ҚЫЗЫЛОРДА. 26 тамыз. Мысыр астанасы Каирдің «Әл –Азхар» университетінің Ислам мәдениеті және дін насихаты бағыты бойынша ұстазы Имад Мұхамед әл-бағри Мұхамед, шариғат және заң факультетінің Әбу Ханифа фикһының ұстазы Ахмад әл-Амир Мұхамед Жәхин Исмайл Қызылордада бірнеше кездесулер өткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Кездесулерде «Зайырлы мемлекеттегі діннің рөлі», «Сананы уалаған сан ағым», «Халал түсінігі», «Талақ мәселесі», «Иман және ақида» тақырыптарында тұрғындармен пікір алмасулар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, шетелдік ұстаздар жергілікті «Қоғам ТВ» телеарнасы арқылы «Дін мен діл» бағдарламасына қатысып, тұщымды ойларын жеткізді.
Айта кету керек, Сыр елінде тұрғындар мен имам, молдалардың біліктілігін дамыту, діни сауаттылығын арттыру бағытында ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітімен бірлескен түрде бірнеше шаралар тұрақты жүзеге асырылып келеді. Соның бірі аймағымызға халықаралық деңгейдегі дінтанушы ұстаздарды шақырып уағыз-насихаттар ұйымдастыру болып табылады.
Ержан Байтілес.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: muftyat.kz.