• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2010

“ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ” ТИІМДІЛІГІ БИЫЛ ДА ЖОҒАРЫ

574 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімдегі Үкіметтің кезекті отырысы болып өтті. Онда 2010 жылға арналған “Жол картасын” іс жүзіне асыру барысы, өңірлердің алдағы қысқы маусымға дайындығының жағдайы және 2020 жылға дейін еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту мен кең көлемде модернизациялау бағдарламасы қаралды. Сонымен бірге, осы отырыста еліміздің ішкі рыногындағы азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі де талқыланды. Күн тәртібіне енгізілген ал­ғаш­қы үш мәселе бойынша Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс істері жөніндегі агент­тік­тің төрағасы Серік Нокин баяндама жасады. Мемлекет басшысының Қа­зақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында атап көрсетілгендей, “Жол картасы – 2009” жоспары бой­ынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу және қайта құру жөніндегі жұмыс­тар биылғы жылы да жалғас­ты­ры­ла­ды. 2010 жылға арналған “Жол кар­тасы” аясында тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық нысан­да­рын жөндеу және жаңғырту жұ­мыс­тарына 50,4 миллиард теңге қар­жы бөлінген. Оның 32,8 мил­лиард теңгесі республикалық бюд­жет­тен, 17,6 миллиард теңгесі жер­гі­лікті бюджеттерден қарастырыл­ған. Облыс әкімдіктері мен Астана және Алматы қалалары әкімдіктері­нің берген мәліметі бойынша, қа­зіргі уақытқа дейін республикалық бюджеттен бөлінген қаржы – 93 пайыз, жергілікті бюджеттің қар­жы­сы 84 пайыз игерілген. Тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығы жобаларын іс жүзіне асыру барысында 39 мың адам жұмыспен қамтылған. Ағымдағы жылы “Жол картасы” шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық саласы бойынша 653 жоба іске қосылмақ. Оның ішінде Қарағанды облысында 11 жоба, Солтүстік Қа­зақ­стан облысында 2 жоба, Маң­ғыстау облысында 1 жоба қазірдің өзінде жүзеге асқан. Жалпы ал­ған­да, “Жол картасы” шеңберінде ат­қарылып жатқан жұмыс тәжірибесі еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және кең көлемде модернизациялау бағдар­ла­масын белгілеуге негіз болып отыр. Серік Нокиннің айтуы бой­ын­ша, бұл бағдарлама 200-ден ас­там нормативтік-техникалық құ­жаттарды жетілдіру және белгілеу, ғылыми және қолданбалы зерттеу жұмыстарын жүргізу, коммуналдық саладағы тариф тетіктерін жетілдіру шараларын қарастырады және 5 мыңнан астам кәсіби білікті ма­мандар даярлауға мүмкіндік береді. Бағдарламаның 2011-2015 жыл­дар­ға арналған бірінші кезеңіне белгіленген шараларды жүзеге асы­ру үшін республикалық бюджеттен 173 миллиард теңге бөлінуі керек. Оның ішінде 123 миллиард теңге коммуналдық жүйені дамыту мен модернизациялауға, 43,5 миллиард теңге көпқабатты тұрғын үйлердегі энергетикалық тиімділікті арт­ты­ру­ға жұмсалмақ. Агенттік төрағасы мәлімдегендей, осы қаржының 46 мил­лиард теңгесі 2011 жылы иге­рілуі керек. Ал Қаржы министрлігі 2011 жылға арналған бюджет жо­басын белгілеген кезде бұл қар­жы­ның 24,5 миллиард теңгесін ғана қарастырған. Агенттік 2011 жылға бө­лінген қаржыны тағы да 21,7 мил­лиард теңгеге өсіруді ұсынып отыр. Егер осы аталған қаржы то­лық мөлшерде бөлінбейтін болса, Астана қаласы мен Оңтүстік Қа­зақстан облысынан басқа бірде-бір өңір 2011 жылы инженерлік инфра­құрылымды дамыту бағдарла­масын орындай алмайды. – Менің ойымша, 2020 жылға дейін еліміздің тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығын дамыту және кең көлемде модернизациялау бағдарламасы негізінен жақсы жа­салған. Бұл бағдарламаны бүгінгі отырыста айтылған сын-ескерт­пелермен толықтырып, жақын арада қабылдауымыз керек, – деді Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов. Өңірлердегі тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық саласын ал­да­ғы қысқы маусымға дайындау ша­ралары белгіленген кесте бойын­ша жүзеге асырылып келеді. Биыл­ғы жылға белгіленген шаралар ауқы­мында республикамыз бойын­ша 4015 бу қазанын, 716 шақырым жылу жүйесін, 1815 шақырым су­мен жабдықтау және су тарату жүйесін, 43303 шақырым электр желі­сін күрделі жөндеуден өткізу қарастырылған. Ағымдағы жылдың 15 шілдесіне дейінгі мәлімет бой­ынша, 2139 бу қазаны (53 пайыз), 391 шақырым жылу құбыры (54 пайыз), 984 шақырым сумен жаб­дықтау және су тарату жүйесі (54 пайыз) күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен бірге, белгіленген 43,3 шақырым электр тарату желісінің іс жүзінде 20,8 мың (48 пайыз) ша­қы­рымы дайындық сапына қойылды. