• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2015

Партияның алдағы міндеттері

553 рет
көрсетілді

Кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің қатысуымен партияның республикалық жиналысы өтті. Онда 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар талқыланып, екінші жартыжылдыққа арналған міндеттер белгіленді. Жиналысты ашқан кіріспе сөзінде А.Мырзахметов Пре­зидент Н.Назарбаевтың бес институттық реформасына және оны іске асырудың 100 қадамына байланысты партияның алдында тұрған міндеттер, «Нұрлы Жол» бағдарламасының орындалуын бақылау туралы Елбасының тапсырмаларын еске салып өтті. Бүгінгі жиынымызда осы алда тұрған мақсаттарды орындауға байланысты атқарыла­тын жұ­­мыстарды айқындаға­лы отырмыз. Екіншіден, үсті­міз­дегі жылдың алғашқы жарты­жылдығында атқарылған істердің қорытындысын қарайтын боламыз, деді ол. Осы мәселелер бойынша алғашқы сөз «Нұр Отан» партиясының хатшысы Құмар Ақсақаловқа берілді. Ол алдымен партияның сайлауалды бағдарламасының үш жылдағы орындалуы туралы хабардар етті. Соның ішінде 49 көрсеткіш бойынша оң нәтижелер алынды. Соның ішінде 20 міндет мерзімінен бұрын іске асуда. Адамның орташа өмір сүру ұзақтығы 70,5 жасқа жетті, мектептер мен тұрғын үй құрылысы бойынша міндеттер орындалып, 401 мектеп, 25 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды. Қазір құрылыс материалдарының 80 пайызы елімізде өндіріледі, ал жоспар бойынша 50 пайыз болған еді, деді ол. Сонымен қатар, ол Парламенттегі партия фракциясының жұмыстарына да тоқталып, бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған партиялық бағдарламасын жүзеге асыру үшін 3 заң жобасы әзірленіп, олар палатаның қарауына енгізілгенін жеткізді. Сайлауалды уәделерді орындау мақсатында барлығы 30 заң қабылданған екен. Қазіргі таңда партияның облыстағы филиалдарында Ұлттық қордан бөлінген қаржылардың тиімді жұмсалуын бақылау бойынша комиссиялар құрылғаны және олар әлеуметтік нысандардың құрылысы бо­йынша жедел ақпарат алып, 278 нысанның орындалуына мониторинг жүргізуде екені айтылды. Сонымен қатар, есепті кезеңде 43 мыңнан артық адамның партияға өтініш-шағымдармен келгені, соның 20 пайыздан артығы бо­йынша оң шешімдер қабылданғаны жеткізілді. Шешен олардың қаншасы қандай мәселелерге байланысты екені де талданғанын айтып берді. Идеологиялық жұмыстарға байланысты атқарған шаруалар туралы партия хатшысы Фархад Қуанғанов баяндады. Партияның идеологиялық жұмыстары доктринаның басты қағидалары мен құндылықтарына негізделді, дей келіп ол 12 мақсатты жобалар республика тұрғындарының негізгі бөлігін шарпып, оларды алаңдататын барлық мәселелерді қарастырғанын айтты. Мәселен, «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Бақытты балалық» жобалары бойынша 5,5 мың ардагердің, 1600 жетім баланың проблемалары шешіліп, 656 мың отбасына материалдық көмек берілді, деді ол. «Мықты бизнес – қуатты мемлекет» жобасының шеңберінде ұлттық кәсіпкерлердің палатасымен бірлесе отырып, шағын және орта бизнесті дамытуға байланыс­ты 10 заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, 600-ден астам адам бизнестің негіздері бойынша оқуларды аяқтады. Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмек қолы созылғанын атап өтті. «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша 6 мыңнан астам мүгедек жұмысқа орналастырылды, деді ол. Бұдан кейін жиналыста партия белсенділері, Мәжілістегі партия фракциясының мүшелері Қ.Сүлейменов, О.Киколенко және т.б. сөйледі. Жиналыс жұмысын А.Мырзахметов қысқаша сөзбен қорытындылады. Біз алдағы уақытта да бюджет қаражаты есебінен атқарылып жатқан бағдарламалардың орындалуына назар аударып, бақылауды күшейтуіміз, олардың тиімді және мақсатты жұмсалуын қатаң қадағалауда ұстауымыз керек, деді ол. Сонымен қатар, қоғамдық қабылдаулар бөлмелерінің белсенділігіне назар аударды. «Жыл өткен сайын қоғамдық қабылдауларға мұң-мұқтажын айта келушілердің арта түсуі «Нұр Отанға» деген халық сенімінің бір көрсеткіші. Алайда, ендігі жерде біз істің нәтижелілігін тек келіп түскен өтініштер көлемімен ғана емес, қарапайым тұрғындар мәселелерінің қаншалықты түбегейлі шешімін тапқанымен өлшеуге тиіспіз. Ол үшін арыз-шағымдардың түп-төркініне үңілген жөн. Яғни, белгілі бір өтініш қандай себеппен түсті, бұл қандай орган жұмысының кемшілігі дегенді анықтап, соған сай халықтың мәселесін нақты шешудің тетіктерін іске асыруымыз қажет», деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. Осылайша «Нұр Отан» билеуші саяси күш ретінде азаматтарды толғандырған мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, жұртшылықтың сенімін арттыру арқылы партияластар қатарын одан әрі ұлғайтуды жалғастыра бермек. Сонымен қатар, ол бастауыш партия ұйымдары жұмысының сапалылығына, «Жас Отан» жастар қанатының жұмысын жетілдіру мақсатына назар аударды. Сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы жұмыстарды жетілдіру мәселесі де назардан тыс қалмады. Осыған орай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің іс-қимылын арттыру мәселесі көтерілді. Селекторлық жиналысқа партияның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының мүшелері, партияның хатшылары, орталық аппараттың құрылым басшылары, өңірлердегі облыстық филиалдар төрағаларының бірінші орынбасарлары және бейнебайланыс арқылы өңірлердегі аппарат қызметкерлері қатысты.  Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».