• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2015

Арқарлы асуы айқара ашылды

885 рет
көрсетілді

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ұйымдастыруымен Алматы облысындағы «Алматы – Талдықорған» автожолының бөлігінде БАҚ өкілдері «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жол құрылысының жұмыстарымен танысты.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ұлан Әліпов пен Алматы облыстық филиалының директоры Батыр Дадамурзаев, сондай-ақ, мердігер компаниялардың басшылары журналистерді құрылыс барысымен таныстырды. Жаңа жұмыс орындарын ашу, құрылыстың аяқталу мерзімі мен ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспарлары секілді бірқатар мә­селемен бөлісті. Сапар барысында жол бойындағы қызметтің да­му жоспары мен Алматы облы­сындағы автожолға ақылы жүйе енгізілетіні туралы айтып өтті.

Өткен жылы республикалық маңызға ие автомобиль жолдары торабын дамытуға 174 миллиард теңге бөлінген болса, оның ішінде 41,2 миллиард теңге Алматы облысының еншісіне бұйырған-ды. Ол жалпы бюджеттің 24 %-ын құрайды. Биылғы жылы жалпы автожол құрылысына Республикалық бюджеттен 234 миллиард теңге бөлініп, оның ішінде Алматы облысының үлесіне 47,8 миллиард теңге шығып отыр.

Биылғы жылы 306 шақырым автожол бойында жұмыстар жүр­гізіледі, 265 шақырым жол қайта қалпына келтіріліп, 41 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жыл соңына дейін 98 шақырым жаңартылған жол пайдалануға берілетін болса, ол үшін 946 дана техника мен 1 767 адам жұмысқа тартылып отыр. Сондай-ақ, Дүниежүзілік банктің қарыз беруі арқылы «Алматы-Қорғас» автожолының бөлігінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жү­ріп жатыр. Ондағы құрылыс жұ­мыстарын Қазақстанның «Қа­­­зақ­­жолқұрылыс», «К-Жол­­­­құрылыс», «Найза-Құ­рылыс», түріктердің «СинеМи­дас­Строй», италия­лық­тардың «Тоди­ни» сияқты белгілі ком­пания­лары, со­нымен қатар, жер­гі­лікті «Талды­қорған жолдары», «Қап­шағай көпіржасағы» жә­­не бас­қа да компаниялар жүр­гізуде.

Жолды қайта қалпына кел­ті­руге қолданатын материалдардың 90%-ы отандық өндірушілердің өнімдері. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ұлттық операторы инфра­құ­рылымдық дамудың «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін жалпы құны 2,6 триллион теңге болатын 7 100 шақырым жолды жөндеу жұмыстарымен қамтуды жоспарлауда.

Сонымен қатар, Алматы облысы бойынша Алматы-Астана, Алматы-Өскемен, Алматы-Қорғас және Үшарал-Достық бағыттарындағы автожолдарды қайта қалпына келтіру көзделген.

– Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұр­лы Жол – болашаққа бас­тар жол» атты Жолдауын жүзе­ге асы­ру мақсатында, 2015-2019 жыл­дарға арналған Қазақ­стан­ның инфрақұрылымын дамыту­ға бағытталған «Нұрлы Жол» мем­лекеттік бағдарламасы әзірленген болатын. Аталған бағ­дарлама аясын­да 11 автожол жобасын жүзеге асыру көз­делген, олар: Батыс Еуропа-Ба­тыс Қытай, Орта­лық-Оңтүстік, Орталық-Шы­ғыс, Орталық-Батыс, Алматы-Өске­мен, Қызылорда-Жезқазған-Қара­ғанды, Астана-Петропавл-РФ ше­карасы, Орал-Каменка, Астана қала­сының Оң­түс­тік Батыс ай­налымы, Жетібай-Жаңаөзен, Үш­арал-Достық, – деді Ұлан Тә­ліпов.

Сондай-ақ, басқарма төра­ғасы орынбасарының айтуынша, «Қаз­АвтоЖол» ҰК» АҚ ұлт­тық операторы отандық инфра­құрылымның дамуына бағытталған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін жалпы құны 2,6 триллион болатын 7000 шақырым жолды құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтуды жоспарлап отыр.

 Қазіргі уақытта Қазақстан Рес­пуб­ликасының автомобиль жолының ұзындығы 128,3 мың шақырымды құрайды. Оның 97,4 мың шақырымы жалпы қолданыстағы, сонымен қатар, 23,5 мың шақырымы республикалық маңызға ие жолдар және 73,9 мың шақырымы облыстық және аудандық маңыздағы жолдар болып саналады.

