Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты 2014 жылғы қараша айындағы Жолдауында таяудағы жылдары жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді... Бұл шектен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Сондықтан кейбір позицияларды жедел түрде қайта қарау керек. Сондай-ақ, алдағы кезеңдердің жоспарлануына түзетулер еңгізу қажет. Осы мақсаттарды орындаудың түрлерін айта келіп, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады, деп ерекше атап айтты.
Өмірлік тәжірибе көрсеткендей, шағын және орта бизнесті дамытуда кооперацияның рөлі ерекше. Осы уақытқа дейінгі тәжірибе кәсіпкерлікті дамытуда қозғаушы күш болып келген кооперативтен басқа ешқандай әдіс, күш әлі табылған жоқ. Өйткені, кәсіпкерлікті дамытпайынша елдің экономикасы, әлеуметтік жағдайы жақсара алмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап көрсеткендей, «Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай ең аз дегенде екі есе өсуге тиіс». Ол үшін қандай шараларды іске асыру керек. Атап айтқанда, шағын және орта бизнестің бірлестіктерімен кооперацияға ұмтылысын көтермелеу, оларды қолдау және көтермелеу жүйесін жасау қажет.
Бұл Елбасының көрегендікпен алдын ала болжап, еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға кооперацияны пайдаланудағы оңтайлы шешімі деп түсінеміз. Сондай-ақ, бизнесті дамытуда кездесетін кедергілерді болдырмау үшін қатаң жауапкершілік жүйесін енгізуді қарастыруды тиісті органға тапсырды. Алдағы уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретінімізді және жаңа жылдан кейін Еуразиялық экономикалық одаққа енетінімізді ескеріп, еліміздегі кәсіпкерлікті қолдау жүйесін жетілдіру және оларды дамыту үшін барлық шараларды қабылдауды атап көрсетті. Ұсақ кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерге барлық жағдайды жасап, орта деңгейге жеткізу міндетін белгіледі.
Кәсіпкерлікті дамытуға қозғаушы күш болатын, дүниежүзінде іс жүзінде сыналған әдіс ол – кооператив. Кәсіпкерлікті дамытуға және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда кооперативтік әдістің үлесі зор. Кооперацияның басқа ұйымдардан қандай айырмашылығы бар деген сұрақ туады. Кооперация өз алдына мекеме, оны өзінің мүшелері құрған. Оның жұмысын бақылайтын да өзінің мүшелері. Кооперацияның міндеті өз мүшелерінің жағдайын жасап, олардың қажетін қанағаттандыру, қорытындысында адами ресурстардың дамуына, олардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсартып, ойлаған мақсаттарына жетуіне жол ашу. Қорытындысында кооперация мүшелері шағын және орта бизнестің дамуына ұйытқы болады .
Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2012 жылды халықаралық кооператив жылы деп жарияланған. Осындай шешім қабылдай отырып, Мемлекет басшыларынан кооперативке тиімді жағдайлар жасау, кәсіпкермен бәсекелес қатынаста болып, оны нығайту жөнінде қолдайтын заңдар қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар, жыл сайын халықаралық көлемде шілденің бірінші сенбісін «Халықаралық кооператив» күні деп атап өтуді белгіледі. Халықаралық кооператив альянсының есебі бойынша, дүниежүзінде 1 миллиард кооператив мүшелері бар екен. Бұл кооперативтік қозғалыстың дүниежүзінде дамып отарғандығының айқын дәлелі.
Еліміз нарықтық қатынасқа көшкен кезде кейбір кооперативтер ішкі мүмкіндікті пайдаланып, жеке өнім өндіретін өндірістер ашты. 1994 жылы Қызылорда облыстық тұтынушылар кооперативі республикалық семинар өткізді. Сөйтіп, Қызылорда облысында өндірістік өнімдерді нарықтық қатынас талабына сай сыртқа шығарып сату қолға алынды. Атап айтқанда, қауын, қарбызды Мәскеу, Ленинград, Свердлов, Владивосток, Минск, Киевке дейін вагонға тиеп жіберіп, екіжақты келісімді бағамен сатылды. Сол кезде Жапонияға мияның тамырын жіберіп, түрлі-түсті телевизор алдық. Осындай жаңа экономикалық байланыстар болып тұратын еді.
Осындай қалыптасқан жағдайда Елбасының Жолдауына сәйкес елімізде кооперацияны қайтадан қалпына келтіру керек. Тұтыну кооперациясының еліміз нарықтық қатынасқа көшпей тұрғанда бүкіл республиканың сауда айналымында 42 пайыз үлесі болды. Ауылшаруашылық өнімдерін дайындау мен сатып алуда республика бойынша 68 пайызды, тауар өнімдерін өндіріп шығаруда 33 пайызды құрады. Дегенмен, объективті, субъективті қалыптасқан жағдайға байланысты тұтыну кооперациясы жұмысын тоқтатты.
Болашақта кооперацияның артықшылығын пайдаланып, шағын және орта бизнесті дамытуымыз керек. Ол үшін әрбір ауданда, халық жиі орналасқан жерлерде кооператив құру тиімді. Соның арқасында сол жердегі халықтың жұмысқа орналасуын шешіп, әлеуметтік жағдайын жақсартып, шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасалады. Қазіргі ауыл шаруашылығының кәсіпкеріне беріліп жатқан жеңілдік несиелерді кооперацияға беру керек. Олар: көпсалалы кооперативтерді, яғни сауда, қоғамдық тамақтандыру, тамақ өндірісі, ауылшаруашылық өнімдерін дайындау және өңдеу, шағын өндірісті дамытып ірі өндіріске айналдыру, тағы басқалар.
Қазіргі қалыптасқан жағдайда кооперацияны пайдаланып бар мүмкіндікті іске асыруымыз керек. Кооперация ерекше күш болып, шағын және орта бизнесті дамытады. Біз мұндай күшті тиімді пайдалануымыз керек. Бұл өмірдің талабы, оны іске асырып шағын бизнесті дамытып, орташа бизнеске жеткізуіміз керек. Сонда кәсіпкерлік дамып, елдің экономикасы өсіп, жаһандық сынақтардан сүрінбей өтуге болады.
Жорабек САРБАЛАҚОВ,
экономика ғылымдарының докторы,
Қызылорда облыстық тұтынушылар одағының төрағасы.