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін еліміз бойынша 10 204 оқу мекемесін дайындау керек болатын. Қазіргі күнге дейін 4844 нысан (47 пайыз) жаңа оқу жылына толық дайын болды. Дегенмен, бұл салада әлі де қолбайлау болып отырған мә­селелер баршылық. Мәселен, ме­кемелерді жаңа оқу жылына дай­ын­дау шаралары Оңтүстік Қазақ­стан облысында бар болғаны 20 пайыз, Шығыс Қазақстан облы­сын­да 23 пайыз, Алматы қаласында 26 пайыз ғана жүзеге асырылған. Статистика агенттігінің дерегі бой­ынша, елімізде жыл басынан бері инфляция деңгейі 4,4 пайызды құраған. Инфляция мөлшеріндегі азық-түлік тауарларының үлес салмағы 5,6 пайыз болып отыр. Азық-түлік бағасының өсу деңгейін жекелеген өңірлер бойынша алып қарасақ, бұл көрсеткіш Астана қаласында 7,3 пайыз, Батыс Қа­зақ­станда 6,4 пайыз, Жамбыл облы­сында 6,1 пайыз және Оңтүстік Қазақстан облысында 5,9 пайыз деңгейінде болған. Үкімет оты­ры­сында ішкі рыноктағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, респуб­ли­камызда негізгі азық-түлік баға­ла­ры шілде айында біршама тұрақ­танған. Бірқатар азық-түлік түрлері, атап айтқанда, жұмыртқа 8,6 пай­ыз, картоп 6,4 пайыз, пияз 4,3 пай­ыз, сүт 3 пайызға арзандаған. Со­ны­мен бірге, сәбіз 16,1 пайыз, қы­рыққабат 4,5 пайыз, сары май 2 пай­ыз, құс еті 1 пайызға қым­баттаған. Бұл азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауына сараптау жүргізген кезде өнім өндіруші­лер­дің бағаны ешбір өзгертпегені, бағаның қымбаттау себебі тек қана делдалдар мен сауда нүктелерінің тойымсызды­ғынан болып отырған­ды­ғы анық­талды. Бұл жергілікті ат­қарушы органдарда құрылған баға­ны бақылау жөніндегі өңірлік штаб­тардың жұмысының әлсіздігін көрсетеді. Ауыл шаруашылығы министрі­нің мәлімдеуінше, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысынан басқа еліміздің бірде-бір өңірлерін­де нан бағасы өзгермеген. Шілде айында Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында нан баға­сының қымбаттауына ешқандай негіз болған жоқ. Бұл жекелеген құрылымдар мен алыпсатарлардың биылғы қуаңшылық дақпыртын өз қалталарын қалыңдату үшін пай­да­лану пиғылынан туындаған. Еліміз бойынша нан бағасының қымбат­тауына еш негіз жоқ. Оған биылғы ауа райының қолайсыздығы да ешқандай ықпал етпейді. Біріншіден, деді А.Күрішбаев, еліміздің кейбір өңірлеріндегі қуаң­шылыққа қарамастан, республика­мыз бойынша биылғы жылы алдын ала жасалған есепке қарағанда, 13,5-14,5 миллион тонна астық жи­налатын болады. Мұндай жоғары көрсеткішке егіншілікпен айналы­са­тын шаруашылықтарда ылғал сақтау технологиясының кеңінен өндіріске енгізілуінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Екіншіден, еліміздің құт қамбасында өткен жыл­дан қалған 7 миллион тонна са­палы астық сақталып тұр. Міне, жоғарыда айтылған осы астық кө­лемі еліміздің ішкі рыногын толық қамтамасыз етуге және жоғары экс­порттық қуатын сақтауға барынша жеткілікті. Министрдің айтуынша, Үкімет­тің дер кезінде қабылдаған кешенді шараларының арқасында еліміздің барлық өңірлерінде шегірткеге қарсы күрес сапалы әрі кең көлем­де жүргізілген. Соның арқасында көрші мемлекеттердің жүздеген мың гектар алқаптарын шегіртке басып кеткенде, біздің елімізде бірде-бір гектар алқап бұл кеселді жәндіктің кесіріне ұшыраған жоқ. Тағы бір айта кететін мәселе, 2008 жылы астықтың әрбір тоннасы 230-250 АҚШ доллары деңгейінде бол­ған­да, республикамыз бойынша бір бөлке нанның бағасы 46 теңгеден айналды. Ал қазір астық бағасы 140-150 доллардан болып отыр­ған­да, бір бөлке нан 43 теңгеге са­тылуда. Бұдан шығатын қорытын­ды, нан бағасына ауыл шаруашы­лы­ғы өнімін өндірушілердің де, ұн өндірушілердің де ешқандай қа­ты­сы жоқ. Соңғы кезде Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысында қалыптасқан жағдайға келетін болсақ, қазір бұл өңірлерде Азық-түлік корпорациясы тарапынан әрбір тоннасын 20,6 мың теңгеден босатқан 49 мың тонна астық бар. Алдағы уақытта корпорация бұл өңірлерге осындай бағамен тағы да 100 мың тонна астық жөнелтеді. Үкімет отырысын Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қорытын­ды­лап, қаралған мәселелер бойын­ша тиісті органдарға нақты тапсыр­малар берді. Үкімет басшысы, әсі­ре­се, оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығын қатаң бақы­лауды тапсырды. Егер, оқу жылы басталғаннан кейін бұл са­лада күр­делі кемшіліктер анықталатын бол­са, олқылық орын алған жерлердегі аудан әкімдері мен білім беру бө­лім­дерінің бастықтары орындары­нан алынатындығын ескертті. Сонымен бірге, Премьер-Министр барлық өңірлердің әкімдеріне және тиісті атқарушы билікке еліміздің ішкі рыногындағы азық-түлік баға­сының тұрақтылығын қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.