• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2015

Тестілеу тәртібінде нендей өзгеріс?

352 рет
көрсетілді

Балалардың білім дәрежесін тестілеумен анықтап, олардың болашағына бағдар беретін ҰБТ өз деңгейінде жыл сайын артықшылықтары және кемшіліктерімен өтіп келеді. Бұл тұрғыда лайықты баллды жинай алмай, келешекке сенімсіз қарай бастаған оқушылардың психологиясына салмақ болар білім жүйесіне биылғы жылы біраз өзгерістер енгендігін білдік. Аталған тақырып төңі­регінде, бірыңғай тестілеуге бір ай шамасында уақыт қал­ған кезде Білім және ғылым министрлігі тарапынан бірқатар мәліметтер берілді. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде бас қосқан министрлік өкілдері ағымдағы жылдың жаңалықтарымен таныстырды. Үстіміздегі жылдан бастап кәмелеттік аттестатқа ҰБТ мен пән бойынша жылдық баға­ның қорытындысы орташа арифметикалық жиынты­ғындағы құрамдық бағамен анықталатын болады, деді Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов. Мұндай аттестаттау мектептің жұ­мы­сын әділ бағалауға, мектеп бітірушілерге түсетін пси­хо­эмоционалдық жүктемені азайтуға мол мүм­кіндік бере­тінін айтқан С.Нүсіпов мектепте үздік оқы­ған оқушы тестілеу кезінде пси­хологиялық немесе басқа да жағдайларға бай­ланысты төмен балл алып қалуы мүмкін екендігін, осы тұр­ғыда аттес­татқа оның тесті­леуден жинаған бағасы түсе­тіндігін мысалға келтіре отырып, осы жүйенің қазіргі таңда өзгергендігін тар­қатып айтты. Бағаның ариф­метикалық жиынтығы деп отырғанымыз да тап осы, деген комитет төра­ғасы, 5-ке оқыған баланың тес­ті­ден 4 алып қалатын жағ­дайында, оның орта көрсеткіші 4,5 болатындығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ол еліміздегі жалпы саны 155-ті құрайтын тест өткізу пункттеріне тағы да 10 пункт қосылғандығын айтты. Бұл мәселенің тасасында балалардың әртараптан автобусқа мініп, біршама жол жүріп, тестілеу пунктіне шаршап және толқып баратындығы себеп екендігін жеткізді. Сол себепті де, шалғай өңірлерде қосымша пункттер ашылған. Сондай-ақ, лектер санының ұлғаюы және олардағы тесті­ленушілер санының 600-ге дейін кемуі есебінен, ҰБТ өткізу мерзімі 2 аптаға ұзартыл­ғандығын атап өтті. Салыс­тырмалы түрде өткен жылы ҰБТ мерзімі бір аптаны құрап, лектегі білім алушылар саны 800-ге барған. ҰБТ өткізу пункттеріне, тест өткізуді басқару және бақылау үшін 2000 министрлік өкілдері тағайындалды. Олар әр аудиторияға біреуден қаты­сады. Бұл техникалық құрал­дардың үздіксіз жұмыс жа­сауын қадағалау үшін де тиімді, деді С.Нүсіпов. Соны­мен қатар, оның айтуына қарағанда, жасөспірімдердің психо­логиялық жас ерекше­лігін есепке ала отырып, мек­теп бітірушілер мен олардың ата-аналарының қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету және күй­зелісін барынша азайту үшін көпшіліктің назары­на ұсынылатын ҰБТ қорытын­ды­сына шартты белгі қойы­лады. Яғни, бұрынғы дәстүр бо­й­ынша тестілеуден соң оның қорытындысы аты-жөні жа­зылып, тақтайшаға ілінбей­ді. Әр оқушыға жеке сәйкес­тендіру нөмірі және тестіле­ну­шінің жеке коды беріледі. Ол бітірушінің аты-жөнінің орны­на жазылады. ҰБТ қорытын­дысы бір уақытта Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтында жарияланатын болады. Балалардың психологиялық ахуалы басты назарда және олардың келешекке деген се­нім­ді қадамы маңызды екен­дігін айта отырып, С.Нүсі­пов осының аясында ата-аналар мен мектеп мұғалімдерінің балаға қолдау көрсету қажеттігін көлденең тартты. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».