Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанына 20 жылға жуық уақыт өтті. Тарих үшін қас қағым сәт. Осынау уақыт аясында Қазақ елі бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген толағай табыстарға жеткенін бүгінде әлем мойындады. Әрине, іркілістер де болмай қалған жоқ.
Тәуелсіздік тарихын ғылыми ой-санамен қорыту қажеттігін қалың жұртшылық көптен бері айтып жүрген еді. Құрылғанына көп бола қоймаған Мемлекет тарихы институтының ғалымдары Б.Аяған, Х.Әбжанов, Д.Махат даярлаған “Қазіргі Қазақстан тарихы” оқулығы жақында жарық көріп, көптің күткен үдесінен шықты. Оқулықты қолға ала отырып, ондағы бірнеше ұтымды тұстарды байқадық.
Біріншіден, Қазақстан тарихының барлық дәуірлерінің қамтылғаны. Алғашқы адам баласының қазақ жерінде пайда болғанынан тәуелсіз еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығына кіріскенге дейінгі аралығындағы іргелі оқиғалар мен үдерістер, күрес пен жеңіс, тапқанымыз бен жоғалтқанымыз мол деректік негізде баяндалыпты.
Екіншіден, оқулық мазмұнының және көлемінің негізгі денін азаттық тарихы алып жатыр. Азаттықтың бастау бұлағы тереңде жатқанын жақсы ұғынған авторлар горбачевтік “қайта құру” науқанына айрықша мән беріпті. Шынтуайтына келгенде, халықтың азаттықты аңсаған әлденеше ғасырлық арманы мен арпалысының діттеген мақсатқа жетер шағы қайта құруға дөп келгені рас. Демек, қайта құру жылдарын тәуелсіздіктің қарсаңы ретінде айшықтау қай тұрғыдан қарасақ та күрмеуі күрделі мәселенің болмыс-бітімін дәл көрсетеді.
Азаттық тұсына арналған әр тараудың негізгі ой-түйіндеріне тоқталсақ, олар мынадай: саяси-мемлекеттік дамудың басты қорытындысы қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуымен көмкерілуінде; нарықтық қатынастарға көшудің басты тағылымы-экономиканың қазақстандық үлгісінің дүниеге келуінде; әлеуметтік-мәдени үдерістердің түпкі көздегені – адамдардың әл-ауқатын көтеру мен жасампаздық қабілетін ашуға септескенінде; сыртқы саясат пен саяси бастамалардың мақсат-мүддесі ұлттық қауіпсіздік пен елдің тұтастығын қамтамасыз етуге қызмет етіп тұр.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тарихи миссиясын дәйектеуге арналған тараудың арқалап тұрған жүгі ерекше. Тәуелсіз Қазақ еліндегі іргелі өзгерістердің қайсысында болмасын Президенттің қайталанбас қолтаңбасы бар. Оқулық авторлары осылардың ішінен жаңа елорда – Астананы қалыптастырудағы, мемлекеттік-стратегиялық басымдықтарды айқындаудағы Н.Ә. Назарбаевтың көрегендігін, кемеңгерлігін, мақсатқа жету жолындағы табандылығын үлкен жауапкершілікпен әрі біліктілікпен ашқан екен.
Тарих – табиғи-ырғақты жүріп жатқан үдеріс ғана емес. Ол нақты уақыт пен кеңістіктегі нақты адамдар мен тұлғалардың іс-әрекеті, ұмтылысы, қуанышы мен күйініші. Сөз қылып отырған оқулықта тәуелсіздік тағдыры мен тағылымындағы адам факторына методологиялық мән берілгенін атап өткен жөн. Конституция қабылдау және конституциялық реформалар, жоспарлы экономикадан нарыққа көшу, мәдени-рухани жаңғыру, халықаралық қатынастар мен сыртқы саясатта лайықты орын табу – бәрі адам қызметі арқылы баяндалған. Бұл – жаңа буын оқулықтың, біздің ойымызша, ең бір ұтымды ерекшелігі.
Оқулық жоғары оқу орындарының тарихшы емес мамандықтарында (бакалавриат) оқитын студенттеріне арналған. Қосымшасы ретінде “Хрестоматия”, типтік оқу бағдарламасы даярланды. Ендеше, тәуелсіз Қазақстан тарихын жоғары оқу орындарында дербес пән ретінде оқытуға негіз қаланды деген сөз. Білім және ғылым министрлігі осы мәселені шеше алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.