Ағымдағы жылы 1 400 шақырымда жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңында 424 шақырым жол пайдалануға беріледі. Ол үшін 2 500 дана техника мен 4 800 адам құрылыс жұмысына тартылды. Бұл жобаларды қаржыландыру Республикалық бюджет, Ұлттық қор және халықаралық қаржы институттары арқылы жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта Инвестициялар және даму министрлігімен бірге Үкіметтің Үйлестіру кеңесі бекіткен әзірлеу іс-шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, займдарды тарту үшін банктермен белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Жүзеге асырылған жобалардың тиімділігін өзіндік құны бар өнім­дердің, көлік шығынының азаюынан, аймақаралық жүк тасымалы жыл­дамдығының артуынан экономикалық пайда көруге болады. Соған сәйкес, жолға кететін уақыт және жолды пайдаланушылар шығыны, жол көлік оқиғалары да азаяды.

Оған қоса, жаңа жол құрылыстары мен пайдаланудағы магистральдарды жаңартудан бөлек, жол бойындағы қызмет те дами түседі. Ең үздік дү­ниежүзілік тәжірибені ескере отырып және еуропалық кеңесшілердің үлгісімен сервисті жақсартуға және азаматтардың жүруіне қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауға көмектеседі. Бұл бағытта жеке бизнес белсенді түрде іске тартылады. Инвестициялық қорлар мен мейрамханаларға, қонақүйлерге үлкен қызығушылық туып отыр. Ақылы жүйені енгізу бойынша жоспар жасалуда.

2013 жылы ұзындығы 211 шақырым болатын жалпы, қолданыстағы рес­пуб­ликалық маңызға ие І-А санаттағы 6 жолақты «Астана – Петропавл» бойын­дағы «Астана – Шучье» ақылы жолы іс­ке қосылған болатын. Ақылы жол «G.E.A.» француз компаниясының автомат­тандырылған жабдықтарымен және бағдарламаларымен қамтамасыз етілген.

Аталған шара мемлекет бюджетіне түсетін ауыртпалықты азайтуға мүм­кіндік берді. 2022 жылға дейін рес­публикалық маңызға ие автомобиль жолдарының 7 000 шақырымына ақылы жүйе енгізіледі. Автомобиль жолдарында ақы алу жүйесін енгізуге тек қайта қал­пына келтірілген немесе күрделі жөн­деу­ден өткен бөліктер ғана ауыстырылады.

І техникалық санаттағы «Алматы – Қапшағай» автомобиль жолының 24-67 шақырымы қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін ақылы болады. І техникалық санаттағы автомобиль жол­дарында ақы автокөліктің барлық түрі­нен алынады. Алдағы уақытта «Ал­маты – Қорғас», «Алматы – Бішкек», «Алматы – Астана» жолдарына ішінара ақылы жүйе енгізу жоспарда бар.

БАҚ өкілдері жүріп өткен «Алматы-Қапшағай» бөлігі 64 шақырымды құ­райды. Ол бұдан бұрын айтылғандай 6 жолақты болады. Тағы да 40 шақырым жол Қапшағай су бассейнінің артқы қапталынан салынады, ол 4 жолақты, яғни бұл Қапшағайдан Талдықорғанға дейінгі бөлік. «Астана – Шучье» автожолындағы сияқты бұл жол бойында да жылдамдық сағатына 140 шақырым болады. Құрылыс барысында отандық өндірушілердің материалдары пайдаланылады. Жуықта болып өткен брифинг барысында, АҚ басқарма төрағасы хабарлағандай, тас жолдың бір жартысын, яғни бір бағыттағы 3 жолақты 2015 жылдың соң­ында ашу көзделіп отыр. Бұл жол туралы және Алматы облысындағы басқа да ав­тожол жобалары туралы Алматы облыс­тық филиалының директоры Батыр Дадамурзаев қосымша әңгімелеп берді.

Сөз соңында, дағдарысқа қарсы әзірленген «Нұрлы Жол» бағдарламасы еліміздегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға, аймақаралық қарым-қатынасты күшейтуге, жаңа жұмыс орын­дарын ашуға, жүк тасымалын артты­руға мүмкіндік береді. Осы арқылы Қазақ­стан стратегиялық мақсаты – дамы­ған 30 елдің қатарына қосылуға бір қадам болса да жақындайды.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Суреттерді түсірген Айтжан МҰРЗАНОВ,

«Егемен Қазақстан».