• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2015

Жаны нәзік Гүлнар

452 рет
көрсетілді

«... Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап». АБАЙ. «Экономиканың түрлі салаларында, әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, мәде-ниет пен бизнесте жұмыспен қамтылғандардың 52%-ынан астамын әйелдер құрайды. Олар депутаттардың, басшылардың арасында да көп, ал мемлекеттік қызметшілердің тең жартысынан астамы – әйелдер. Осылайша, олар көптеген шешімдерді қабылдауға атсалысады», деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Шынында еліміздің өркен жаюы­на әйелдердің қосып отырған үлесі мол. Қай саланы алсаң да қайыспай еңбек еткен азаматшаларды көріп дән риза боласың. Ол да үлкен отбасының шаңырағынан түлеп ұшқан түлек болатын. Зерек ақылы қайсар мі­не­зімен ұштасып жататын. Бала болса да пікірі үшін тік тұрып, күресе білетін. Жансарайы руха­ни тұрғыдан өте бай бұл шаңы­рақ перзентіне жастайынан ең жақсы қасиет – білімге деген құш­тарлықты, тапсырылған жұмысқа жауапкершілік сезімін сіңірді. Әкесі Нұра өңіріне ғана емес, Қарағандыға танымал, жоқ-жітікке көрсеткен қайырымдылығымен, жасаған жақсылығымен, мінезінің көркемдігімен, адамгершілік қа­сиеттерімен жұртына қадірлі ел азаматы, білікті басшы, кәсі­би ұйымдастырушы Смағұл Мұқа­нов болса, анасы Күлшат Мұха­медияқызы іргесі мықты, босағасы берік көпбалалы отбасының тұт­қа­сына айналып, құт-береке дарыт­қан, ырыс, бақыт әкелген ақ маңдай ана. Онжылдықты бітірісімен Қарағанды мемлекеттік уни­вер­ситетінің экономика факультетіне оқуға түсіп, күн-түн демей білімін ұштады. Сөйтіп, қаржы саласының мамандығын игеріп, туған елге оралды. Алғашқы еңбек жолын Нұра аудандық қаржы бөлімінде маман болып бастады. Арман-мақсаты зор адам өмір бойы бір орнында тұрақтап қалмайды. Көп ұзамай оны аудандық салық комитетіне қызметке шақырды. Жас маманның ерекше қасиет­терін байқаған басшылық оны 1998 жылы басшының орынбасары етіп тағайындады. Содан бері Гүлнар бұл қызметті бар ынтасымен адал атқарып келеді. Оның басқарушылық қабілеті білім ордасында жүргенде-ақ анық байқала бастаған еді. Басқару жұмысында, мәліметтерді есте сақтауды, оны ойда ұшқыр қорытып, жүйеге келтіруді, сөйтіп, тез арада шұғыл шешімдерді қабылдауды қажет ететіні белгілі. Әсіресе, ол жас ма­мандарға көмек көрсетіп, олардың кәсіби шыңдалуына ерекше назар аударады. Оның қол астынан қаншама жас маман қанаттанып саналы өмірге жолдама алды десеңізші. Бюджетке салық және басқа да түсімдердің толық және мезгілімен түсуін қамтамасыз ететін орган – салық мекемесі. Олардың сапалы жұмысының нәтижесінде жалақы мен зейнетақының дер кезінде төленулері қамтамасыз етіледі. Салық заңнамасы көпсаланы қамтитын, әрі заман талабына сай жиі өзгерістерге ұшырайтын сала. Ал ауыл кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтары басшыларына бұл өзгерістер дер кезінде жете бермейді. Әрине, салық органдары тарапынан әртүрлі семинарлар өткізілгенмен, әр­түрлі сұрақтар бойынша, нақты жеке тұлғалардың мүлік, көлік салығы, патент есеп-қисабын, оңайлатылған декларацияны, мемлекеттік қызметкерлер үшін декларацияны толтыру сияқты ірілі-ұсақты мәселелер бойынша сұрақтар туындап отырады. Сол кезде Гүлнардың есіне әкесінің айтқаны түседі: «Балам, алдыңа келген адамға қол ұшыңды беруге әзір бол. Ол сенің алдыңа еріккенінен келмейді, көмегіңе мұқтаж болып келеді» дейтін үнемі. Міне, әкенің осы сөзі Гүлнарды қандай шырғалаң шақтарда да, кейде көңілі құлазып ойға батқанда да тапжылмайтын темірқазықтай өмір деген тылсымның бұралаң жолдарында адастырмай алға бастап келеді. Гүлнардың бүкіл өмірін, қала берді күнделікті тыныс-тіршілігін, жүріс-тұрысын мәнді де сәнді деп нық сеніммен айтуға болады. Өйткені, осы бір езуінен әркез күлкі кетпейтін тынымсыз жан қашан да ізденіс пен ілгерілеу үстінде. Бәріне үлгеріп, бәріне де үлгі көрсетуде. Не істесе де, құштарлықпен істейді. Бүкіл саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған, елі үшін адал қызмет етіп жүрген, киелі Нұра жерінде туып-өскен Гүлнар туған жерінің ең қымбат қасиеттерін өз тұлғасына жинаған. Оның «мемлекетке қызмет – елге қызмет» деген көпжылдық еңбегі бағаланып, облыс әкімінің, республикалық, облыстық салық органдарының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ал 2010 жылы «Қазақстан Республикасы Салық ісінің үздігі» атағы беріліп, омырауы­на арнайы төсбелгі тағылды. Шаршап-шалдығуды білмейтін, жаны нәзік, мінезі қайсар Гүлнар Мұқанова, міне, осындай жан. Бикен АХМЕТОВА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қарағанды облысы.