• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2015

Ұшақта қызанақ шырыны неге көп ішіледі?

359 рет
көрсетілді

Күнделікті өмірде қандай сусын ішесіз? Мысалы, кафе-мей­рам­ханаларға барғанда немесе қонақта болғанда. Байқасаңыз, адамдар көбіне алма мен апельсин, мультивитамин секілді шырынды ішеді. Бұл жерде қарапайым ауыз судан басқа газдалған және түрлі қоспасы бар сусындарды есепке алып отырғанымыз жоқ. Тойда не досыңыздың үйінде «маған қызанақ шырынын құйшы» деген адамды сирек кездестіретініңіз анық. Бірақ осы қызанақ шырыны көп ішілетін жер бар. Қайда? Аспанда. Ұшаққа мінген сайын өз-өзі­мізге таң қаламыз. Самсап келген сусынның ішінен бортсерік қызға қызанақ шырынын беруді өтінеміз. Әдетте, сусынның бұл түрін ішпейтініміз белгілі. Ал көкте бір емес, бірнешеуін ішетін кезіміз болады. Сосын қызанақ шырынын сұрайтын жалғыз біз емес секілді. Ұшаққа әр мінген сайын айналамызға жіті көз тас­тап отырамыз. Жұрттың басым бөлігі аталған сусынды алдыртып жатады. Кей кездері таусылып та қалады. Неге дейміз ғой. Былайғы кезде керек етпейтін сусынға көкте келе жатқанда тәбетіміздің тартатыны несі? Осы сұрақтың жауабын жақында таптық. Lufthansa әуе компаниясы осы мәселені арнайы зерттепті. Нәти­жесінде жолаушының әр төртіншісі дәл қызанақ шырынын ұнатады екен. Бұл шамамен компанияның қызметін пайдаланатын халықтың 27 пайызы. «Неге?» деген сұраққа олар былай деп жауап берген. Сұ­рау салынғандардың жартысы үнемі қызанақ шырынын ішіп жүргендерін жеткізген. Төрт­тен бірі ұшақтың ішінде қыза­нақ шырыны тәттірек болады деп ескеретіндерін айтқан. Ал қалған­дары ешбір себепті айтпай, болмаса жай ғана басқаларға ұқсап, қайталап тапсырыс бергенін жет­кізген. Қарап отырсаңыз, жауап біркелкі емес. Әртүрлі. Дегенмен, қызанақ шырынының әуеде жиі ішілетіні белгілі болып отыр. Қызанақ шырынының көпшілік арасында соншалықты ұнамды болуын өте оңай түсіндіруге болады. Биіктікте қысымның айырмасына байланысты астың дәмі төмендейді де, сондықтан тұз бен қант өз күш­терін 30 пайызға жоғалтады. Соның салдарынан қызанақ шырыны жерден гөрі, әуеде анағұрлым тәттірек болады екен. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.