• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2015

Жаңғырту – болашақтың берік негізі

396 рет
көрсетілді

Қазақстан әлемге саяси тұрақ­тылық пен қоғамдық келісім­ді сақтау саясаты бойынша барын­ша танымал. Бұл жолда мемле­кетіміздің қалыптасқан өзіндік үлгісі де баршылық. Бірнеше буын­ды бауырмалдық пен туыстық се­зімге тәрбиелеген бейбітшіліктің қазақстандық үлгісі өз жемісін беріп келеді.

Қазақстан – этностық топтарды өзара тату еткен сан түрлі ұлттарды бір-бірімен дос еткен бірден бір мемлекет. Әлем мемлекетімізді толеранттылықтың эталоны деп танып, Қазақстан халқы Ассам­блеясын «қазақстандық бренд» деп атайды, оның іс-тәжірибесін білуге, зерделеуге ден қойып отыр. Әрине, елдің бірлігі мен қоғамдық келісім бұл тек біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем елдері үшін де ерекше маңызды.

Елбасы бүгінде қазақстандық біртектілікті әрі қарай нығайту жолын азаматтық қағидатқа негіз­деудің қажеттілігін алға тартты. Қазақстан Конституциясы нәсіліне, этностық, діни және әлеу­меттік тегіне қарамастан, бар­лық азаматтардың теңдігіне кепіл­дік береді. Сонымен бірге, қазақ­стандық біртектілікті әрі қарай нығайта беру керек. Ол азаматтық қағидатына негізделуге тиіс. Барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдаланатын, бірдей жауапкершілік жүгін арқалайтын және тең мүмкіндіктерді иеленетін болады. Азаматтық теңдік, еңбек­сүйгіштік, адалдық, оқымыстылық және білімпаздық культі, зайырлы ел – толерантты ел, міне, Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы топтастырушы құндылықтар осылар. Бұл жағдайда азаматтық – орнықты және табысты мемлекеттің ең се­німді іргетасына айналады. Бұлар – Мемлекет басшысы бес инс­титуттық реформасының төр­тін­шісінде көрсетіп берген басымдықтар. Біз Қазақстан халқының дос­тығын еліміздің баға жетпес байлығы деп бағалаймыз, себебі, түрлі ұлт өкілдерінің өзара ынтымағы, заң алдындағы теңдігі болмаса, мемлекеттің гүлденуі де болмайды. Мемлекетіміздің бүгінгі шыққан биігінде, әлем елдері алдындағы беделінің өсуінде, сөз жоқ, өзге ұлт өкілдерінің де үлесі шексіз. Мұны Елбасымыз: «Біздің Тәуелсіздігіміздің тарихы – бұл барлық этностар достығының жылнамасы. Біздің елімізді өркендетуге Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностық топтардың өкілдері атсалысып келеді», – деп атап өткен-ді. Бүгінде республикада Қа­зақстан этностарының мәдениеті, тілдері, дәстүрлерінің дамуына барлық қажетті жағдай жасал­ған. Статистикалық дерек­терге сүйенсек, этномәдени бірлес­тіктердің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асып отыр. Елімізде 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар, 7 тілде телебағдарламалар шығады екен. Білім беру ісі толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істесе, 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде оқы­тылады. Сонымен қатар, 195 этно-білім беру кешендері мен жексенбілік және лингвистикалық мектептерде көптеген этнос тілде­рін оқуға мүмкіндік берілген. Қа­зақ және орыс театрларын қоспа­ғанда, елімізде тағы төрт ұлт­тық театр – өзбек, ұйғыр, корей және не­міс театрлары жұмыс істеп келеді. Елбасымыз атап көрсеткендей, біздің жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Ел. Бұл идеяны өмір­шең ететін – елдің бірлігі. Бірлік болмаған, ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде береке болмайды. Сол себепті Елбасы институттық реформасында меңзегендей, біздің кейінгі ұрпаққа аманат етер ең басты байлығымыз ел бірлігі болуы керек. Еліміздегі татулық пен ынты­мақтастықты сақтауға, жас­тарды ауызбірлікке баулуда І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде ауқымды істер атқарылуда. Соның бір дәлелі – оқу ордамызда құрылған Қазақ­стан халқы Ассамблеясы кафе­драсы. Кафедра универ­ситет­те білім алып жатқан этнос өкіл­дерінің қатысуымен мерекелік, ғылыми, танымдық шараларды жиі ұйымдастырады. Кафедра Алматы облысы әкімдігі, облыс­тық білім басқармасымен үш жақты ынтымақтастық келісімге қол қойып, бірлескен бірқатар шараларды қолға алды. Кафедра құрылғанға дейін де университет Алматы облыстық Қазақстан хал­қы Ассамблеясымен қоян-қол­тық жұмыс жасап, жастарды толе­ранттылыққа, елжандылыққа бау­литын танымдық-тәрбиелік шараларды өткізіп келген болатын. Соның ауқымды ісінің нәтижесі Жетісу жерінде тұрып жатқан 103 этнос өкілдерінің тұрмыстық деңгейін, ұлттық ерекшеліктерін, қоныстану тарихын зерттеген «Бір ел – бір тағдыр» атты кітаптың басылып шығуы. Университет ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Әбдіманап Бектұрғановтың басшылығымен жазылған кітапта Жетісу жерінде тұратын этностардың XVIII ғасыр­дан бүгінгі күнге дейінгі қоныстану тарихы зерттеліп, баяндалған. Елдегі татулық пен тұрақты­лықты сақтап, баянды етуіміз үшін әрқайсымыз оған үлес қосуымыз керек. Елбасымыз Н.Назарбаев «Ғасырлар күтіп, әзер қол жеткен азаттықтан айырылып қалмау үшін ішкі татулықты да, сыртқы татулықты да көздің қарашығындай сақтай білу керек», деген еді бір сөзінде. Мемлекет басшысы оны жай ғана айтып отырған жоқ, татулықты, ішкі тұрақтылықты қалыптастыруды, елімізді мекен етіп жатқан өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарауды меңзеп отыр.

Марат МӘЛТЕКБАСОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

ТАЛДЫҚОРҒАН.