• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2015

Экономикалық салада ілгерілеушілік байқалады

384 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.

Вице-премьер биылғы ақпан айында ашылған Шымкент қалалық №1 балалар ауруханасының жұмысымен танысты. Үкімет басшысының орынбасары аурухананың мәжіліс залында облыстағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының қызметкерлерімен кездесті. Бұл мәжіліске Премьер-Министрдің орынбасарымен бірге Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қатысты.

Жүздесуді облыс әкімі Асқар Мырзахметов жүргізіп отырды. Кеңесте Оңтүстік Қазақстан об­лыстық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы С.Пәкеев, білім басқармасының басшысы А.Ел­шиева және мәдениет басқарма­сының басшысы К.Айдарбекова шағын баяндама жасап, өз салалары бойынша өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарды жүйе-жүйе­сімен талдап айтып берді.

Ал оның сөзін облыс әкімі Асқар Мыр­зах­метов толықтырып, аудан, қала ба­ғыттарында да «Же­дел жәрдем» жү­йесі жолға қойыл­ғанын жеткізді.

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов облыстық бі­лім басқармасының басшысы А.Ел­шиевадан оқушыларды оқулықпен қамтудың қалай шешіліп жат­қан­дығын сұраса, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұ­хамедиұлы облыстық мәдениет басқармасының басшысы К.Ай­дар­бековаға тындырымды жұмысы үшін алғысын айтты.

Кеңесті Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қорытты.

– Әлемді қанша рет дағдарыс қыспағына алып, мықты мем­ле­кеттердің көбі тарығып жат­қан кезеңнің өзінде Елбасы денсау­лық сақтау, білім, мәдениет және спорт саласына бөлінетін қаржы­ны еселеп келеді, – деді Бердібек Мәш­бекұлы. – Өйткені, Қазақстанға дені сау, білімді, мәдениетті ұрпақ керек. Мәселен, Оңтүстікте денсау­лық сақтау саласына 90,3 млрд. теңге бөлініп, өткен жылдардан 8,3 пайыз­ға артқандығы мемлекеттің «Сала­матты Қазақстан» бағдарламасын түбегейлі орындауға бағыт ұста­ғандығын аңғартады.

Қазақстанда қаржы жоқ емес, бар. Бірақ оны мақсатсыз, оңды-солды жұмсауға жол берілмейді. Премьер-Министрдің орынбасары осы жайға айрықша тоқталды. Ше­телде амбулаториялық көмек жолға қойылған, аурухана­ларға ауыр науқастар ғана жатқы­зы­лады. Бізде де осындай жақсы тәжіри­белерден үйрену керек. Респуб­ли­када медицина саласы қызмет­­керлерін даярлауда оралымсыз­дықтар бар. Кадр сапасына қат­ты көңіл аудармаса бол­майды. Ең алдымен мейірби­келер­дің білік­тілігін арттыруды жолға қою керек. Өйткені, тамыр ұстап, укол сала алмайтын аурухана қыз­меткерлеріне жұртшылық тарапынан орынды сын айтылып жатыр. Үкімет денсаулық сақтау саласына орасан қаржы бөліп, ең соңғы үлгідегі медициналық қондырғыларды әперіп жатыр. Алайда, сол қымбат қондырғылардың іске қосылмай тұрғандары да көп. Неліктен? Кадр дайын емес. Сондықтан, біліктілікті арттыру үшін білім көтеру, қажет жағдайда шетелдерде оқытуды, тәжірибе алмасуды одан әрі іске асыратын боламыз. Келешекте медициналық техникалар лизинг жүйесімен алынатын болады. Бұл жауапкершілікті арттыру үшін керек.

Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсы. Өңірдің аудан, қала орталықтарында заман талабына сай ғимараттар салынып, ел игілігіне берілуде. Шымкент шын мәнінде Қазақстандағы сәулетті қалалардың біріне айналды. Осындай тындырымды жұмыстары үшін облыс басшысы Асқар Исабекұлына өзімнің ри­за­шылығымды білдіремін.

Мемлекеттің білім саласына бөлетін қаржысы төмендемейді. Әйтсе де ойласатын жайттар баршы­лық. Оңтүстікте халық көп. Жыл сайын 80 мыңның үстінде сәби дүниеге келеді. Бұл – жақсылық. Бірақ оларды мемлекеттік бағдарламамен ғана балабақшаға орналастыру қиын. Сондықтан, балабақша салу ісіне кәсіпкерлерді тартуды жалғастыра беру керек. 2020 жылға дейін апатты және апат жағдайындағы мектептерді жойып, жаңа білім ошақтарын салатын боламыз. Мемлекет осы мақсатқа жыл сайын Ұлттық қордан 3 миллиард долларға дейін ақша бөлмек. Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету күн тәртібінде тұр. Тамыз айына дейін бұл мәселе дұрыс шешілуі керек.

Премьер-Министрдің орын­­ба-

сары сапалы кадр мәселе­сіне, кә­сіптік-техникалық учили­ще­лер­дегі маман дайындау жағ­дайына тоқталды. Экономист, заңгер, мұғалім сияқты мамандық иелері көп. Дені жұмыс таппай отыр. Ал зауыт, фабрикаларға ин­дустриялық-инновациялық бағ­дарлама бойынша жаңаша жұмыс жасай алатын мамандар аса қажет. Сондықтан, ойласып жасайтын ша­руалар жеткілікті. Бірін бірі айна-қатесіз қайталайтын, сұ­ра­­ныспен жұмыс жасамайтын жо­ғары және орта оқу орындарын жабу­ға, бүгінгі күн талабына сай ма­ман­дар даярлауға кірісетін боламыз, деді ол.

Премьер-Министрдің орынбасары ойын осылай қорытты.

Бұдан кейін Бердібек Мәш­бекұлы «Қазына» этно-тарихи кешенінде болып, осындағы атқа­рылған жұмыстармен танысты. Келесі кезекте ол «Karlskrona LC AB» ЖШС-інде болды. Аталған кәсіпорын алғашқы рет өңірімізде дискілі айналмалы бекітпелер мен «Zulzer» консольді сорғылар өңдіріп отыр. Жылына 6500 дана өнімді отандық нарыққа шығаратын зауыт затының құны 2 млрд. теңгені құрайды. Бүгінде мұнда 20 адам жұмыспен қамтылған.

Осы зауыттың өндірістік цехында Бердібек Сапарбаев еңбек қатынастары мәселелері жөнінде жиын өткізді. Оған өңірдегі мем­лекеттік мекемелердің басшылары мен ірі және орта кәсіпорындардың жетекшілері, үкіметтік емес ұйым­дардың төрағалары қатысты.

Сол күні Б.Сапарбаев пен А.Сәрінжіпов Қазығұрт ауданы­ның Атбұлақ елді мекенінде Жамбыл Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының ашылу салтанатына қатысты.

Вице-премьердің жұмыс сапары бүгін Түркістан қаласында жалғасады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Суретті түсірген

Қайсар Шерім.