Алаш ардақтысы, республика Юстиция халық комиссариаты сот істерін қадағалау бөлімінің меңгерушісі болған, еліміз тұңғыш заңгерлерінің бірі, айтулы тұлға Сейдәзім Қадырбаевтың туғанына 125 жыл толуына орайластырып, оның кіндік қаны тамған Жангелдин ауданының Қызбел ауылында тағылымды іс-шара өткізілді. Қуғын-сүргін жылдарында оның Воренежде атылған жеріне ұрпақтары былтырғы күзде арнайы барып, белгі құлпытас орнатып қайтқан болатын. Енді биыл туған топырағына құлпытас қойып, парыздарын өтеді.
Ерекше атап өтерлігі сол, біте құйылған қос құлпытастың бірі Сейдәзім Қадырбаевтың аталас туысы Байұзақ Бәзікенұлының құрметіне арналған еді. Бұл жауынгер 1943 жылдың күзінде кескілескен ұрыста мерт болып, Беларусь республикасы Витебск облысының Редьки деревниясында жерленген екен. Соңында қалған ұрпақтары әке-аталарының басынан топырақ әкеліп осында аза тұтып қойып, қос арыстың рухына тағзым етісті.
Тәуелсіздіктің арқасында Отан соғысында шейіт болған жауынгерлердің қандай бауырластар зиратында жерленгені туралы деректер көптеп табылуда. Бір ғана осы Қызбел бойынан 176 жауынгер еліне қайтпай қалған екен. Солардың бірі қарымды жорналшы Ханзипа Бәлдікованың немере ағасы Қартбай еді. Ханзипа апайдың тапжылмай іздеу салуының нәтижесінде ағасының дерегі табылды. Ол Тула облысы, Арсеньев ауданының Хлопово поселкесінде 1942 жылдың 4 қаңтарында бауырластар зиратына жерленіпті. Ағасының жатқан жеріне әдейі барып топырағын әкелген апай оны Қартбай ағасының туған жері Қызбелге табыстауды парыз санап жүр.
Ел үшін жанын пида қылған арыстарға қандай рухани қамқорлық жасалса да артық болмасы белгілі ғой.
Қайсар ӘЛІМ, Қостанай облысы, Жангелдин ауданы.