Қазақстанның ауған жастарының өкілдері үшін білім беру бағдарламасын жалғастырып жатқанын атап көрсетті. 2010-нан 2020 жылға дейінгі кезеңде мыңға жуық ауғанстандық жас қазақстандық жоо-ларда білім алатын болады. Бұл бағдарламаның жалпы құны 50 млн. АҚШ долларын құрайды. Дегенмен, ауған тарапының сұранысына сәйкес Қазақстанда бағдарламаны ұзарту мәселесі қарастырылуда.
Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ, кездесу барысында Қазақстанның Ауғанстанды тұрақтандыруға бағытталған халықаралық күш-жігерге белсенді қолдау білдіретінін және ол елге жыл сайын гуманитарлық көмек көрсететінін атап айтты.